Реформа • Бүгін, 09:10

Қоғам сенім мен орнықты дамуға мүдделі

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел болашағын айқындайтын маңызды құжат Ата заңның жаңа жобасын талқылау әлі жалғасып жатыр. Кеше Конституциялық реформа туралы комиссияның оныншы отырысы өтіп, қоғамды алаңдатқан негізгі өзгерістер мен ұсыныстар кеңінен қаралды. Мазмұны терең, түйткілді түйін мен талқыланатын тақырып та көп болды.

Қоғам сенім мен орнықты дамуға мүдделі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Меншік нысандары туралы маңызды ұсыныс

Қазір еліміз саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Сондық­тан шешім қабылдауда салғырттыққа салыну­ға болмайды. Мұны Ұлттық құрыл­тайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Осынау айрық­ша миссияны арқалаған комиссия мыңдаған азаматтан түскен өтінішті ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Жаңа Ата заңға ұсынылған әрбір тұжы­рым Конституциялық комиссияда қызу талқылаудан өтіп, ашық қоғамдық бағалаумен сүйемелденгенін кешегі отырыста саясаттанушы Марат Шибұтов баса айтты.

Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ата заң жобасында меншік нысандарының конституциялық анықтамасын кеңей­туді және олардың тең қорға­луын бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, инвестициялық тартым­дылық пен жайлы бизнес климат үшін кез келген экономикадағы меншік институтының мәртебесі аса маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі көзделген – мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде 5-6 түрлі меншік түрін бөліп көрсетеді.

«Финляндия, Литва, Латвия, Әзер­бай­жан мен басқа да ел­дерде мемлекет­тік және жекеменшікпен қатар, конституцияларында муниципалдық меншік түрі көрсетілген. Қытай, Бразилия, Үндістан конституцияларында оларға кооперативтік меншік қосылған. Бірқатар елде экономиканы әртараптандыру­ды ынталандыру мақсатында меншік түрлерінің тізбесі мүлдем шектелмеген», дей келе Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі жаңа Конституциядағы 8-баптың 1-тармағына өзгеріс енгізуді ұсынды.

Бұл – «Қазақстан Республи­касында меншіктің барлық нысандары танылады, кепілдендіріледі және тең дәрежеде қорғалады» деген норма.

«Ол тек мемлекеттік және жеке мен­шікті ғана емес, экономиканы әртарап­тандыру және ұлт әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету мақ­сатын­да бизнестің, қоғам­ның және мем­лекеттің ресурстары мен мүмкін­діктерін эконо­микалық айна­лымға кеңінен тарту мүмкіндігін аша­тын және қорғауды білдіретін бар­лық басқа да ықтимал нысандар­ды қолдауды білдіреді», деді А.Перуашев.

Адам мен азаматтық құқықтың аражігі

«Нархоз университеті» КеАҚ профессоры Виктор Малиновский жеке тұлғаның құқықтық мәртебесіне ар­налған жаңа Ата заң жобасының 14-бабы бойынша пікір білдіріп, бірқатар маңызды түзетуге назар аударды.

«Біріншіден, баптағы 14-баптың 2-тармағын адамның құқығы мен еркіндігі Қазақстан Республикасын­да қолданыстағы құқықтың мәні мен мазмұнын, қолдану тәртібін айқын­дайтыны туралы ережемен толық­тыру аса маңызды. Конститу­ция­да жария етілген адамның, азамат­тың құқықтары мен еркіндігі заң шығару­шы, атқарушы органдар мен сот билігі­нің кез келген заңын, заңға бағынысты, нормативтік және басқа да құқық­тық актісін қабылдауға негіз қалаушы критерий және мақсат болуға тиіс. Бұл жерде адамның құқықтары мен еркіндігінің мемлекеттік басқару, норма шығару, құқық пайдалану салаларында, сондай-ақ, мемлекеттің құқық қорғау қызметіндегі басымдығын айту орынды және жол беріледі», деді ғалым.

Заңгер жобадағы 14-баптың 3-тар­мағына Қазақстан Респуб­ликасы аза­матының құқықтары мен міндеттерін тікелей және екіұшты етпей бекіту керектігін айтады. Сондай-ақ ол Қазақ­стан азаматтарына жүктелетін міндеттердің аясына тоқталды.

«Адам құқықтары әрбір тұлғаға туғаннан берілетін, ешбір жағдайға тәуелсіз ең жоғары конституциялық құндылық болса, ал азаматтық құқықтар адамға тек оның азаматтық мәр­тебесіне байланысты ғана тиесілі әрі оның мемлекеттің саяси қауымдастығының мүшесі ретіндегі айрықша құқықтық мәрте­бесін білдіре­ді. Ондай құқық­тарға бәрінен бұрын сая­си құқықтар мен Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығы болған жағдайда ғана іске асыра алатын өзге де құқықтар мен заңдық мүдделер жатады. Сәйкесінше, азаматтық тек азаматтық құқықтарды ғана беріп қоймайды, сонымен қатар Конституциялық міндеттер де жүктей­ді. Ол міндеттер басқа тұлғалар­мен тең көлемде жүктелмейді. Ондай міндеттердің санатына Қазақстан Республикасын қорғау, әскери борыш өтеу, тарихи-мәдени мұраны сақтауда қамқорлық таныту, табиғатты қорғау және табиғи бай­лықтарға ұқыппен қарау сияқты тікелей Конституция мен заңдардан туындайтын міндеттер жатады», деді профессор.

Отырыста Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар кейбір құқық­тарды ел азаматтарымен тең дәрежеде пайдалана алатынын жеткізді. Әйтсе де мұндай құқықтар автоматты түрде емес, тек заңда тікелей көзделген жағдайларда берілетінін ескертті.

«Конституция бұл сұраққа анық әрі түсінікті жауап береді: иә, бірақ тікелей заңмен көзделген жағдайда ғана пайдалана алады. Яғни шетелдік­тер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары автоматты түрде туындамайды, Құрылтай көпшілік дауыспен тиісті заң қабылдаған жағдайда ғана пай­да болады. Ол заңда бұл құқықтар­дың көлемі, оларды пайдалану шарттары, сондай-ақ осы құқық иелеріне қатысты өзге тұлғалар мен мемлекеттің міндеттері нақты айқындалуы қажет. Бұл – мемлекеттік мүдде­лерді де, азаматтарды да және құқықтық жүйенің өзін де қорғай­тын адал әрі ашық тәсіл», деп атап өтті комиссия мүшесі. 

Түрлі көзқарас – табиғи заңдылық

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қоғам­дағы барлық ұсыныс­ты қоса алғанда, өзгерістер Конс­ти­­ту­ция жоба­сының 1 па­йызы­на да жетпейтінін мәлімдеді.

«Ата заң жобасы жарияланған сәттен бастап ол 95 баптан, 320 тар­мақтан тұрады. Соның ішінде небәрі 3-4 бап бойынша ғана қызу пікірталас жүріп жатыр. Қалған нормаларға азаматтар тарапынан қолдау бар. Нақтырақ айтқанда, 5-баптың 6-тар­мағы – жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамытуына қатысты, 9-баптың 2-тармағы – тіл мәселесі, 23-бап – сөз бостандығы, 62-бап – құрылтайдың таратылуына байланысты ұсыныстар түсуде. Бұл – маңызды мәселелер. Азаматтар пікір білдірген соң, біз жауапкершілікті терең сезінеміз. қоғам жобадағы 320 тармақтың 317-сін толық қолдап отыр. Бұл Конституция жобасының 99 пайызын халық қолдайды деген сөз», деді ол.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғам­­дық бірлес­тігінің төрағасы Бақты­қожа Ізмұхамбетов преамбулада әрбір азаматқа жалақы мен зейнетақы­ның ең төмен мөлшеріне, жасына, науқастануы­на немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға тікелей кепілдік берілгенін, сонымен қатар мемлекет әлеуметтік қамсыздандырудың және қайырымдылықтың түрлі нысандарын дамытуға жәрдемдесу міндетін алып отырғанын айтты.

«Бұл егде жастағы адамдар үшін қосымша қауіпсіздік береді. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың жеке қаражаты мен өмірін қорғауды да күшейтеді. Мемлекет банк салым­дар­дың, жинақтардың сақталуына және қаржылық операциялардың құпия болуына кепілдік береді. Сондай-ақ ел ардагерлері 3-бапта жоғары экологиялық мәдениетті қалыптас­тыру, табиғатқа ұқыпты қарау қағи­даты­ның алғаш рет конституциялық деңгей­де бекітілгеніне де риза», деген Б.Ізмұхамбетов ардагерлер қауымы осы әзірленген Конституция жобасын қолдайтынын жеткізді. 

Еңбек адамы – мемлекетшіл

Кәсіподақтар федерация­сының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ата заң жобасы әу бастан-ақ оның қоғамға және әрбір азаматтың өміріне ұзақмерзімді әсері ескеріле отырып әзірленгенін алға тартты. Оның айтуынша, өңірлерде және еңбек ұжымдарында өткен талқылаулар барысында адал еңбек етіп жүрген адамдардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелер көтерілген.

«Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын қолдады. Себебі ол көп жағдайда біз еңбек адамдарынан естіп отырған ой-пікірлермен сәйкес келді. Маңызды бағыт – ынтымақтастық қағидаты. Бұл – мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы ынтымақтастық. Тәуекелді жұмыскердің мойнына іле салу емес. Біржақты жауапкершілік те емес. Бұл – мемлекет белсенді қатысушы бола отырып, адамдардың тұрмыс жағдайына жауапкершілік алатын мүдделердің әділ теңгерімі. Жұмысшы үшін бұл – ең алдымен, ертеңгі күнге деген сенім. Мемлекет енді сандар мен есептердің айналасында емес, еңбек етіп, өнім өндіретін, еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететін адамдар айналасында құрылады. Мұнда ол өзінің нағыз шынайы мәніне қайта оралады», деді С.Дәулеталин.

Айта кетейік, волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» заңды және қоғамның дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы волонтерліктің маңызын ескере отырып, олар қолдау тапқанына назар аударды.

«31-баптың 2-тармағында Қазақ­стан Республикасында ерікті әлеу­меттік сақтандыру, әлеуметтік қам­сыз­дандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет және қайы­рымдылықтың ынталандырылатыны жөнінде толықтыру енгізілді. Бұл идеяны іске асыру жаңа Конституция жобасының басқа ережелерін үйлесім­ді түрде толықтырылады. Атап айтқанда, преамбула мен Қазақстан Респуб­лика­сының түбегейлі қағидаттарын, оның ішінде жауапты және жасампаз патриотизм идеяларын ілгерілету, еңбекқорлық құндылықтарын бекіту және тағы басқа», деді Б.Нұрмұханов.

Қорытындыласақ, жиында айтылған бастамалардың бәрі әзірге тек ұсыныс. Ал түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда көпшілік дауыспен қабылданады. 

Соңғы жаңалықтар