Еліміз «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәліздерін және Транскаспий бағытын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды транзиттік елге айналып келеді. Жолдар жөнделіп, пойыздар мен вагондар жаңартылды. Көлік қозғалысын бақылауға цифрлық жүйелер енгізілді. Халықаралық бағыттар саны көбейді. Бұл елдің өңірдегі транзиттік орталық ретіндегі орнын күшейтті.
2025 жылы транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 млн тоннаға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,6%-ға көп. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 34,6 млн тонна болған. Көлемнің өсуі көліктің барлық түрін қатар дамытуға байланысты болды. Автокөлік, теміржол, әуе және су көлігі бір бағытта жұмыс істеді. Сондай-ақ халықаралық әріптестік те кеңейді. Былтыр автожолдар мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жобалар іске асты. Ел аумағында құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары рекордтық деңгейге жетіп, барлығы 13 мың шақырым автожолды қамтыды. Көрсеткіштерге үңілер болсақ, мұндай көлемдегі жұмыс бұрын-соңды сирек жүргізілген екен.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы техникалық талаптарға сай бола түсті. Сонымен қатар ішкі шекаралардағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазір бұл бағытта кешенді жөндеу мен жаңарту шаралары қолға алынған. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін елімізде 37 өткізу бекетін толық аяқтау көзделіп отыр. Бұл жүк тасымалы мен жолаушылар қозғалысын жеңілдетуге, сондай-ақ шекарадағы кептелістерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жол саласын цифрландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде e-Joldar жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында әрбір автожолға арнайы цифрлық паспорт жасалады. Бұл паспорттарда жолдың техникалық жағдайы, қозғалыс қарқындылығы, жүктеме деңгейі мен пайдалану көрсеткіштері толық тіркеледі. Барлық мәлімет бір орталықтандырылған жүйеде сақталып, бақыланады. Жыл сайын жолдардың жағдайын тексеру үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Арнайы бағдарламалар жол төсеміндегі жарықшақтарды, ойықтарды, тозу белгілері мен басқа да ақауларды автоматты түрде анықтайды. Бұл жолдарды уақтылы жөндеп, ірі зақымдардың алдын алады.
Жол төсемін сақтау әрі ауыр жүк көліктерінің әсерін бақылау мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жұмыстары ілгері жүріп жатыр. Жалпы алғанда, мұндай стансалардың санын 220 бірлікке дейін жеткізу жоспарланған. Қазір олардың 71 бірлігі іске қосылып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл құрылғылар көліктердің салмағын бақылап, жолдың мерзімінен бұрын тозуына жол бермейді. 2025 жылы елімізде азаматтық авиация саласын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасты. Бұл бағытта әуе паркін жаңарту, халықаралық бағыттарды көбейту, әуежай инфрақұрылымына инвестиция тарту басты назарда болды. Соның нәтижесінде әуе кемелері паркі 109 бірлікке жетті. Оның ішінде 8 жаңа Airbus A320 ұшағы мен 4 Boeing 737 MAX 8 ұшағы сатып алынып, пайдалануға берілді.
2025 жылғы желтоқсандағы мәліметтерге сәйкес, еліміз аптасына жалпы саны 626 рейс орындайтын 135 халықаралық бағыт бойынша 30 елмен әуе қатынасын жолға қойды. Бұл бағыттар ТМД елдерін, Еуропаны, Таяу Шығысты, Азияны және Оңтүстік Шығыс Азияны қамтиды. Осылайша, еліміздің халықаралық әуе қатынасы айтарлықтай кеңейіп, жолаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қазір авиация саласында шамамен 25 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл саладағы қызметкерлер әуе рейстерінің үздіксіз орындалуына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына әрі техникалық қызметтің уақтылы көрсетілуіне жауапты. Осындай кадрлық әлеует саланың тұрақты жұмыс істеуіне негіз болып отыр.
Былтыр бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. Атап айтқанда, Арқалық әуежайын қалпына келтіру басталды. Сонымен қатар Алматы әуежайын дамытудың бас жоспары таныстырылды. Әуежайды жаңғыртуға арналған құны 362 млн доллар болатын «TAV Airport Holding» компаниясының инвестициялық бағдарламасы ұсынылды. Бұдан бөлек, «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүк және жолаушыларға арналған жаңа әуежай салу жөнінде жалпы құны 250 млрд теңгені құрайтын Инвестициялар туралы келісім жасалды.
Азаматтық авиация саласын дамытудың тағы бір маңызды қадамы ретінде пилотсыз авиацияны дамытудың 2025 жылдан 2031 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат дрондар мен ұшқышсыз аппараттарды заңды түрде пайдалану әрі олардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар нарыққа аз шығынмен жұмыс істейтін жаңа авиакомпаниялар кіре бастады. Былтыр 35-тен астам жаңа халықаралық бағыт ашылды. Оның ішінде Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу және Мюнхен қалаларына тікелей рейстер іске қосылды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ИКАО жүргізген аудиттің қорытындысы бойынша еліміздегі авиациялық қауіпсіздік пен рәсімдерді жеңілдету стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 320 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш – 2024 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға жоғары. Мұндай өсім көлік саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол желісін жөндеу жоспарланған. Қазір осы жоспар аясында 4,4 мың шақырымнан астам жолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 1 575 шақырымы 2025 жылы толық аяқталды.
2025 жылы теміржол саласында бірнеше ірі жоба іске асырылды. Соның бірі ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің пайдалануға берілуі болды. Бұл бағыттағы жүк тасымалдау мүмкіндігі айтарлықтай артты. Сонымен қатар ұзындығы 323 шақырым жаңа «Қызылжар – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба солтүстік пен орталық өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.