Президенттің айтуынша, білім саласында «экономизация», яғни қаржыны бей-берекет жұмсамай, жүйелі әрі нәтижелі пайдалану үдерісін жалғастыру қажет. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға басымдық берілуі тиіс.
Мемлекет басшысы маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларындағы өзгерістерден, әсіресе жасанды интеллект пен жаңа технологияларды игеру қарқынынан қалып отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, оқу бағдарламалары мен стандарттар жаңарғанша, нарықтағы мамандықтардың өзі өзгеріп кетеді.
Президент тек IT мамандарының санын көбейту немесе жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз екенін айтты. Елге жасанды интеллектіні түрлі салада тиімді қолдана алатын, нақты өндіріс пен қызмет көрсету үдерістерінде еңбек өнімділігін арттыратын кәсіби кадрлар қажет.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке нақты тапсырма жүктеді. Жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру ұсынылды. Президент бұл орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс екенін атап өтті.
Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды
Мемлекет басшысының пікірінше, бизнес өкілдері нарық талабын жақсы біледі әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Ал Үкімет өз кезегінде ережелерді айқындап, ашықтықты қамтамасыз етуге, сұранысты нақтылауға және тиімді шешімдердің кеңінен таралуына жағдай жасай алады.
Президент бұл қадам білім беру жүйесін экономиканың нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, елдің технологиялық дамуына серпін береді деп есептейді.