Саясат • Бүгін, 08:00

Газ саласын реттейтін құжат талқыланды

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша парламентарийлер бастамашылық еткен заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ Перумен жасалған үш шартты ратификациялау жөніндегі заң жобаларын қарады.

Газ саласын реттейтін құжат талқыланды

Депутаттықтан – жауапты қызметке

Отырыста Елнұр Бейсен­баевтың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс қабылданды. Ол бір­неше күн бұрын Мемлекет басшысының өкімімен Прези­дент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындалғаны белгілі.

Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұрынғы депу­татқа арнайы Алғысхат табыс­тады. Елнұр Бейсенбаев Парла­мент­тегі бесжылдық қызмет­тің оған үлкен саяси мектеп бол­ға­нын атап өтіп, әріптестеріне ризашы­лығын білдірді.

– Мәжілістегі бес жыл мен үшін үлкен саяси мектеп болды, мемлекетшілдік пен отаншыл­дықты терең ұғындым. Бүгін­де біз – жаңарған Ата заңның куәгеріміз. Жаңа Конституция­да елдің тарихи дәстүрі мен басты құндылықтары айқын көрініс тапты. Бұл – алдағы ұзақмер­зім­ді дамудың берік негізі. Осы маңызды құжатты әзірлеуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Конституциялық комиссия­ның әрбір бесінші мүшесі Мәжіліс депутаттарынан жасақталуы – соның айғағы, – деп сөзін түйіндеді Е.Бейсенбаев.

Әрі қарай Мәжілістің сала­лық комитеттері Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасын­дағы әскери-техникалық ынтымақ­тастық келісімін ратификация­лау және 1997 жылғы 27 ақ­панда жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері ара­сын­дағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобаларын жұмысқа қабылдады. 

Нарықтағы делдалдарға тосқауыл қойылады

Одан кейін депутаттар газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасын қарады. Құжатты Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат әзірлеген. Олардың айтуынша, заң жобасы үш негіз­гі жүйелік бағытты қамтиды. Біріншісі – газбен жабдықтау саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру. Екіншісі – тауар­лық газды үнемді әрі жауапты тұтыну қағидаттарын енгізу. Үшіншісі – сұйытылған мұнай газы нарығын реттеу мәселелерін жүйелеу.

– Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға елеулі көлемде бюджет қаражаты бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақтылы пайдалануға берілмей отыр. Негізгі себептер – жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқы­лықтары, олар көбіне нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады, сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы. Бүгінде объектіні беру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады (жергілікті атқарушы орган – Қаржы министрлігі – «Самұрық-Қазына» – QazaqGaz – QazaqGaz Aimaq). Соның салдарынан салынған көптеген объек­ті жергілікті атқарушы орган­дардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетілмей отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көгілдір отынды пайдалана алмай отыр, – деді мәжілісмен.

Е.Жаңбыршин делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе екенін жасырмады. Баяндама­шының айтуынша, бір газ құбы­рында екі газ тарату компания­сының қатар жұмыс істеп отыр­ғаны белгілі болған.

– Бұл «қос тарифтің» қол­да­нылуына әкеледі. Мұндай схема­­лардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтыну­­шы­лардың, негізінен халық­тың мойнына жүктеледі. Осын­дай тиімсіз делдалдарды болдыр­мау мақсатында газ тарату ком­па­ния­ларының магист­ралдық газ құбырына мін­детті түрде тіке­лей қосылуын заң­нама­лық тұрғыда бекіту ұсыны­лады, – деді ол.

Оған қоса қазіргі заңнама газ тарифіне келгенде қолданыстағы баға белгілеу жүйесі газды нақты тұтыну көлемін ескермей отыр. Өңірлердің климаттық ерек­ше­ліктері де назарға алынбайды. Мәселен, жылы өңірде орна­лас­қан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климат­ты аймақтағы осындай бас­пана­ға қарағанда газды көбірек тұты­на­ды. Бұл әлеуметтік әділет қағи­датын бұзып, газды үнем­деуге ынталандырмайды. Осыған байланысты депутаттар заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдануды ұсынып отыр.

Оның үстіне автогаз құю стансаларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. 3000 автогаз құю стансасының 90 пайызының сыйымдылықтары жерүстінде орналасқан, оның ішінде модульдік стансаларда бар. Дәл осындай стансаларда өткен жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыс болып, азаматтар қаза болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа автогаз құю стансалары үшін сыйымдылықтарды жерастына орналастыруды міндеттеу көзделген.

Өткен жылы елімізде сұйы­тыл­ған газға сұраныс 2 млн тонна болды. Ал өндірілгені небәрі 1,8 млн тоннаны құрады. Мәжіліс­мендер газ тапшы­лы­ғы бүгіннің өзінде байқа­лып отырғанын айтты. Жағдайдың ушығуына автогаз бекеттерінің бақылаусыз көбей­гені де әсер еткен. Осы себеп­ті өңір әкімдеріне газ құю беке­ті­нің санын шектеу құқығын беру қажет дейді. Олардың пайымын­ша, бұл шара стратегиялық ресурс са­налатын сұйытылған мұ­най газын әділ, қауіпсіз әрі тиім­ді пай­далануға мүмкіндік береді. 

Газ тапшылығын болдырмайтын тетіктер керек

Үкіметтен талқылау кезінде депутат Мархабат Жайымбетов газ тапшылығы болған кезде ресурс­тық базаны ұлғайту қандай жолдармен жоспарланғанын сұрады.

– Ішкі газ тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жеткен. Өңірлерді белсенді газдандыру деңгейі қазір – 64,2 пайыз. Болжамды бағалауға сәйкес 2028 жылға қарай газ тапшылығы болуы – ықтимал. Егер нақты ше­шім­дер қабылданбаса, ертең бұл мәселе әлеуметтік және эконо­микалық салдарға ұласуы мүм­кін. Біріншіден, газдың ресурс­тық базасын ұлғайту қан­дай жолдармен жоспарланып отыр? Екіншіден, өңірлерді қам­тамасыз ету үшін қандай геоло­гия­лық барлау жұмыстары атқа­рылады? – деп сұрады депутат.

Бұл сауалға Энергетика ми­нистрінің орынбасары Қайырхан Тұтқышбаев жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда QazaqGaz-да ресурстық база 14 нысан бойынша барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шамамен 515 млрд текше метр газды құрайды.

– Бұған қоса біз қазір геология комитетімен бірлесе QazaqGaz портфелін 30 нысанға дейін көтеру жоспары бар. Сондай-ақ министрлік өз тарапынан биыл 50-ге жуық объектіні аукционға шығарады. Бұл газдың болжамды қорлары бар учаскелер және газ саласына инвестициялар тартуға үлкен септігін тигізеді. Бізде газ өңдеу, өндіру зауыттары салынып жатыр. Біреуі жыл аяғына дейін Қашаған кен орнында пайдалануға беріледі. Келесі жылы Жаңаөзенде газ өңдеу за­уыты жөндеуден өтеді. Осы­лай­ша, ресурстық база ұлғаяды, – деді вице-министр.

Ал депутат Ерлан Саиров бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақ­стан облыстарында ауылдағы ағайын әлі тезек, көмірмен отыр­ғанын жеткізді.

– Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz-дың жұмысын қатаң сынға алды. Өндіретіні 350 млн куб, 10 мың адам жұмыс істейді. Былайша айтқанда, айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады. XXI ғасырда тезек пен көмірмен отыру деген – ең ұят нәрсе. Салалық министрліктің өкілі «Шығыс Қазақстанға газды апарудың ауы­лы алыс» деп айтып отыр. 10 мың кофе ішетін адамды босатып, ақшасын газды тартуға жіберу керек. Бұл – халықтың ақшасы. Мемлекет басшысының сынынан қандай қорытынды жасалды? – деп нақтылады Е.Саиров.

Қ.Тұтқышбаев министрлік компанияның геологиялық жұмыстарды өткізуіне ден қойып отырғанын қайыра айтты.

– Ресурстық базаны кеңейту үшін сәйкес жұмысты геология комитетімен бірлесе жұмыс жасадық. Бұған қоса активті фаза түрінде зауыттар салынып жатыр, – деді ол.

Жалпы отырыстан кейін кулуарда журналистерге вице-министр солтүстік өңірлер бо­йынша өткен жылы Ресеймен Санкт-Петербург қаласында меморандумға қол қойылғанын, бірінші газ 2030 жылы Есіл-Астана жобасы аясында келуі мүмкін екенін мәлімдеді.

– Бұл – Астанадан Көкшетау қаласына, Көкшетаудан Петро­павл қаласына дейін тартылатын құбыр. Жоба іске асқанда солтүстік өңірлер толыққанды газ­бен қамтылады. Шығыс Қазақ­стан өңіріндегі мәселені екі тараппен шешеміз. Бірінші жоспарға сәй­кес, Қытай мен Ресей арас­ын­дағы келіссөздер нәтижесінде газ құбыры шығыс өңіріміз ар­қылы тартылса, онда Шығыс Қазақстан мен Абай облыс­­тарының бүкіл ауданын көгіл­дір отынмен қамту­ға мүмкін­дік болар еді. Алайда бұл келіссөз­дер Қытай мен Ресей арасын­да ғана өтіп жатыр, оған Қазақ­стан қатыспайды, – деді Қ.Тұтқышбаев.

Сондай-ақ ол төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысын­да салынуы мүмкін екенін айт­ты. Бүгінде сарапшылық қауым­дастық тиісті есептеулер жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сүйенсек, бұл нысан салынған жағдайда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін болады. 

Құқықтық ынтымақтастық кеңейеді

Мәжіліс Қазақстан мен Перу Республикасының ынты­мақ­тастығына қатысты үш заңды қабылдады. Біріншісі – тарап­тардың өзара ынты­мақтастығы мен қылмыстық істер жөнінен өзара құқықтық көмек арқылы қылмыстың алдын алу, тергеу, қылмыстық қудалау және жолын кесу тиімділігін арт­тыру. Екіншісі – бас бостандығы­нан айыруға сотталған адамдарды өздері азаматтары саналатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру тәртібі мен шарттарын айқындау мәселелерінде тиімді ынтымақтастық орнату. Құжат бойынша бір тараптың аумағында сотталған адам белгіленген жазаны өтеу үшін екінші тараптың аумағына берілуі мүмкін.

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, үшінші құжат тарап­тардың аумағында жүрген, ұстап беруге жататын қылмыстары үшін қудалау мақсатында немесе соттың заңды күшіне енген үкімін орындауда іздеуде жүрген кез келген адамды ұс­тап беру бөлігінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған.

Отырыстан кейінгі брифингте Ғ.Қойгелдиев БАҚ өкілдері­нің сұрақтарына жауап қатты. Былтыр қыркүйек айының басында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны жарияланған еді. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді. Журналистер нақты қандай шаралар қабыл­данғанын сұрады.

– Қ.Қожамжаровқа қатысты іс қозғалды, қазір тергелу сатысында. Осы іс-шаралар аяқ­талғаннан кейін, қандай шешім қабылданатыны белгілі болады. Оған қатысты статусы белгіленген жоқ, – деді Ғ.Қойгелдиев.

Енді қыз алып қашқан жігіт қана емес, қасындағылар да сотты болуы мүмкін. Бас прокурор­дың орынбасарының айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінен бастап заңнамаға өзгерістер енгізіліп, «некеге мәжбүрлеу» және «сталкинг» баптары бөлек қарастырылған.

– Жаңа бап аясында жауап­кершілік тек қылмысты тікелей жасаған адамға ғана емес, оған қатысы бар өзге тұлғаларға да жүктелуі ықтимал. Бұл баптың санкциясы өте қатаң – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қа­рас­тырылған. Ал сталкинг бо­йынша 50 тәулікке дейін қамақ жазасы бар. Айта кетейін, қысқа мерзімнің ішінде сталкинг бо­йынша 60-тан аса іс қозғалды, олар­дың бірқатары сотқа жолданды. Ал некеге мәжбүрлеу факті­лері бойынша 40-тан аса іс тіркел­ді. Оның алтауы қазір сотта қаралып жатыр, сотталғандар да бар, – деді ол. 

Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40