Сурет: baq.kz
Кездесуде тау-кен металлургия кешені өкілдері Ата заңды жаңартуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын білдіріп, реформалардың саланың орнықты дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Отырысты палата президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев ашып, комитеттің ел экономикасының нақты секторын таныстыратын аса маңызды саланы біріктіретінін айтты. Оның айтуынша, тау-кен металлургия кешенінде бүгінде 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл – тұрақтылықты, болжамды саясатты және ертеңгі күнге деген сенімді ең жоғары құндылық санайтын еңбек адамдары. «Саланы дамыту орнықты саясатты, терең пайымды және мемлекетпен тұрақты диалогті талап етеді. Сондықтан елде жүргізіліп жатқан өзгерістер біз үшін ерекше маңызды», деді Қ.Шарлапаев.
Комитет төрағасы Николай Радостовец өз сөзінде елімізде жүріп жатқан реформалардың жүйелі сипатына тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер – формалды жаңару немесе «өзгеріс үшін өзгеріс» емес, мемлекетті институционалдық тұрғыдан күшейтуге бағытталған нақты қадамдар. Ол жаңа Конституция жобасының өзегінде адамға бағдарланған қағидат жатқанын атап өтті. Азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктері, бастамашылдығы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындалып отыр. «Бұл – ашық, заманауи және дамуға бейім мемлекет қалыптастыруға ұмтылыстың көрінісі. Саяси жүйе жаңарып келеді. Ол дамыған елдерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан институционалдық қағидаттарға сүйенеді. Ендігі жерде қоғамдық-саяси өмір жекелеген тұлғалардың амбициясы төңірегінде емес, қоғам қолдайтын бағдарламалар негізінде құрылуға тиіс», деді комитет төрағасы.
Ал Бағалы металдар өндірушілері республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Баитов конституциялық реформаның инвестициялық ахуал үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Ата заңдағы өзгерістер бизнес пен инвесторлар үшін ережелердің тұрақтылығы мен түсініктілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Тау-кен металлургия кешені – ұзақ инвестициялық желісі бар, капиталы көп салаларға жатады. Сондықтан меншік құқығының қорғалуы, заң үстемдігі мен кәсіпкерлікке берілетін кепілдіктердің күшеюі біз үшін шешуші фактор», деді Қ.Баитов.
Ол сондай-ақ сот жүйесінің тәуелсіздігі мен құқықтық тәуекелдердің азаюы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға тікелей әсер ететінін айтты. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлердің дамуына, қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында қатысушылар конституциялық реформалардың орнықты даму, экологиялық жауапкершілік және келер ұрпақ алдындағы міндеттермен тығыз байланысты екенін атап өтті. Негізгі заңдағы жаңашылдықтар саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға және тиімді шешімдер енгізуге жол ашады. Кездесу қорытындысында тау-кен металлургия кешенінің өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, салалық қауымдастықтарды қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырды. Негізгі заңды жаңарту бүкіл қоғамның, кәсіби ортаның және өңірлердің ортақ ісіне айналуға тиіс деген ортақ пікір айтылды.