Саясат • Бүгін, 08:00

Саяси жүйені нығайту қадамы

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшім­­баев Алматы қаласында мәсли­хат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кез­десті. Іс-шаралар барысын­да жаңа Конституция жоба­сы­ның негізгі мәні мен алда­ғы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұ­мыс­­тың басым міндеттері тал­қыланды.

Саяси жүйені нығайту қадамы

Мәулен Әшімбаев кездесуде қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл саяси бағдар әділет, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарға табан тірейтінін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылай­ша, 15 наурызда азаматтар өз таң­дауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жо­лындағы маңызды қадам. Жаңа Ата заңда мемлекеттілікті нығай­туға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арт­тыруға баса мән берілген. Сондықтан конституциялық реформа заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қор­ғауға, қоршаған ортаға жанашыр­лықпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізі екенін айтты. Құжат­та елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға берік кепіл болатын басымдықтар қамтылған. Бұл жаңа Ата заңның адамға бағдарлануын, мазмұнының айқындығын және қоғамды ұйысты­рушы рөлін айқын көрсетеді.

«Жаңа Конституция жобасы – өткеннің инерциясынан саналы түрде арылып, заманауи мем­лекеттік модельге көшу. Ата заң­дағы тұжырымдамалық өзгерістер­дің бірі адам құқықтары мен бостан­дықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екені анық. Жаңа Конституцияда дәл осы қа­ғида мемлекеттік құрылым жүйе­сінің іргетасына айналады. Бұл – «Әділетті Қазақстан» идеясын дек­ларация деңгейінде емес, нақты конституциялық нормалар арқылы жүзеге асыру деген сөз», деді палата спикері.

М.Әшімбаев жаңа Конституция жобасын тарихи құжат деп атап, бұл шешім қоғамдық келісімнің жаңа үлгісіне көшу және ішкі сұраныстар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген уақтылы жауап екенін де тілге тиек етті. Ол конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыдан ілгерілетудің маңызына тоқталып, осы идеяларды нақты тетіктерге, алдағы уақытта қабылданатын заңдарға және құқық қолдану тәжірибесіне тиімді енгізу қажет екенін айтты.

«Жаңа Конституция алдағы жылдарда еліміздің тұрақты, қауіпсіз әрі серпінді дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік және саяси құрылымды қалыптастыруға негіз болады. Бұл қадам қазіргі және келешектегі сын-қатерлерді еңсере алатын тиім­ді жүйе құруға жол ашады. Қазір егемендікті күшейтуге, тәуелсіздікті нығайтуға, еліміздің қуатты дамуына жағдай жасауға және азаматтардың әл-ауқа­тын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Сонда ғана Қазақстан әлемдік экономика мен саясатта лайықты орнын иелене алады», деді Сенат төрағасы.

Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері алдағы референдум аясын­дағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныс-ойларын айтып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Сапар аясында Сенат төрағасы Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техника­лық базасымен, оның ішінде БҰҰ кабинетінің және білім ордасын­дағы музейдің қызметімен таныс­ты. Сондай-ақ қалалық кітапхана ұжымы­мен және мегаполистің бел­сенді жастарымен кездесті. Одан бөлек, сенаторлар Yandex Qazaqstan-ның кеңсесіне барып, еліміздегі цифр­лан­дыру үдерістерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.