Спорт • Бүгін, 08:30

Жарыс күнделігі

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нысана көздеуден Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев Нью-Дели (Үндістан) қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бас жүлде олжалады.

Жарыс күнделігі

50 метрлік қашықтықтан жатып ату сайысында мерген мүлт кетпеді. Күміс медальды тағы бір жерлесіміз Никита Шахторин иеленді. Ислам мен Никита Константин Малиновскиймен бірге командалық жарыста да алдарына жан салмады. Жоғары жылдамдықты тапанша атуда (25 метр) құрамында Никита Чирюкин, Артемий Кабаков, Кирилл Цурканов сынды серкелері бар еліміздің құрамасы теңдессіз деп танылды. Жекелеген сайыста Н.Чирюкин күміспен күптелді.

  • Қазақтың белгілі еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан 13 ақпанда Бішкекте өтетін Super 4 Wrestling турнирінде күш сынасады. Қандасымызға 97 кг салмақ дәрежесінің бас жүлдесін олжалау үшін Әлихан Кцоев (Ресей), Ахмед Батаев (Болгария), Мераб Сулейманишвили (Грузия) сынды белді балуандардан басым түсу қажет.

т

  • 25 ақпан – 1 наурыз аралығында Албания астанасы – Тиранада ұйымдас­тырылатын Мұхамет Мало мемориалында еліміздің грек-рим күресі шеберлері қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Жарыста Марлан Мұқашев, Арсен Жұма (55 кг), Исхар Құрбаев, Ербол Қамалиев, Ақжол Тұяқов (60 кг), Еркебұлан Ардақов, Ернұр Фидахметов, Бақытжан Кабдыл (63 кг), Мейіржан Шермаханбет, Ержет Жарылқасын (67 кг), Николай Хапко, Данияр Қаленов, Алматбек Аманбек (72 кг), Каһарман Қисметов, Мерей Мәулетқанов (77 кг), Демеу Жадыраев, Диас Қален, Әлмир Төлебаев (82 кг), Ислам Евлоев, Шәміл Ожаев, Бауыржан Мусин (87 кг), Юсуф Мациев, Нұрасыл Аманәлі, Райымбек Тұрсын (97 кг), Әлімхан Сыздықов, Жохар Ұзаров, Олжас Сырлыбайға (130 кг) сенім артылып отыр.

р

  • Араб түбегінде аяқталған «Оман туры» көпкүндігінде «XDS Astana Team» клубының велошабандоздары Кристиан Скарони мен Кристиан Родригес алғашқы екі орынды олжалады. Жеңімпаздың уақыты – 19:33:16. Родригес Скарониден 24 секунд қалып қойды. Осы табысының арқасында елордалық команда (2488 ұпай) әлемдік рейтингте көш бастады. Екінші, үшінші орындарға БАӘ-нің «UAE Team Emirates – XRG» (2457 ұпай) пен Аустралияның «Team Jayco AlUla» (2100) клубтары жайғасты.
  • Әйелдер күресінен еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болып Нұрсұлтан Теміров тағайындалды. 2014 жылдан бері жаттықтырушылық қызмет атқаратын білікті маман бір топ танымал балуанды тәрбиеледі. Олардың қатарында әлем чемпионатында үш күміс, бір қола медаль иеленіп, төрт дүркін Азия чемпионы атанған Жәмилә Бақбергенова да бар.