Оқиға • Бүгін, 15:40

Ұлттық банк ескертеді: Төлем картасын бұғаттау арқылы жасалатын алаяқтық көбейді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банк төлем карталарына қатысты алаяқтықтың жаңа, әрі өте қауіпті түрі белең алғанын мәлімдеді. Алаяқтар бұл жолы азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, олардың картасын өз еркінен тыс бұғаттау арқылы шотына қол салуды көздеп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық банк ескертеді: Төлем картасын бұғаттау арқылы жасалатын алаяқтық көбейді

Фото: istockphoto.com

Банк мәліметінше, алаяқтардың әрекеті фишингтік сайттар мен әлеуметтік желілерден жиналған деректерден басталады. Олар клиенттің атынан банкке хабарласып, «картамды жоғалттым» деген желеумен оны бұғаттауға қол жеткізеді. Осыдан кейін алаяқтар зардап шегушіге қоңырау шалып, өздерін «қауіпсіздік қызметі» ретінде таныстырады. «Шотты бұғаттан шығарамыз» немесе «қаражатты қауіпсіз жерге аударамыз» деген алдаумен SMS-код пен құпия парольдерді иемденіп алады.
«Төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл-орталығына хабарласқан дұрыс. Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді», делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, банкомат маңында «картам зақымдалды» деп басқаның шотына ақша аудартуға көмек сұрайтын «кездейсоқ жолаушылардан» да сақ болған жөн. Мұндай «көмек» сізді байқаусызда дропперлік (қылмыстық ақшаны жылыстату) әрекетке итермелеп, заң алдында жауапқа тартуы мүмкін.

«Банк картасы мен оның деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, әркез қырағы жүруге және кез келген ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы колл-орталығына қоңырау шалып, тексеріп алуға кеңес береді.

Ұлттық банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне ақшалай салым салуды ұсынбайтынын, қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте газ құбырынан өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 16:35

Алматыда жер сілкінді

Оқиға • Бүгін, 15:22