Ата заң • Бүгін, 12:03

Абзал Құспан: Конституциялық сот азамат пен мемлекет арасындағы төреші болады

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі таңда қоғамда жаңа Конституция жобасының маңызы мен ықпалы жөнінде пікірлер қызу талқыланып жатыр. Осы орайда заңгер әрі депутат Абзал Құспан Egemen.kz тілшісіне берген сұхбатында жобаның мән-маңызын түсіндірді.

Абзал Құспан: Конституциялық сот азамат пен мемлекет арасындағы төреші болады

– Абзал Темірғалиұлы, жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі неде? 

– Бұл жобаның қолданыстағы Конституциядан негізгі айырмашылығы – адамға бағытталғандығы. 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданды. Ол кезде басты міндет – мемлекеттілікті қалыптастыру, институттарды нығайту, билік жүйесін орнықтыру болды. Кейінгі өзгерістер де осы бағытты жалғастырды. Ал жаңа жоба – мемлекетті қалыптастыру кезеңінен азаматқа қызмет ететін мемлекет кезеңіне өтуді білдіреді. Яғни құжаттың философиясы өзгереді: мемлекет орталықта емес – адам орталықта.

Ата заңның жаңа жобасында құқықтар мен бостандықтарды қорғау тетіктері қаншалықты күшейтілген?

– Құжаттың рухы преамбуладан-ақ көрінеді: Әділетті Қазақстан, Заң және тәртіп қағидаттары конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл декларация емес, нақты құқықтық тетіктермен толықтырылған. Атап айтар болсақ, азаматтың қадір-қасиетін қорғау нормалары күшейеді, адвокатура институты Конституция деңгейінде бекітіледі, қылмыстық процестегі қорғану құқығы ерте кезеңнен басталады, халықаралық құқықтық стандарттар енгізіледі. Құқықтар жай жарияланбайды, оларды қорғаудың процедурасы бекітіледі.

Құқықтық мемлекет қағидаларының нығаюына және реформаларды іске асыруға қандай оң әсері болады деп ойлайсыз?

– Мен заңгер ретінде «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше тоқталғым келеді. Бұл енді саяси ұран емес – конституциялық принцип. Құқықтық мемлекет тек заң қабылдаумен құрылмайды. Ол үш шарт орындалғанда қалыптасады. Ол үшін заң әділ болуы керек, барлығына бірдей қолданылуы қажет, міндетті түрде орындалуы тиіс. Егер біз осы үш элементті қамтамасыз етсек – кез келген реформа жұмыс істейді. Қамтамасыз ете алмасақ ең мінсіз заңның өзі қағаз күйінде қалады.

Ақтөбелік жастар Конституцияның жаңа жобасына қолдау білдірді

Бұл құжаттың қазіргі саяси-құқықтық жүйе үшін тарихи маңызы неде?

– Қазіргі әлем – тұрақсыз геосаясат, цифрлық технологиялар, жаңа қауіптер дәуірі. Мемлекет бұрынғы тәсілдермен өмір сүре алмайды. Жаңа Конституция – мемлекетті басқару моделінің эволюциясы. Біз енді «мемлекетті сақтау» кезеңінен «қоғамды дамыту» кезеңіне өтеміз. Ал нақты тарихи бағасын болашақ береді. Біздің міндет – сапалы құқықтық негіз қалыптастыру және оның орындалуын қамтамасыз ету.

Адам құқықтары саласында қандай нақты өзгерістер бар?

– Ең маңызды жаңалықтардың бірі – халықаралық тәжірибеде Миранда қағидасы деп аталатын стандарттың енгізілуі. Бұл нені білдіреді? Азамат ұсталған сәттен бастап не үшін ұсталғанын біледі, үндемеуге құқылы, адвокат шақыра алады, берген жауабы өзіне қарсы дәлел болатынын біледі. Бұрын бұл құқықтар заңдарда болғанымен, іс жүзінде формалды қолданылатын жағдайлар кездесетін. Адам көбіне алғашқы жауапты құқықтарын толық түсінбей тұрып беретін. Енді бұл конституциялық кепілдік болады. Яғни талап сақталмаса – бүкіл дәлелдің заңдылығы күмән тудырады. Бұл өте маңызды қағида: Конституция тек «жаза әділ болсын» демейді, процесс әділ басталсын дейді. Сонымен қатар адвокатураның Конституцияда бекітілуі – қорғаушыны жай қатысушы емес, адамның негізгі құқықтарының кепілдігі ретінде тану.

Маңғыстауда «Қазақстан темір жолы» ұжымы референдумға қатысуды қолдады

Конституциялық сот немесе өзге де құқықтық институттардың рөлі арта ма?

– Иә, айтарлықтай артады. Маңызды жаңалық – халықаралық шарттардың үстемдігі автоматты болмайды. Егер Конституцияға қайшы келсе, оның сәйкестігін Конституциялық сот анықтайды. Бұл норма екі мәселені шешеді: азаматтың конституциялық құқығын нақты қорғайды, мемлекеттің құқықтық егемендігін күшейтеді. Конституциялық сот іс жүзінде азамат пен мемлекет арасындағы төрешіге айналады.

Жаңа Конституция құқықтық мемлекет қағидатын қаншалықты нығайтады?

– Преамбуладағы қағидаттар, Конституциялық сот, адвокатура мәртебесі – барлығы бір жүйені құрайды. Құқықтық мемлекет бір баппен емес, институттар арқылы жұмыс істейді. Жаңа Конституция дәл осы институционалдық модельді қалыптастырады.

Бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлықпен күреске қалай ықпал етуі мүмкін?

– Конституция тікелей антикоррупциялық құрал емес – ол негізінен рамалық құжат. Бірақ «Заң және тәртіп» қағидаты орнықса, жемқорлық құқықбұзушылықтың бір түрі ретінде табиғи түрде азаяды. Негізгі мәселе – құқықты қолдану сапасы. Конституция бағыт береді, нәтиже тәжірибеде көрінеді.

Гидротехниктер жаңа Конституция бойынша референдум өткізуді қолдады

Конституция жобасын талқылау процесі қаншалықты ашық өтті деп ойлайсыз?

– Бүкіл ел куә – комиссия отырыстары тікелей эфирде өтті, қоғамда кең пікірталас жүрді. Бұл тәуелсіз Қазақстандағы ең ашық конституциялық талқылаулардың бірі деп айтуға болады.

Халық бұл өзгерістердің нәтижесін қаншалықты тез сезіне алады?

–  Бұл мәтінге емес – орындалуына байланысты. Сондықтан нақты мерзім айту дұрыс емес. Өз басым осы құжаттың қабылдануына да, іске асуына да күш саламын және баршаны соған шақырамын. Өйткені бұл – мемлекет үшін емес, өзіміз және болашақ ұрпақ үшін қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар