Ата заң • Бүгін, 15:48

Үнзила Шапақ: Конституция туралы айтқанда билікті ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілікті де ойлайық

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Конституциялық реформа құқықтық өзгерістердің жиынтығы ғана емес. Бұл – қоғамның өзі туралы түсінігінің өзгеруі, мемлекеттің кімге және не үшін қызмет ететінін айқындайтын құжат. Осы тұрғыдан алғанда, Ата заңның жаңа мазмұнын заңгер, мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ұсынған тұжырымдар арқылы сараптап көрдік.

Үнзила Шапақ: Конституция туралы айтқанда билікті ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілікті де ойлайық

Әуелі аз-кем шегініс жасайық. 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы, ең күрделі кезеңінде қабылданды. Ол кезде ел алдында мемлекетті сақтап қалу, басқару жүйесін орнықтыру, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сондықтан Ата заңның рухы посткеңестік, өтпелі сипатта қалыптасты. Мемлекет мүддесі алдыңғы қатарға шығып, адам құқықтары көбіне сол мүдденің аясында қарастырылды. Ұлттық бірегейлік пен тарихи сабақтастық жалпы сипатта ғана айтылып, нақты өркениеттік бағдар айқындалмады.

Сол кезеңдегі Конституцияны дайындауға небәрі 12 адам ғана қатысқан. Олардың қатарында Юрий Басин, Владимир Ким, Анатолий Котов секілді заңгерлер болды. Үшеуі шетелдік сарапшы еді. Бұл да сол уақыттағы кадрлық және зияткерлік жағдайдың көрінісі болатын. Билік жүйесі қатаң орталықтандырылып, негізгі шешімдердің барлығы Президентке тәуелді болды. Президент өкілеттігіне нақты шектеу қойылмай, қайта сайлану мүмкіндігі сақталды. Конституциялық сот, Құрылтай сияқты институттар қарастырылмады. Сондай-ақ Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік басқару жүйесіне араласуына құқықтық тосқауыл болған жоқ.

Конституция күні 15 наурызда аталып өтуі мүмкін

Осындай жағдайда қабылданған Конституция елді ұстап қалуға, басқару тетіктерін қалыптастыруға қызмет етті. Алайда уақыт өткен сайын қоғамның өзі де есейді. Адамның құқығы мен қадірін тек мемлекеттің мүддесіне тәуелді ету жеткіліксіз екені анық байқалды. Ұлттық бірегейлік жайлы жалпылама тұжырымдар енді нақты мазмұнмен толуы тиіс деген талап күшейді. Кеше мемлекет өзін сақтау үшін алға шықса, бүгін адамды қорғау мемлекеттің басты міндетіне айналып отыр. Осы өзгеріс жаңа Конституциядан да өз ізін табуы заңды еді.

Осы тарихи ахуалды ескере отырып, Үнзила Шапақ жаңа Конституцияның ең алдымен идеялық мазмұнына назар аудару қажет екенін айтады.

«Мемлекет басшысы Конституция кіріспесінде яки преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңызды екеніне ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз», дейді Үнзила Шапақ.

Бұл көзқарас жаңа Конституцияның 2026 жылы мүлде басқа қоғамдық жағдайда қабылданғанын айқын көрсетеді. Қоғам саяси тұрғыдан есейді, билік пен азамат арасындағы қатынас жаңа сапалық деңгейге өтті. Осы өзгерісті Үнзила Шапақ Конституцияның мазмұны арқылы былайша тарқатады:

«Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуға тиіс. Мәдениет, Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет екенін нақтылаймыз. Сонымен бірге мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі».

Абзал Құспан: Конституциялық сот азамат пен мемлекет арасындағы төреші болады

Үнзила Шапақ жаңа Конституцияның билік жүйесіне әкелген өзгерістеріне де арнайы тоқталады. Оның айтуынша, бұл жолы билік бір орталыққа шоғырланбай, тепе-теңдік пен өзара бақылау қағидаттары күшейтілді. Конституциялық сот, Құрылтай, вице-президент институттары енгізілді. Президент бір ғана мерзімге, жеті жылға сайланады. Президенттің туыстарының билік пен мемлекеттік қызметке ықпал етуіне заңмен тыйым салынды.

Халық егемендігі мәселесіне келгенде, ол халықаралық құқықпен толық үйлесетін нормалар бекітілгенін атап өтеді.

«Конституция жобасында мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені туралы норма бекітілуі халық егемендігі қағидатын тікелей көрсетеді және БҰҰ Жарғысына, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке толық сәйкес келеді», дейді ол.

Халықаралық міндеттемелерге қатысты ұстаным да нақты айқындалған.

«Осылайша, 5-баптың 1-тармағы туралы қысқаша тұжырымдап айтсам, Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды, керісінше оны қолданылатын құқықтың, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құрамдас бөлігі ретінде мойындайды. Яғни, біз халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқықтың бөлігі ретінде танимыз, оларды заң талаптарына сәйкес қолданамыз және оларды жариялаймыз, өйткені олар қоғамдық қатынастар субъектілері үшін міндетті жүріс-тұрыс ережелерін белгілейді», дейді депутат.

Саяси жүйедегі өзгерістердің маңызды бөлігі ретінде Үнзила Шапақ Парламент құрылымының жаңаруын айтады. Жаңа Конституцияға сәйкес елде бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады. Құрылтайға 145 депутат пропорционалды жүйемен бес жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар Халық кеңесі атты консультативтік орган құрылады. Оның құрамына этностардың, қоғамдық ұйымдардың және өңірлік мәслихаттардың өкілдері енеді. Кеңес ішкі саясат бойынша ұсыныс беріп, қоғамдық келісімді нығайтуға, заң жобаларын ұсынуға және референдум бастамасын көтеруге құқылы.

Құрылтай мен Халық Кеңесінің құзыреті қандай?

Сайып келгенде, жаңа Конституция адамды, оның қадір-қасиеті мен моральдық жауапкершілігін алдыңғы орынға шығарып, қоғамды сол өлшеммен өмір сүруге бағыттап отыр. Бұл құжат жүйені өзгертумен ғана шектелмейді, ол елдің өзіне қоятын талабын да айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция елдің болашағын сыртқы қалыппен емес, ішкі құндылықтармен өлшеуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар