Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Әлеуметтік көмек – мемлекеттің атаулы қолдау шарасы және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі.
Министрліктің хабарлауынша, көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, белгіленген талаптарға сәйкестігі құжат жүзінде расталған жағдайда ғана мүмкін болады.
«eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автоматты түрде тағайындалуына кепілдік бермейді.
Көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады», делінген хабарламада.
Барлық түскен өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.
Сала министрлігі азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырып, жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапқа тартылатынын еске салады.