Талбесік • Бүгін, 08:55

Арал табанын қалай оазиске айналдырамыз?

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанада осы жылдың сәуір айын­да өтетін өңірлік экология­лық саммит қарсаңында Аралдың тағдыр-талайына қатысты мақаланы ұсынып отырмыз. Автор Арал теңізі сынды заман проблемасын шешуге инженерлік прогресс тұрғысынан жаңа көзқарас ұсынады.

Арал табанын қалай оазиске айналдырамыз?

Орталық Азияның халық шығарма­шы­лығында Арал теңізі бұрыннан «Шөл даланың көгілдір меруерті» деп аталған. Бірегей «асыл тасымыз» – Тұран ойпатында, Үстірттің тастақ жонының шығыс жиегінде, аса үлкен екі шөлдің түйіскен тұсында жатыр: оңтүстігінде Қарақұмға, шығысында Қызылқұмға иек артқан. Осы композицияның барлығы – «көгілдір меруерт» – Азияның керемет тау сілемдерімен қоршалған үлкен «Жарқыраған тәжге» табиғи түр­де кіріккен: солтүстік-шығыстан – Тянь-Шань мен Қаратау, шығыстан – Ферғана жотасы мен Талас Алатауы, оңтүстік-шығыстан – Памир, оңтүстіктен – Гиндукуш, оңтүстік-батыстан – Копетдаг пен Паропамиз. «Жарқыраған тәж» жалпы ауданы 2,7 миллион шаршы шақырым болатын теңіздің бүкіл дренажды бассейні – қазіргі Қазақстанның жеріне пара-пар аумақты қамтиды. Бұл «тәжде» Орталық Азияның екі ұлы өзені – Әмудария мен Сырдарияның суы көптеген жерүсті және жерасты салалары арқылы біздің көгілдір теңізге құйылады.

Мыңдаған жыл бойы Аралдың су режімі өзгеріп, теңіз жағалауының ұл­ғаюына немесе шегінуіне әкелген кезең­дер болды. Бірақ бұл өзгерістер бүгінгі Арал бассейні мен айдынынан көріп отырғанымыздай, жойқын сал­дарға әкелген жоқ еді. Әдетте табиғат­тың өзі сыртқы әсерді жо­йып, тепе-теңдікті қалпына келтіретін. Алайда, біздің жағдайда деструктивті үдеріс табиғи апаттан емес, адамның ауқымды, көзсіз әрі біліксіз араласуы­нан туындады. Тек экономикалық есептеуге негізделген «Әмудария мен Сырдария суларын толық пайдалану арқылы суармалы егіншілікті дамыту есебінен теңіздің жойылуынан болатын шығындар бірнеше мәрте өтеледі» деген қате теория қазіргі климаттық және экологиялық апатқа ұрындырды.

Осы проблема бойынша кейінгі жарты ғасырдағы бағдарламалармен, жос­парлармен, жобалармен, зерттеулермен мұқият танысқан кезде көптеген жағдайда таңғаларлық «дәрменсіздік пен көнбістік» барлығы байқалады. Талай жоба – орасан зорларынан (Сібір өзендерінің немесе Каспийдің суын бұру) бастап кішілеріне (тауларда жасанды жауын-шашын туғызу) дейін болған өзгеріске бейімделу идеясын көздейді. Бірақ бейімделу және су толтыру жо­балары тым қымбат әрі жеткіліксіз. Ең бас­тысы, олар деградацияның түпкі себеп­­те­рін жоймайды.

Сондай-ақ климаттың негізгі компо­нент­­терін реттеуге, табиғатты тұрақты тепе-теңдікке қайтаруға мүмкіндік бере­тін нақты жобалар бар. Мұндай жобалар­да шешілмейтін инженерлік және гидротех­ни­ка­лық мәселелер жоқ екендігі де ма­ңызды.

Климат ауа райының жиынтығы ретін­де үш негізгі компонентке – жауын-ша­шын­ға, желге және температураға бай­ланыс­ты болады.

Солтүстіктегі Қазақтың ұсақ шо­қы­­сы­мен, батыстағы Каспиймен, оңтүстік пен шы­ғыстағы биік таулар­мен шектескен аймаққа жоғарғы тропос­фе­ра­дағы баяу қозғалатын планеталық толқындармен бірге солтүстік ендік­тер­ден суық ауаның қайталанбалы ұйытқуы әсер етеді. Сондай-ақ батыстан шығысқа қарай беттейтін қуатты ауа ағыны да аймақтың үстінен жиі өтеді. Суық ауа мен қатты жел Аралдың кеуіп кеткен шұңқырлары мен өзендердің жайылмаларының үстінен тұзды-шаңды дауыл туғызады. Бұл аумақтарда оңай үрлеп әкетілетін ондаған миллион тонна ұсақ түйіршікті тұзды-шаңды қабаттың болуынан шаң жиі борайды. Тұзды дауыл аймақтың ауа бассейндеріне, тіпті Ашхабад пен Душанбе сияқты қияндағы қалаларға да теріс әсерін тигізеді. Зерт­теу­лер көрсеткендей, тұзды шаң аралас ауа қабаттары парниктік әсер туғызып, ай­мақтың температуралық режімі мен кли­матын өзгертеді, соның салдарынан эко­ло­гия­лық мәселелерге әкеледі.

Бұдан шығаратын қорытынды: Арал­дың құрғап қалған түбіндегі тұзды шаң ошақ­тарын жою қажет, ал ең дұрысы – қол­дан жасалған шөлді коммерциялық ауыл­шаруашылық оазисіне айналдыру.

Қазір қолданылып отырған оазисті кезең-кезеңімен қалыптастыру стра­тегиясы құм ұшырмау мақсатында қара сексеуіл отырғызудан, кейбір биоло­гия­лық қоғамдастықтардың бірінен екін­ші­сіне дәйекті ауысу үдерісін қолға алудан басталды. Өкінішке қарай, қара сексеуіл­дің, сондай-ақ басқа да топырақ тұрақ­тандырғыш өсімдіктердің аурулары агроэкологиялық оазистің бастапқы то­пырақ қабатының қалыптасуын ке­шік­тіріп отыр. Бұл Арал өңірінің тұр­ғындарына, климаттың қалпына келуіне тым ұзақ уақыт алады. Сондықтан бас­тал­ған жұ­мыс­ты жалғастыра отырып, балама ше­шімдерді шұғыл іске қосу қажет. Өйткені қа­зіргі ахуал сор­таңдағы тұзды шаң шыға­рын­­дыларын жою мақсатында шұғыл да өршіл шаралар қабылдауды талап етеді.

Осы орайда Нидерланд маман­да­ры­ның – теңізді құрғатудың және жоғары тиімді ауылшаруашылық оазистерін құрудың ғасырлар бойғы тәжірибесіне ие халықтың ұсынысы өте өзекті. Ұсынылып отырған технология өте қарапайым және ол кеуіп кеткен теңіздің сортаңды түбінен тұн­баны шығарудан тұрады. Одан әрі тұнба құмды топырақпен, ингредиенттермен, соның ішінде құрғақ климатқа бейімделген майлы дақылдар тұқымдарымен араластырылады. Нәти­же­сінде, теңіздің отандық бөлігінде Аралқұм шөлінің алаңы кемінде 500,0 мың гектар тұзды сортаңының бетін тұтас «кілеммен» жабу үшін ауда­ны бір шаршы метр және қалыңдығы жарты метр болатын сығымдалған текшелерді ала аламыз.

Бастапқы материал – су түбіне және көлдерге тән тұнба, шаң (алеврит) және бал­шық қоспасынан алынып, өңделіп, жақ­сар­тылғаннан кейін аумақтарды биоло­гия­лық және аграрлық қалпына келтіру үшін жаңа топырақ жасауға жарамды болатын ұсақ шөгінділер. Мұндай тұнба топырақ қоспасын жасау үшін жақсы негіз болып саналады.

Блок алудың өнеркәсіптік әдісін жасау қиын емес. Бұл сапаны бірнеше есе арттырады, жобаны іске асыруды тездетеді. Жабдықталған полигонда заманауи техника жиынтығы (жер снаряды, топырақ араластырғыш қондырғы, пресс-автомат) бар шағын бригада жылына кемінде бір мың гектарды жасанды топырақпен жабуы мүмкін. Бір уақытта жұмыс істейтін бригадалар саны, әрине, коммерциялық ауқымға байланысты.

Бұл жұмысты үш зерттеу учаскесі бар бірнеше гектарда қанатқақты жобадан бас­тау ұсынылады:

  • Бірінші: тұнба мүмкіндігінше өзгер­тусіз қолданылады;
  • Екінші: тұнбаны түзету үшін кішкене қоспа қажет;
  • Үшінші: тұнба химиялық және биологиялық реагенттерді қажет етеді.

Гидрогеологиялық деректер көрсет­­­кен­дей, Шығыс Арал артезиан бас­сейнінің жерасты суларының қоры жаңа ауылшаруашылық алқаптарын игерудің бастапқы кезеңінде суаруға жеткілікті. Әрі қарай Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану есебінен жылына бірнеше текше шақырым суды тұнба таңдап алынған бассейндердегі жаңа егістіктерге және шұң­қыр­дағы су айдындарына беруге мүмкіндік туады.

Аралқұм аумағында қолайлы ортасы бар ауыл шаруашылығы оазисін құру мін­детін кешенді және тиімді шешу үшін осы аумақта Үкіметке тіке­лей бағынатын «Арал өңірінің арна­­йы аумақтық эконо­микалық аймағын» (ААЭА) кемінде
49 жылға құру ұсынылады. Қолданыстағы заң­нама эколо­­­гиялық апатқа ұшыраған аумақ­тар үшін осылай істеуге мүмкіндік береді.

р

ь

Аталған ұсынысты іске асыру мыналардан басталады:

  • ландшафттарды аэроғарыштық және жердегі мұқият зерттеу;
  • гидрогеологиялық және инже­нерлік-геологиялық жұмыс;
  • жел бағытын есепке алу;
  • аумақты ұйымдастырудың Бас сызбасын әзірлеу.

Ақпараттық модельдеу технология­сын қолдану ең тиімді модельді ұсы­нады.

Бас сызба Арал өңірінің ААЭА-сын бес негізгі аумаққа бөлуді көздейді:

  1. Өнеркәсіптік және қайта өңдеу кәсіпорындары, инфрақұрылымдық нысандары (ауызсу, кәріз, жол, газ және электр­мен жабдықтау) және сервисі бар рекреа­ция­лық аймақтар және тағы басқаларға ие елді мекендер;
  2. Сумен жабдықтау, суару, бұру, өн­дірістік жол және электрмен жаб­дық­­тау жүйе­сі бар ауыл шаруашы­лығы алқаптары;
  3. Балық өсіру және өңдеу учаске­ле­рі, сондай-ақ құйылмалы жерасты ұңғы­ма­ла­рынан пайда болған су айдындары бар теңіз түбінен тұнба алу шұңқырларындағы көлдер желісі;
  4. Үй жануарлары жайылатын орындар;
  5. Жергілікті флора мен фаунаны да­мы­туға арналған орта (ақбөкен, құлан, қас­­қыр, түлкі, қоян, құндыз, тасбақа, т.б.).

Өнімді және болашағы бар оазис құ­руға барлық жағдай бар. Өйткені қа­­жет­ті ком­муникацияның барлығы қарас­­­ты­ры­лып отырған аумақтың жанынан өтеді.

  • Ең алдымен, бұл – Арал қаласының басшысы болған Нәбижан Сариев бір кезде одақтық бюджет пен министрлік арқылы бастамашылық жасаған және ілгерілеткен, содан кейін өзі іске асырған Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры. Бүгінде жаңа елді мекендердің тұр­­мыстық қажеттілігі үшін ауызсу мен шаруашылық мақсатқа қажетті су мә­се­­лесін түпкілікті шешу үшін аталған су құ­бырын шамалы ғана қайта құру жеткілікті.
  • Жақын маңдағы Батыс – Шығыс – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магис­трал­дық газ құбырынан оазиске қарай шағын тармақ тарту газ электр стансаларын салу есебінен электрмен, жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді. Аймақтағы күн және жел энер­ге­тикасының әлеуеті өте жо­ғары. Осы энергетикалық әлеуеті арқы­лы аймақ жаңа технологиялар бойынша «жасыл сутегін» шығара алады.
  • Арал өңірі ААЭА-ның үлкен ар­тық­­шы­лығы – Еуропа мен Қытайға, сон­дай-ақ
    Ресей мен Орталық Азияның барлық мем­лекетіне және еліміздің ішкі өңір­леріне шығатын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының бөлігі болып саналатын теміржол және рес­пуб­­ликалық автомобиль жолы жақын жерден өтеді.

Аралқұм сортаңдарын суармалы алқап­­тар етіп сауатты трансформациялау және осы­ған байланысты тұз шаңының шыға­­ры­лы­мын күрт төмендету мыналарға жол ашады:

  • аймақтың климаты мен экологиясын қалпына келтіруге;
  • аймақтағы гидрологиялық режімді қалыпқа келтіруге;
  • мұздықтардың және орташа тау­лар­­­дағы қар жамылғысы еруінің баяулауына;
  • температура мен құрғақшылықтың азаюына;
  • жердің тозуын тоқтатуға;
  • өсімдіктердің дамуын жақсартуға;
  • жоғары сапалы ылғалды ауа қалыптас­тыруға.

 

Бауыржан САРИЕВ,

инженер 

Соңғы жаңалықтар