Саясат • Кеше

Ықпалдастықты тереңдетуге әзір

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға жұмыс сапары аясында америкалық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді.

Ықпалдастықты тереңдетуге әзір

Президент алдымен «U.S. International Development Finance» корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.

Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынты­мақтастықты кеңейту және бір­лес­кен жобаларды жүзеге асыру келешегі талқыланды.

Мемлекет басшысы корпорацияны Қазақстанның орнықты дамудағы маңызды серіктесі деп атап, экономиканың түрлі секторындағы ықпалдастықты тереңдетуге әзір екенін растады.

Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Осы орайда ол аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейтуде стратегиялық маңызға ие тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екеніне назар аударды.

* * *

п

Одан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді қабылдады.

Авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шы­ғаратын «Boeing» трансұлттық корпора­циясының басшылығымен кездесуде Президент отандық «Air Astana», «SСAT» және «Vietjet Qazaqstan» компаниялары еліміз­дегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «Air Astana» мен «Boeing» арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. Биыл жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында «Boeing 787 Dreamliner» ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспар­ланып отыр. Бұдан бөлек, «SCAT» әуе компаниясы қосымша «Boeing» ұшақтарын сатып алмақ. Сон­дай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүм­кіндігі қарастырылып жатыр.

Джефф Шокки компанияның цифрландыру саласындағы жос­парымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол.

Сонымен қатар кездесу барысында авиация саласына маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту келешегі талқыланды.

* * *

м

Президент Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының бас директоры Марк Кумбсты қабылдады. Олар өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселе­лерін талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ashmore Healthcare International» компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-ның бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жос­пары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – «Mount Sinai Health System» компаниясын тарту көзделген.

Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Марк Кумбс Қазақстан эко­но­ми­касының стратегиялық секторларында ынтымақтас­тық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Соны­мен қатар эконо­ми­каның басым­дық­қа ие және жо­ғары техно­ло­­гия­лы салаларын да­мытуға ба­ғыт­талған Ашық ин­вес­тиция­­лық серіктестік бағдар­ла­масы аясындағы ықпал­дас­тық келе­шегі жайында пікір бөлісті.

* * *

а

Қасым-Жомарт Тоқаев «Mars» компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады.

Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Mars» компаниясы арасын­да жалпы сомасы 180 млн доллар­ға жуықтайтын инвестициялық келі­сімге қол қойылғанын құптады.

Мемлекет басшысының пікірін­­ше, бұл уағдаластық ма­ңыз­ды стратегиялық серіктес­тік­тің бастауы саналады және Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы ынты­мақтастықтың деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Жоба аясында «Mars» ком­пания­­сы Алатау қаласында үй жануар­­ларына арналған азық өнді­ретін зауыт салады. Өндіріс орны аг­ро­өнер­кәсіп шикізатын терең өң­деуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге септігін тигізеді.

Пол Вайраух өзара тиімді ин­вес­тициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол аталған бастама «Mars» компа­ниясының өндірістік әлеуе­тін кеңейтуге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар