Суретті түсірген – Сали САБИРОВ
Биылғы додаға әлемнің 94 елінен 2917 спортшы қатысты. Еліміздің ұлттық құрамасы сапында 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон мен шаңғы қоссайысы сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Отандастарымыз 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде жарыс жолына шығып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысты. Биылғы Олимпиадада құраманың географиясы кеңейіп, кейінгі төрт олимпиадалық цикл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті. Команда құрамына алынған спортшылар сапында еліміздің 11 өңірінің өкілі болды. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарының спортшылары додаға қосылды. Бұған дейінгі қысқы Олимпиада сайыстарында 10 өңірдің ғана спортшысы ақ аламанда бақ сынау мүмкіндігін иеленген еді.
Италия төрінде әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреткен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың алтын медалі – орасан олжа. Азат елдің дербес делегациясы ретінде қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып келе жатқан спортшыларымыз мәнерлеп сырғанаудан ақ аламанның алтынын олжалай алған емес. Бұған дейін 2014 жылы Сочиде (Ресей) өткен Олимпиадада мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медаль еншілеген еді. Одан кейін мәнерлеп сырғанаушылар жүлдеге жақындай алған емес. Тіпті 2022 жылы Қытайда өткен Олимпия ойындарына бұл сайыс түрінен қатыспады да.
1994 жылы Лиллехаммер (Норвегия) Олимпиадасында Владимир Смирнов шаңғы сайысында топ жарып, алтын медаль еншілегеннен кейін Олимп шыңы асу берместей көрініп еді. 32 жылдан кейін еліміздің абыройын асқақтатқан Михайл Шайдоровтың ерлігі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Жалғыз алтын медальдың арқасында ұлттық құрама жалпы есепте 19-сатыға тұрақтады.
Олимпиадада өзге спортшыларымыз жүлдеге ілікпегенімен, бірқатары жақсы көрсеткіштерімен қуантты. Мәселен, жақында ғана 19 жасқа толған, қысқы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысып отырған мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина 10-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш ел спортының тарихына әйелдер арасында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже болып қатталды. Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алса, Елизавета Голубева 1500 метр қашықтыққа жүйткуде 7-орын алып, 3000 метрде үздік ондыққа енді. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста үздік сегіздікке ілінді. 1998 жылғы Нагано (Жапония) Олимпиадасындағы Людмила Прокашеваның қола медалінен кейін конкишілеріміз ондыққа ене алған емес.
Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрінен ел спортындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Шорт-тректен Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орын иеленді. Фристайл-могулдан Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алып, 2022 жылғы ойындардағы көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Сондай-ақ конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орын, фристайл-акробатикадан (микст) Асылхан Асан, Роман Иванов, Аяна Жолдас үштігі командалық бәсекеде 7-орын алды.
Спортшыларымыздың XXV қысқы Олимпиададағы өнері оң бағаланып, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті талантты спортшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Келесі, 2030 жылғы қысқы Олимпиада Франция елінде өтеді.