Ғылым • Бүгін, 08:20

Нейрохирургиядағы тың ізденіс

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі медицина – ғылым, технология және адамдық жауапкершіліктің тоғысқан кеңістігі. Бұл салада жаңалық тек құрал-жабдықпен өлшенбейді, ойлау мәдениетімен, кәсіби этикамен және болашаққа деген көзқараспен айқындалады. Бүгінгі кейіпкеріміз – медицина саласынан PhD, Кувейттегі Әл-Рази ауруханасы омыртқа бөлімінде дәрігер болып жұмыс істейтін отандасымыз Шенол Жәдік. Ол – осыған дейін ми мен омыртқаға қатысты 6 мыңнан астам операцияны сәтті жасаған білікті маман.

Нейрохирургиядағы тың ізденіс

Шенол Жәдік Германияның Майнц қаласында дүниеге келген. Төрт баланың әкесі, алты тілді еркін меңгерген азамат. Онымен Астанада өткен Отандас ғалымдар форумында танысып, өмір-дерегін, ғылыми жолын сұрап, біраз дерекке қанықтық. Ол өзін тек белгілі бір елдің маманы емес, жаһандық медициналық кеңістіктің өкілі ретінде қарастырады екен. Соған қарамастан, оның дүниетанымында ұлттық тамыр мен мәдени жауапкершіліктің орыны ерекше.

Медициналық білімін ол Майнцтағы Иоганн Гутенберг университетінде бастап, Франкфурт қаласындағы Гете университетінде мамандық оқуын аяқтады. Ал докторлық ғылыми дәрежесін Еуропадағы ең беделді клиникалық-ғылыми орталықтың бірі – Гамбург-Эппендорф университетінің медициналық орталығында қорғады. Бұл оқу орындары – тек білім беретін мекеме емес, медициналық ойдың, зерттеу мәдениетінің орталығы.

Шенол Жәдіктің кәсіби жолы – клиникалық тәжірибе мен академиялық қызметтің сәтті үйлесімі. Ол Kiel университетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, нейрохирургиялық реанимация бөлімін басқарды. Осы кезеңде ол ми ісіктері, балалар нейрохирургиясы, қан тамырлары патологиясы және омыртқа хирургиясы салаларында терең тәжірибе жинақтады. Ширек ғасырлық кәсіби қызметінде ол ми мен омыртқаға қатысты жүздеген күрделі операцияларды сәтті орындады. Әсіресе күрделі және қайталама омыртқа операциялары, эндоскопиялық және минималды инвазивті әдістері, дискіні толық ауыстыру операциялары, роботтандырылған хирургия салаларында жоғары білікті сарапшы ретінде танылды.

Сонымен қатар ол көптеген PhD докторант-қа ғылыми жетекшілік жасап, жоғары дең­гейдегі дәріс оқыды. Нейрохирургиялық интен­сивті терапия салалары бойынша ресми емтихан қабылдаушы ретінде де қызмет атқарды. Ол қазіргі хирургияның бет-бейнесін жасанды интеллект, навигациялық жүйелер және роботтехника түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл технологиялар медицинада жаңа стандарттарды қалыптастыруда. Атап айтқанда, науқастар үшін бұл операция дәлдігінің айтарлықтай артуы, минималды инвазивті әдістер арқылы тез сауығу, ауырсыну мен инфекция қаупінің төмендеуі, ауруханада болу уақытының қысқаруы, асқынулардың азаюы сияқты факторларды көмектеседі.

«Бұл технологиялар әлі толық стандартты емдеу әдісіне айналған жоқ. Бірақ біз оны күтіп отыруға емес, дәл қазір қолдануға, дамытуға және жетілдіруге тиіспіз», дейді ол. Шенол Жәдік жасанды интеллектіге сындарлы көзқараспен қарайды. Ол ЖИ-ді адамды алмас­тыратын күш емес, адам ойының көмекшісі ретінде қабылдауды ұсынады. «Жасанды интеллект бізге көп нәрсеге қол жеткізуге көмектеседі. Бірақ ойлауды толығымен оған жүктеу – зияткерлік кері кетуге алып келуі мүмкін. Бұл әсіресе келер ұрпақ үшін өте маңызды мәселе», дейді ол.

Оның айтуынша, адам баласы бұрын интернет арқылы ақпаратты тұтынуды үйренсе, бүгінде ЖИ арқылы ойлаудан бас тарту қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан технологиялық даму этикалық және білім беру өлшемдерімен қатар жүруге тиіс. Осы тұрғыда елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуын ол маңызды әрі уақтылы қабылданған шешім деп бағалайды. Бұл құрылым ЖИ-ді дамыту мен қолданудың ұлттық стандарттары­н қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Шенол Жәдік жоғары білімді маман ретінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өз тәжірибесі мен білімін үлес ретінде қосуға дайын екенін айтты. Оның нақты ұсыныстарының қатарында нейрохирургияның түрлі бағыттары бойын­ша мастер-кластар өткізу, медициналық білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыс топтарына қатысу, ауруханаларға JCI халықаралық аккредитациясын алуға қолдау көрсету, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар мен технологиялық компанияларды тиімді ынтымақтастыққа біріктіру жобасы бар. Бір сөзбен айтқанда, Шенол Жәдік сынды қазақ азаматының озық тәжірибелі маман ретінде шет елдерде мойындалуының өзі біз үшін үлкен жетістік.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Айрықша аквамәдениет

Шаруашылық • Бүгін, 08:45

Азаматтық ұстаным

Саясат • Бүгін, 08:43

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Саясат • Бүгін, 08:38

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

Құқық • Бүгін, 08:30

Тарихи таңдау

Пікір • Бүгін, 08:28