Саясат • Бүгін, 08:38

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институты мен «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының бірлесе ұйымдастыруымен елордада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң отырысы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Жаңа Конституция жобасы­ның негізгі ережелерін, олардың институционалдық, құқықтық және саяси салдарын ашық талқылау форматында өткен сараптамалық кезедесуде Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин алғысөз сөйлеп, жаңа Ата заң жобасының маңызына тоқталды.

– Жаңа Конституция – заңдық тұрғыда ең жоғары тұратын жай ғана құжат емес, бұл – белгілі бір дәрежеде қоғамдық келісім. Осы тұр­ғыдан алғанда, жаңа жоба біздің бірегейлігімізді және бірқа­тар негізгі мәселелер бойынша қалыптасқан қоғамдық консенсус­ты әлдеқайда нақты көрсетеді. Ең бастысы, жаңа Конституция қай бағытта жүріп келе жатырмыз, болашақта қандай мемлекет құ­руды көздеп отырмыз деген сұрақ­тарға нақты жауап береді. Алғаш рет ғылым, білім және инновациялар мемлекет дамуының страте­гиялық негізі ретінде бекі­тіл­мек. Қазақстан болашақта техноло­гиялық тұрғыдан дамыған ел атануды көздейді. Осылайша, жаңа Конституция дамудың жаңа басымдықтарын айқындап, ел өркендеуінің жаңа векторын белгілейді, – деді Е.Қарин.

Сондай-ақ Конституция тек ең жоғары заңдық құжат әрі құқықтық акт қана емес, сонымен қатар бүгінгі қоғамдық сұраныстарды тап басатын саясат логикасына сай екенін атап өтті.

– Меніңше, жаңа Конституция мүдделер тепе-теңдігін неғұрлым айқын бекітуге, қоғамдағы жаңа сұраныстар мен үміттерді дәлірек көрсетуге мүмкіндік береді, шектен шықпай, парасатты тепе-теңдік­ті сақтай отырып және ақылға қоным­ды саясат логикасын растайды, – деді Е.Қарин.

Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияны әзірлеу және оны қоғамдық талқылау жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – құжат қоғамда қалыптасқан тепе-теңдік пен келісімді ғана бекітіп қоймай, елдің қай бағытта дамитынын және Қазақстан болашақта қандай мемлекет құруды көздей­тінін айқындайтын басты сұраққа жауап береді.

Еліміздің жаңа Негізгі заңының артықшылықтарын ашып көрсетуге арналған сараптамалық талқылау әрмен қарай панелдік сессияларда жалғасты. Алғашқы сессия саяси трансформация, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік институттардың үйлесімділігі мен басқарылуын күшейту мәселелеріне арналды. Пікірталасты Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймар­данов жүргізіп, жаңа саяси модель институционалдық жетілуге бағытталғанын атап өтті.

Саясаттанушы Марат Шибұтов қазіргі Конституция жобасы ауқы­мы мен құқықтық реттеу терең­дігі жағынан сапалық тұрғыда ерек­­ше­ленетінін атап өтсе, Әділет ми­нис­трі Ерлан Сарсембаев жаңа Конс­­титуция жобасындағы ұлттық және халықаралық құқықтың ара­қа­­тынасы мәселесіне түсініктеме берді.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент жұмысы қалай өз­ге­ретіні және оның елдің жаңа сая­­си жүйесіндегі ықпалы қалай ар­та­тыны туралы сұраққа жауап берді.

– Қазіргі жағдайда біз, бір жа­ғынан, заңдардың жедел, уақтылы әрі жоғары сапада қа­былдануын қамтамасыз етуіміз қажет. Екінші жағынан, саяси бәсекелестікті кү­шейту үшін қосымша мүмкіндіктер жасау маңызды, – деді депутат.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Индира Рыстина толық пропорционалды жүйе жағдайын­да партиялардың жұмы­сы қалай өзгеретіні туралы пікір білдірді.

– Аралас модель кезінде партиялар бірмандаттық округтердегі жекелеген кандидаттардың беделіне сүйене алса, пропорционалды жүйеде заң шығарушы билікті қалыптастырудың жалғыз арнасы партияның өзі болады. Бұл персоналистік саясат моделінен бағдарламалық-партиялық модельге көшуді білдіреді. Айрықша маңыз өңірлік деңгейге беріледі, – деді ол.

Мәжіліс депутаты Никита Шата­лов билікті бөлу жаңа моделінің заң қабылдау жылдамдығы мен сапасына ықпалы туралы айта отырып, ең бастысы, жылдамдық емес, заң шығарушы орган жұмысы­ның тиімділігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір палаталы өкілді орган заң жобаларының институ­ционалдық үзілістерсіз үздіксіз қаралуын қамтамасыз етеді.

«Amanat» партиясының атқа­рушы хатшысы Дәулет Кәрібек модераторлық еткен екінші панель­дік пікірталас қоғамдық қатысу­дың жаңа тетіктерін және консти­туциялық бақылауды қалып­тасты­руға, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының есептілігін күшейтуге арналды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жаңа Конституция жобасында Құрылтайдың бақылау функцияларын күшейтуге ерекше мән берді. Ал Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты­ның директоры Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Халық кеңесінің бірнеше қоғамдық алаңдардың тарихи және институционалдық тәжірибесін біріктіретін орган ретіндегі рөліне тоқталды.

Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институ­тының директоры Индира Әу­бә­кі­рова конституциялық рефор­маның өңірлік өкілдікке әсері­не тоқталса, қоғам қайраткері, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшесі Ерлан Смаилов жаңа Конституция жобасының эколо­гиялық бағытқа ие екенін атап өтті, өйткені преамбулада табиғатты қорғау қағидаты бекітілген.

«Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нұрғалиеваның модера­торлығымен өткен үшінші сессия жаңа Конституцияның редакциясында адам құқықтары мен бостандықтарын жүйелі түрде бекітуге, процестік кепілдіктерді күшейтуге және құқық қорғау инс­титуттарын дамыту тақырыбына арналды.

Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­митетінің төрағасы Снежанна Имашева жаңа Конституция жобасы заңнамалық актілердің үлкен массивін қайта қарауды, бүгінгі жаңа нормалар, баптар мен ережелер арқылы олардың әлеуетін ашуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ «қоғамның моральдық негіздері» мен «қоғамдық тәртіп» ұғымдарын түсіндіруге тоқталды.

Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құқық қорғау стандарттарын конституциялық деңгейде бекітудің негізгі маңызды­лы­ғын баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Конституцияда ең жоғары құқықтық деңгейде барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жұмысының адам құқықтарын басымдылығын бекітеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева цифрлық трансформация жағдайында балалардың дербес деректерін қорғау­ды күшейту қажеттігін айтса, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры­ның президенті Қарлығаш Жаман­құлова цифрлық қауіп-қатерлер мен жаңа Конституция жобасының құқық қорғау әлеуеті туралы пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Айрықша аквамәдениет

Шаруашылық • Бүгін, 08:45

Азаматтық ұстаным

Саясат • Бүгін, 08:43

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Саясат • Бүгін, 08:38

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

Құқық • Бүгін, 08:30

Тарихи таңдау

Пікір • Бүгін, 08:28