Басылым • Бүгін, 08:25

Қазанда басылған қазақ дастаны

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ халқының бай ауыз әдебиетi құнары мен көлемi жөнiнен әлемдiк фольклор мұраларының алдыңғы қатарында деуге тұрарлық. Осынау мол рухани құндылықтарымыздың тарихи-мәдени мәнi мен көркемдiк деңгейi жөнiнде шетелдiк ғалымдар оң пiкiр бiлдiрсе, отандық зерттеушiлер еңбектерiнде жоғары бағалануда.

Қазанда басылған қазақ дастаны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген ғылыми басылым «Бабалар сөзi» жүз томдығының алғысөзін жазған академик Сейіт Қасқабасов: «Қазақ халқының бай ауыз әдебиетi өзiнiң құнары мен көлемi жөнiнен әлемдiк фольклор мұраларының арасында алдыңғы қатарда тұр», десе, этнограф-әдебиетші һәм филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1994 жылы 1 сәуірде жарияланған «Қазақ жазбалары» атты мақаласында: «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы тұр» деп жазғаны есімізде. 

Осындағы бай фольклорымыз кеңестiк дәуiрде (1920–1991) жанрлық жағынан сараланды. Солардың бірі – қазақ даласының XVIII-XIX ғасыр оқиғасын қамтыған тарихи және әлеуметтiк сарынды һәм жанры жағынан эпикалық поэмалар тобына жататын «Айман-Шолпан» дастаны.

Дастан сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы әйел бейнесін һәм даналығын сипаттайтын көркем шығарма. Кейіпкерлері Айман және Шолпан атты апалы-сіңлілі ару қыздар. Әсіресе Айман қыздың ақыл-парасаты, тапқырлығы мен табандылығы, күрмеуі қиын оқиғаларды аса дәлдікпен шеше білуі дастанның тәрбиелік һәм даналық өзегі ­деуге болады.

Парасатты әйел (Айман) текетірескен рубасылары Маман мен Көтібар арасындағы дауды аса көрегендікпен шеше білуі бұл шығарманың салмағын арттырып тұр. Тегі дастанды жырлаушы тұлға (авторы белгісіз) дәл осы оқиғаны көтермелеп баяндайды. Мысалы, жырда «Айманның көңілі кең, ақылы дана», «Шығады әртүрлі өнер Айман жастан», «Айманның әрбір түрлі айласы бар», «Түбінде Айман болар паналарың» дейтін жолдар кездеседі. Сонымен қатар «Айманның ақ мамықтай білегі бар, Майысқан жез қармақтай сүйегі бар», деп оған портреттік сипаттама береді.

Жырдың идеологиялық мазмұны: елге тұтқа болу тек ерлердің ғана ісі емес, әйелдердің де қолынан келеді. Әйелдер де ел ісінде ерлер сияқты азаматтық ерлік жасай алады дегенге саяды.

Бұл жырда баяндалған оқиғалардың желісін зерттеген академик Қажым Жұма­лиев «аталған дастан Исатай мен Махамбет көтерілісінен кейін туған» десе, профессор Әуелбек Қоңыратбаев жырдағы оқиғалар желісі ХІХ ғасырдың орта шеніне тән деген пайым айтады. Бұл пікірді белгілі тарихшы Мұсатай Ақынжанов та қолдайды.

Біздің айтпағымыз, дастан қазақ жырлары арасынан алғашқылардың бірі болып 1896 жылы Қазан қаласында жеке кітап болып шыққан. Бұл оқиғаға биыл 130 жыл толып отыр. Кейбір зерттеу­лерде жырды баспаға ұсынған ақын әрі халқымыздың ауыз әдебиет мұраларын жинаушы Жүсіпбек Шайқысламұлы ­(1857–1937) екені айтылады.

Ал мына суретте өздеріңіз көріп отырған кітап жырдың алғаш рет (1896 жылы) жарық көрген нұсқасы. Осы туынды туралы ғылыми анықтамалықта: «Кысса Айман-Шолпан / ред. Ш. Хусейнов... – Казань: Типо-литография Императорского Университета, 1896. – 20 с. – Текст на татарском яз. в арабской графике» деп жазылса, кітап мұқабасының маңдайшасында «Қисса: Айман-Шолпан» деген сөз тұр.

Сондай-ақ мұқабасының ортан белін­де: «Бұл кітапты басып шығаруға Санкт-Петербордан рұқсат берілді. 1896 жыл, 18 қаң­тар», делінсе, төменгі тұсында: «Бұл кітап Қазан университетінің Халық бас­паханасында басылды. 1896 жыл» деген мәтіндер татар тілінде жазылыпты. 20 бет­тік кітаптың ішкі мәтіні (суретте) өздері­ңіз көріп отырғандай, татар әліпбиі негізін­де қазақ тілінде жазылғаны аңғарылады. Мысалы, жырдың алғашқы парағы:

«Жалғанға хакім болған мына орыс,

Маман бай Торғай бойын қылған қоныс,

Жайлауы алашаның Еділ-Жайық,

Құралған Орынборда отыз болыс...»

деп қазақша жазылса, ал кейінгі кеңестік цензура осы мәтінді былай деп өзгерткен екен:

 «Кезі еді-ау күні өткен үлкен соғыс,

Маман бай Торғай бойын қылған қоныс,

Жайлауы ел шектінің Еділ-Жайық,

Қараған Орынборға отыз болыс».

Патшалық Ресей кезінде халқымыздың жадында ғасырлар бойы сақталып келген ауыз әдебиеті нұсқалары ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап жарық көре бастапты. «1800–1896 жылдар арасын­да Петербор, Уфа, Орынбор, Қазақ қала­ларында Азия халықтарына тән 176 кітап жарық көргені» айтылыпты. Яғни татар ағайындардың меншік баспасынан қазақ тілінде соншалық көп кітаптардың жарық көруі таңданарлық. Демек, ол заманда қазақ кітаптарын оқитын қауым бар деген сөз.

Мысалы, алғаш 1896 жылы жарық көрген «Айман-Шолпан» дастаны араға екі-үш жыл салып, 1898, 1901, 1906, 1910, 1913 жылдары Қазан баспасынан көп тиражбен басылыпты. Оның сыртында аталған жырдың мазмұны 1901 жылы «Торғай» газетінің («Тургайской газеты») 17-санына, 1902 жылы «Торғай облыстық ведомосы» («Тургайских Областных Ведомостей») басылымының 62-санына араб графикасымен қазақ тілінде жарық көргені туралы дерек бар екен.

Бұл дастан кеңес дәуірінде 1939 жылы ғалым Қажым Жұмалиев құрастырған «Халық поэмалары» атты жинаққа енсе, 1934 жылы Мұхтар Әуезов жырдың жүл­гесін пайдаланып «Айман-Шолпан» атты пьеса жазды. Бұл туынды ұзақ жыл респуб­ликалық театр сахналарынан түспей келді.

 

Суретте: 1896 жылы жарық көрген «Айман - Шолпан» дастанының мұқабасы мен ішкі беті