Қоғам • Бүгін, 08:55

Ағайынды алғырлар

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейіпкерлеріміз Сәулен отбасынан төрт ізденуші шығып отыр. Үлкені Ақсұңқар – халықаралық деңгейдегі қаржы және экономика саласының маманы. Ол 2015 жылы Қытайдың беделді оқу орындарының бірі – Шанхай қаржы және экономика университетінде білім алды. Көп өтпей Франциядағы атақты «Université Paris 1 Panthéon-Sorbonne» университетінде экономика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. Еңбек жолын 2016 жылы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясында бастап, шетелден инвестиция тарту бағытында қызмет атқарды. Ал 2019 жылдан 2025 жылға дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігінде экономист, бөлім басшысы және инвестиция тарту маманы ретінде жұмыс істеп, ел экономикасына халықаралық капитал тарту ісіне үлес қосты.

Ағайынды алғырлар

Сәулен отбасындағы екінші жас маман – Хақназар. Ол 2015–2020 жылдары Назарбаев университетінде роботтехника және мехатроника мамандығы бойынша білім алды. Технологияға деген қызығушылығын тереңдету мақсатында Аустралиядағы «Torrens University»-де IT саласы бойынша магистратураны аяқтады. Қазір ол Аустралияның Брисбен қала­сында ақпараттық техно­ло­гиялар саласында жұмыс істеп, халықаралық IT-индус­триясында тәжірибе жинап жүр. Оның кәсіби жолы – қазақ жастарының әлемдік техно­логиялық кеңістікке еркін қанат сермеп жатқанын көрсетеді.

Айданақ – халықаралық тәжірибесі мол жас кәсіпкер. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ретінде білім жолын бастап, кейін Назарбаев университетінде әлеуметтану және экономика мамандығы бойынша бакала-вриат бітірді. Студенттік кезең­нен халықаралық жобаларға қатысып, 2018–2020 жылдары АҚШ-тағы «Southwestern Advantage» компаниясында маркетинг саласында жұмыс істеді. Осы бағдарлама аясында тоғыз елде өткен шараға еліміз атынан қатысып, кәсіби тәжірибесі мен білік­­тілігін көрсетті. Кейін халық­аралық «Eskimi Adtech» технологиялық компаниясында маркетинг және бизнес аналитика саласында еңбек етіп, 2023 жылдан бастап жеке компаниясын дамытып келеді.

Отбасындағы ең жас маман Нар­тегінді білімге құштар жаңа буын өкілі деуге болады. Ол 2019–2025 жылдары Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып, математика пәні бойынша олимпиадалардың жүлдегері атанды. 2025 жылы Назарбаев университетіне бакалавриат бағдарламасына оқуға түсіп, болашақ ғылыми жолының алғаш­­қы қадамын жасады. Бір сәт бұл отба­­сындағы жас ізденушілерге назар салсақ, олардың білімге құштар­лығы, халықаралық тәжі­рибесі мен өз білімін қоғам игілігіне жұм­сауға деген жауап­кершілігі мадақтауға тұрарлық.