Аталған шешім ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық адалдық жүйесі мен оның іске асырылу тетіктеріне жүргізген кешенді шолуының қорытындылары және Ұйым аясындағы барлық рәсімдердің толық аяқталуы негізінде қабылданды. Қабылданған шешім Қазақстанның адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласында ЭЫДҰ стандарттарын енгізу жөніндегі міндеттемелерді қабылдағанын растайды.
ЭЫДҰ-ның Қоғамдық адалдық жөніндегі ұсынымы – мемлекеттік басқару жүйесінде адалдық мәдениетін қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерін орнықтыруға бағытталған негізгі халықаралық құжаттардың бірі. Құжат 13 қағидатқа негізделген және мемлекеттік аппараттың барлық деңгейінде, сондай-ақ тұтастай қоғамда адалдықты қамтамасыз етудің жүйелі, тәуекелге бағдарланған әрі контексті ескеретін тәсілдерін іске асыруды көздейді.
Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кәсіби, есеп беретін және азаматтарға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі реформалардың маңызды кезеңі саналады.
Қазақстанның ЭЫДҰ ұсынымына қосылуы халықаралық стандарттарға, әрі «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сай өзгерістердің боылп жатқанын растайды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аталған ұсынымға қосылуды мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдірудің, әдеп стандарттарын күшейтудің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді дамыту мен азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін одан әрі арттырудың тиімді құралы ретінде қарастырады.
Агенттік алдағы уақытта да Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесіне озық халықаралық тәжірибелерді енгізу және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын тұрақты түрде іске асыруды жалғастырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар – әділетті қоғамға бастайтын жол