Оның айтуынша бүкіл ел бойынша миллиондаған адам экологиялық акцияларға шығып, табиғи аймақтарды қоқыстан тазарту, көгалдандыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүздеген мың тонна қоқыс жиналып, миллиондаған ағаш көшеттері отырғызылды. Осы идеяның арқасында экологиялық мәдениет қалыптасып, тазалық пен тәртіп күнделікті өмір салтына айналды.
«Президент «Әркім өзінен бастауы керек» қағидатына өз тәжірибесімен үлгі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ғана емес, адамның ой-санасының тазалығына да айрықша мән береді. Бұл бастама ел азаматтарының, әсіресе жастардың тарапынан қолдау тауып, ауқымды қозғалысқа айналды», деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы сондай-ақ экологиялық күн тәртібінде Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударып отырғанын айрықша атап өтті.
«Президент тапсырмасы бойынша қазір 20 жаңа су қоймасын салу, кемінде 15 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі көлемді су айдындары – Каспий мен Арал теңіздерін сақтап қалу мәселесі бірінші кезекке шықты. Елімізде аталған акваторияның өзекті мәселелерін терең зерделеу үшін Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Жинақтап келгенде бұл экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты тұрақты пайдаланудың кешенді тәсілін қалыптастырады», деді Премьер-министр.
Жаһандық су ресурстары тақырыбындағы маңызды мәселелердің бірі – мұздықтарды сақтап қалу. Сарапшылардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтар көлемі айтарлықтай кішірейеді. Бектенов Президенттің осы мәселелерге де айрықша назар аударып отырғанын айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде «Су мұнаралары серіктестігін» құру бастамасын көтерді, оның мақсаты – мұздықтарды зерттеу әрі қорғау үшін жаһандық зерттеу орталықтарының күш-жігерін біріктіру, сол арқылы гляциологиялық ғылымды қолдауды ортақ бір жүйеге келтіру», деді ол.