Ата заң • Бүгін, 15:27

Құралай Садықова, сарапшы: Конституциялық трансформация – маңызды бетбұрыс

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға бағытталған кең ауқымды өзгерістердің бір бөлігі. Тәуелсіздік жылдарында қабылданған Конституция елдің саяси тұрақтылығы мен мемлекеттік институттардың қалыптасуына негіз болды. Алайда қоғам дамыған сайын құқықтық жүйені де жаңа талаптарға бейімдеу қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция жобасы қазіргі кезеңдегі саяси, технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге жауап беруге арналған құжат ретінде қарастырылып отыр.

Құралай Садықова, сарапшы: Конституциялық трансформация – маңызды бетбұрыс

Фото: Құралай Садықованың жеке мұрағатынан

Мамандардың айтуынша, алғашқы кезеңдегі Конституция мемлекеттің негізін бекіту міндетін атқарды. Сол кезеңде негізгі назар билік институттарын қалыптастыруға, мемлекеттік басқару жүйесін орнықтыруға және жаңа мемлекет үшін тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударылды. Бұл табиғи құбылыс еді. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел алдында экономикалық қиындықтар, әлеуметтік өзгерістер және институционалдық қалыптасу сияқты күрделі міндеттер тұрды.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, PhD Құралай Садықованың пікірінше, жаңа Конституция жобасы бұрынғы құқықтық жүйенің тәжірибесін сақтай отырып, оның мазмұнын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

«Конституциялық реформалар аясында әзірленген жаңа Конституция жобасының маңызды ерекшелігі – оның адамға бағдарланған сипатында. Адам басқару объектісі емес, басқару субъектісі ретінде мемлекеттік-құқықтық құрылымдар мен институттардан жоғары, оларды қалыптастырушы негіз ретінде институционалдық деңгейге қойылды. Жоба мәтінінде адам құқықтары кеңейтіліп, нақтылана түсті. Атап айтқанда, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау, "Миранда ережесінің" конституциялық деңгейде бекітілуі, адвокатураға арналған жеке баптың енгізілуі, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салудың күшейтілуі, заңдардың кері күшіне тыйым салу қағидатын нақтылау құқық қолдану тәжірибесінде азаматты қорғау тетігін күшейтеді», дейді сарапшы.

Қазіргі қоғамда құқық мәселесі тек классикалық құқықтық нормалармен ғана шектелмейді. Технологиялық өзгерістер, цифрлық экономика және ақпараттық кеңістіктің кеңеюі адамның құқықтық қауіпсіздігіне жаңа талаптар қоя бастады. Сондықтан жаңа Конституция жобасында цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған.

Сарапшылардың пайымынша, бұл өзгерістер мемлекеттің цифрландыру үдерісіне бейімделуін ғана емес, азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты жауапкершілікті де күшейтеді. Қазіргі уақытта жеке ақпараттың қауіпсіздігі, цифрлық коммуникациялар және деректерді пайдалану мәселелері бүкіл әлемде құқықтық талқылаудың негізгі тақырыптарының біріне айналған.

Құралай Садықова бұл өзгерістердің мәнін адам құқықтарының мемлекет қызметіндегі басымдыққа айналуымен байланыстырады.

«Осылайша, «адамға арналған мемлекет» парадигмасы конституциялық тұғырда жарияланып отыр. Адам құқықтарының кеңеюі тек құқықтық кепілдіктерді арттыру емес, мемлекеттік билікті заңдастыру табиғатын қайта пайымдау ретінде көрінеді», деді ол.

Жаңа Конституция жобасының тағы бір ерекшелігі – оның тарихи және мәдени өлшемдерге назар аударуы. Құжаттың кіріспе бөлімінде ұлттық мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын білдіретін ұғымдар көрініс тапқан. Мұндай тәсіл құқықтық құжаттың тек нормативтік акт ретінде ғана емес, қоғамның тарихи жадымен байланысты символдық мағынаға да ие екенін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл нормалар мемлекет тарихының үздіксіздігін көрсетуге бағытталған. Тарихи сабақтастық идеясы тек өткенді дәріптеу емес, қазіргі мемлекеттің құндылықтық негіздерін айқындау мақсатын да көздейді.

Құралай Садықова осы мәселеге тоқтала отырып былай дейді:

«Байырғы қазақ жерінде», «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы» секілді айқындаулар тарихи құндылықтарға маңыз беріп, негіз құраушы қағидаттардың бірі ретінде тарихи-мәдени мұраны сақтауды бекітеді. Бұл тарихи сабақтастық – тек өткенге сілтеме жасау емес, сонымен бірге мемлекеттіліктің өзгермейтін іргетасын айқындау. Ұлттық бірегейлік – символикалық, декларативті бағдар емес, алғаш рет конституциялық деңгейдегі құндылықтық-қағидаттық негізге айналып отыр. Жоба мәтінінде Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық ұғымдары да мызғымас құндылықтар ретінде бекітілді. Преамбуладағы «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» қағидаттары тарихи сабақтастықты құқықтық-азаматтық мазмұнмен толықтырды. Ұлттық бірегейлік тарихи мазмұнмен қатар құқықтық мемлекетпен, әділетті қоғам идеясымен ұштасады», деді сарапшы.

Конституция жобасында білім, ғылым және инновация мәселелеріне ерекше назар аударылғаны да сарапшылар назарынан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезеңде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі көбіне интеллектуалдық әлеуетпен және ғылыми дамумен өлшенеді. Сондықтан бұл бағыттың конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының өзгеріп жатқанын көрсетеді.

«Сонымен бірге, этносаралық, конфессияаралық татулық қағидаттары ұлттық бірегейліктің ортақтастырушы сипатын көрсетіп, біртұтас Қазақстан халқы ұғымына негізделген азаматтық тұтастыққа сүйенеді», деді Басқару институтының директоры.

Жалпы алғанда сарапшылар жаңа Конституция жобасын құқықтық жүйенің эволюциялық дамуының келесі кезеңі ретінде сипаттайды. Құжат бұрынғы тұрақтылыққа негізделген басқару моделін сақтай отырып, оған жаңа мазмұн енгізуді көздейді. Бұл мазмұнның негізгі бағыттары – адам құқықтарын кеңейту, ұлттық бірегейлікті бекіту және қоғамдық сенімді нығайту.

Құралай Садықованың пікірінше, осы өзгерістерді біртұтас үдеріс ретінде қарастыруға болады.

«Жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық дамуын тың деңгейге шығаруды мақсат етеді. Осыған дейін қолданылып келген тұрақтылыққа негізделген модельді одан әрі нығайтып, адам құқықтары, ұлттық бірегейлік, әділдік пен қоғамдық сенім сияқты іргелі ұстанымдар арқылы заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын басқару жүйесімен толықтырылады», дейді Құралай Садықова.

 
Соңғы жаңалықтар