Ата заң • Бүгін, 16:27

Жаңа Конституция жобасы сот тәуелсіздігі мен құқық үстемдігін күшейтеді

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әділет ұғымы адамзат өркениетінде ежелден ерекше мәнге ие. Грек мифологиясындағы Фемида бейнесі – соның айғағы. Бір қолындағы таразы – әділдіктің өлшемі, екінші қолындағы қылыш – заңның күші, ал байланған көзі – төреліктің бейтараптығын білдіреді. Бүгінгі құқықтық мемлекеттерде де осы қағидаттар негізгі бағдар болып отыр. Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар да сот тәуелсіздігін күшейту және құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатымен байланысты, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа Конституция жобасы сот тәуелсіздігі мен құқық үстемдігін күшейтеді

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Тәуелсіздік жылдарында елдің сот жүйесі бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы жылдары басты міндет – мемлекеттік институттарды қалыптастыру, құқықтық тәртіп орнату және жаңа мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету болды. Кейін қоғам дамыған сайын сот жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазіргі реформалар осы қажеттіліктерге жауап іздеумен байланысты.

Сот жүйесін жаңғырту

Сот жүйесін жетілдіру мақсатында екі жыл бұрын Сенатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына депутаттармен қатар тәжірибелі адвокаттар, заңгерлер, ғалымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілді. Мұндай формат сот реформасын кең ауқымда талқылауға мүмкіндік берді.

Жоғарғы Сот төрағасы Асхат Мерғалиевтің айтуынша, соңғы заңнамалық өзгерістер сот процестерінің тиімділігін арттыруға ықпал етті.

«Заңнамалық актілердің арқасында сот процестерінің жылдамдығы мен тиімділігі арта түсті. Мәселен, бұрын апелляция сатысынан оралған істер бірінші сатылық сотта қайта қаралып, уақыт пен қаражат ысырап болатын. Қазір апелляциялық соттар істі қайта қайтармай, сол жерде-ақ нақты шешім қабылдайды», дейді Жоғарғы Сот төрағасы.

Бұл өзгеріс сот жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың бұзылған құқықтарын тез әрі тиімді қорғау қағидатына жақындай түскенін көрсетеді.

Сот тәуелсіздігін қорғау тетіктері

Сот жүйесіне қатысты жиі айтылатын мәселелердің бірі – судьялардың тәуелсіздігі. Соңғы реформалар осы бағытта нақты құқықтық кепілдіктер енгізуге бағытталған.

Мәселен, судьяларға қатысты жедел іздестіру шараларын жүргізу тәртібі өзгертілді. Бұрын мұндай әрекеттерге облыс прокуроры санкция берсе, енді тек Бас прокурордың рұқсаты қажет. Бұл – судьяларға сыртқы ықпал ету мүмкіндігін шектеуге бағытталған маңызды тетік.

Сонымен қатар судьяларды тағайындау және мансаптық өсу тәртібі де жаңартылып отыр. Жоғарғы Сот судьялығына Сенатқа бір емес, екі кандидат ұсынылады. Ал аудандық соттардың төрағалары судьялардың өзара жасырын дауыс беруі арқылы таңдалады. Мұндай тәсіл сот корпусының ішкі дербестігін күшейтуді көздейді.

Судья жауапкершілігі мен кәсіби бағалау

Сот жүйесіне деген қоғамдық сенім судьялардың кәсіби жауапкершілігімен тығыз байланысты. Осыған байланысты реформаларда судьялардың қызметін бағалау тетіктері де жетілдіріліп отыр.

Енді күші жойылған сот актілері міндетті түрде Сот жюриінің қарауына жіберіледі. Бұған дейін кейбір жағдайларда заң бұзушылық анықталса да, нақты тәртіптік шара қолданылмай қалатын жағдайлар кездескен.

Жаңа жүйеде судьялардың жұмысы нақты көрсеткіштер арқылы бағаланады. Сонымен қатар бағалау процесі тек жазалау емес, кәсіби даму мен әлсіз тұстарды анықтауға бағытталады. Судьялар өз қызметінің нәтижелерін цифрлық жүйе арқылы көре алады.

Кассациялық сот реформасы

Сот реформасының маңызды бағыттарының бірі – сот ісін жүргізудің сатылы жүйесін жетілдіру. Бұған дейін қолданылған бірнеше модельдің тиімділігі талқыланып келген.

Жаңа ұсыныс бойынша үш деңгейлі модель қалыптастырылмақ: бірінші саты, апелляция және дербес кассациялық сот. Елордада азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш жеке кассациялық сот құру жоспарланып отыр.

Бұл жүйе істерді қайта қарау процесін жүйелеуге және аймақтық ықпалдан тәуелсіз құқықтық бағалау жасауға мүмкіндік береді. Істерді үш судьядан тұратын алқа қарайды және ауызша талқылау жүргізіледі.

Медиация – бітімгершілік мәдениеті

Құқықтық жүйенің тиімділігі тек сот процестерінің сапасымен ғана өлшенбейді. Дауды сотқа жеткізбей шешу мәдениеті де маңызды. Соның бірі – медиация институты.

Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті, кәсіби медиатор Жанділдә Жақыпов медиацияның тиімділігі туралы былай дейді:

«Қарапайым мысал – ажырасу процесі. Егер тараптар келіссе, медиатор бес күн ішінде татуласу рәсімін рәсімдеп, небәрі 3-4 сағатта некені бұзу мен мүлікті бөлісу мәселесін де заңды түрде реттеп бере алады. Бұл – соттағы ұзақ әрі қымбат процедуралармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді әрі жеңіл жол».

Медиация қазақ қоғамына да жат құбылыс емес. Бұрын даулар көбіне билер мен ақсақалдардың арағайындығымен шешілген. Сондықтан қазіргі медиаторлар сол бітімгершілік дәстүрдің жаңа құқықтық нысандағы жалғасы ретінде қарастырылады.

Конституциялық өзгерістер және құқықтық мемлекет

Заңгер әрі депутат Абзал Құспан жаңа Конституция жобасының құқықтық философиясы туралы былай дейді:

«Бұл жобаның қолданыстағы Конституциядан негізгі айырмашылығы – адамға бағытталғандығы. 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданды. Ол кезде басты міндет – мемлекеттілікті қалыптастыру, институттарды нығайту, билік жүйесін орнықтыру болды. Кейінгі өзгерістер де осы бағытты жалғастырды. Ал жаңа жоба – мемлекетті қалыптастыру кезеңінен азаматқа қызмет ететін мемлекет кезеңіне өтуді білдіреді. Яғни құжаттың философиясы өзгереді: мемлекет орталықта емес – адам орталықта. Мен заңгер ретінде «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше тоқталғым келеді. Бұл енді саяси ұран емес – конституциялық принцип. Құқықтық мемлекет тек заң қабылдаумен құрылмайды. Ол үш шарт орындалғанда қалыптасады. Ол үшін заң әділ болуы керек, барлығына бірдей қолданылуы қажет, міндетті түрде орындалуы тиіс. Егер біз осы үш элементті қамтамасыз етсек – кез келген реформа жұмыс істейді. Қамтамасыз ете алмасақ ең мінсіз заңның өзі қағаз күйінде қалады», дейді ол.

Конституциялық соттың рөлі

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасында сот төрелігіне қатысты нормалардың айтарлықтай күшейгенін айтады. Сот ісін жүргізу нысандарының қатары артты, судьялардың тәуелсіздігі нығайды. Сот жүйесінің кадр мәселелері шешілді. Сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітілді.

«Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған маңызды қадам», деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.

Сонымен қатар ол Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған бөлімі де жаңартылғанын айтты. Бұл өзгерістер әкімшілік реформаларды ескере отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа жағдайларына бейімделген.

Құқық үстемдігі – тұрақты қоғамның негізі

Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы құқықтық жүйенің бірнеше маңызды бағытын қамтиды. Біріншіден, сот тәуелсіздігін күшейту. Екіншіден, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін нақтылау. Үшіншіден, құқықтық институттардың өзара тепе-теңдігін қамтамасыз ету.

Сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың әділетке қол жеткізуін жеңілдету және сотқа деген сенімді арттыру. Судьялардың жауапкершілігі, процестің ашықтығы, балама дауларды шешу механизмдерінің дамуы – құқық үстемдігін нығайтудың негізгі құралдары.

Қазақтың «Тура биде туған жоқ» деген сөзі әділеттің ең қысқа формуласы іспетті. Қоғамда заң бәріне бірдей қолданылып, сот шешімдері әділ әрі ашық болған кезде ғана құқықтық мемлекет толық қалыптасады. Жаңа Конституция жобасы осы мақсатқа жетудің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар