Министрлік мәліметінше, эвакуация жұмыстары басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 8585 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
«Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста», делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.
Бүған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.
Ал қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен азаматтарымызды эвакуациялау жұмысын белсенді атқарып жатыр.