Құрылыс • Бүгін, 16:32

Құрылыс кодексі: Жаңа құжатқа қандай қағидаттар енгізіледі?

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саланы жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тұрғын үй саясатын реформалау, құрылыс көлемін арттыру және саланы цифрландыру бойынша қолға алынған шаралар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, 2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі рекордтық деңгейге жеткен, ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Құрылыс кодексі: Жаңа құжатқа қандай қағидаттар енгізіледі?

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Үкіметке 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті жүктелген. Соңғы жылдары құрылыс қарқыны айтарлықтай күшейіп, көрсеткіштер үшінші жыл қатарынан жоспардан асып түсті.

Биыл елімізде 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады     

2025 жылдың мамыр айында заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілді. Бұл институт ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды.

Өткен жылы азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық несие берілген.

Сонымен қатар заңнамалық түзетулер бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берді. 2025 жылы бұл құқықты 15 мыңнан астам азамат пайдаланды.

Тағы бір маңызды қолдау шарасы – жалдау төлемін субсидиялау. Өткен жылы 11 мыңнан астам азамат жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет есебінен төлеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді.

2026 жылы тұрғын үй құрылысына қанша қаржы бөлінеді?

Министрдің айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат осы жылдың 9 қаңтарында қабылданған.

Жаңа кодекс шеңберінде құрылыс өнімінің толық өмірлік циклін – жобалаудан бастап пайдалануға беру және кәдеге жаратуға дейінгі кезеңдерді қамтитын жаңа қағидат енгізіледі. Сонымен қатар құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылады.

Осы мақсатта лицензия иелерінің электрондық тізілімі енгізіліп, инженерлерді сертификаттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Жаңа кодекс талаптарын іске асыру мақсатында 138 нормативтік құқықтық актіні жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрылыс саласын цифрландыру бағытында да бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Соның бірі – Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы. Бұл жүйе құрылыс саласындағы жоспарлау, сараптама және мониторингтің түрлі ақпараттық жүйелерін біріктіреді.

Сонымен бірге мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта бұл жүйе елдегі 89 қаланың қала құрылысы жобаларын, оның ішінде 89 бас жоспар мен 644 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қамтиды. Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылымның 94% осы жүйеге енгізілген.

Жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы рұқсат беру құжаттары, эскиздік жобаларды келісу және техникалық шарттар беру сияқты 146 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.

Бұдан бөлек, салалық портал арқылы BIM-технологиялар енгізіліп, құрылыс нысандарының электрондық 3D-модельдерімен жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған.

Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында пилоттық режимде жобалық құжаттаманың толықтығын автоматты түрде тексеру үшін жасанды интеллект қолдану жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов: Ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысына көңіл бөлу керек

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер құрылыс саласының ашықтығын арттырып, сапаны күшейтуге мүмкіндік береді.

«Құрылыс кодексі арқылы бекітілген жаңа тәсілдерді енгізу, процестерді цифрландыру, бақылауды күшейту және нормативтік базаны жаңарту тұрғын үй құрылысының тұрақты, қауіпсіз әрі ашық дамуына берік негіз қалайды», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Соңғы жаңалықтар