Еліміздің саяси тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз вице-президент Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың орны айрықша. 1936 жылғы 10 наурызда Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында дүниеге келген оның балалық шағы тауқыметке толы болды. Ол небәрі екі жасқа толғанда әкесі қуғын-сүргін құрбаны болып, 1938 жылы ақпанда жазықсыз оққа ұшқан. Осы жазылмас жара мен ауыр сынақ бала Еріктің мінезін ерте шыңдады. Ол білім-білігінен бөлек, ұстанымы берік, кесек тұлға болып қалыптасты.
Кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметтегі биік белестері оның терең интеллектуалдық ізденісімен тығыз байланысты болды. 1958 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін үздік тәмамдаған ол еңбек жолын Қазақ КСР Қаржы министрлігінде бастады. Алайда ізденіске құштар жас маман көп ұзамай қара шаңырақ оқу орнында оқытушылықпен айналысып, ғылыми жұмысқа бет бұрды. Кейіннен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына қабылданып, Қазақстанның қара металлургия саласындағы өзекті мәселелерге арналған кандидаттық диссертациясын ғылыми кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен сәтті қорғап шықты. Ғылыми теорияны тәжірибемен ұштастыруда Е.Асанбаевтың Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Ғылыми зерттеу экономикалық институтындағы қызметі үлкен мектеп болды. 1973 жылы Қаржы министрінің орынбасары, кейіннен Үкімет аппаратындағы маңызды бөлімдердің жетекшісі ретінде ол елдің қаржылық тұрақтылығы мен еңбек ресурстарын басқаруда жауапты тізгін ұстады. 1978 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Экономика институтында экономиканы басқару реформаларына арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғауы Е.Асанбаевтың мемлекеттік қызметкер ретіндегі тәжірибесін ғылыми тұрғыдан негіздеген маңызды белес болды.
1979 жылдан бастап Ерік Мағзұмұлының қызмет жолы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің стратегиялық бағыттарымен ұштасты. Ол сауда және жоспарлау-қаржы органдарынан бастап, ғылым мен оқу орындары және экономикалық бөлімдерге дейінгі өміршең салаларға жетекшілік етті. Бұл оның мемлекеттік деңгейдегі кешенді мәселелерді шешудегі кәсіби біліктілігі мен абырой-беделін асқақтатқан кезең еді. 80-жылдардың соңында Е.Асанбаев Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, кейіннен Орталық комитеттің экономикалық мәселелер жөніндегі хатшысы лауазымдарын атқарды. Ал 90-жылдардың табалдырығында ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып сайланды. Осылайша, Ерік Мағзұмұлы еліміздің егемендікке бет алған алмағайып шағында мемлекеттік басқарудың ең күрделі тетіктерін реттеуге белсене араласты. Иә, бұл ел тарихындағы бетбұрысты кезең еді. 1990 жылдың 25 қазанында оның төрағалығымен Парламент Қазақ
КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны әзірлеп, қабылдады. Бұл құжат бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, азаттық жолындағы алғашқы айбынды қадамымыз болатын.
Еліміз тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналған елең-алаң жылдары Ерік Мағзұмұлына жауапкершілігі аса зор міндет жүктелді. 1991 жылдан 1996 жылға дейін ол Қазақстан Республикасының вице-президенті лауазымын абыроймен атқарып, жаңа мемлекеттің іргетасын қалауға тікелей атсалысты. Бұл ескі жүйе күйреп, нарықтық қатынастар мен демократиялық құндылықтарға негізделген жаңа саяси архитектураның қалыптасу кезеңі еді. Ол өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан, мемлекеттік институттарды нығайту мен заманауи басқару жүйесін орнықтыруға орасан еңбек сіңірді.
Е.Асанбаевтың қайраткерлік болмысы экономикалық реформалармен ғана шектелген жоқ. Ол елдегі демократиялық үдерістердің шынайы жанашыры ретінде 1994–1996 жылдары Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның тізгінін ұстады. Бұл қызметінде азаматтық қоғамның іргесін бекітуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекет пен адам құқығы арасындағы теңгерімді сақтауға өлшеусіз үлес қосты.
1996 жылы мемлекеттік басқару жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерге байланысты мемлекетшіл тұлғаның жолы дипломатиялық арнада жалғасты. Ол Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалып, 2000 жылға дейін Еуропаның іргелі мемлекетімен стратегиялық байланыстарды нығайту жолында тер төкті. Бұл кезеңде саяси-экономикалық қарым-қатынастарды реттеп қана қоймай, қазақ елінің мәдениеті мен руханиятын кәрі құрлық төрінде насихаттауға күш салды. Е.Асанбаевтың елшілік қызметіндегі айрықша еңбегі ретінде оның Берлин қаласынан ұлы Абайдың есімін иеленген көшенің ашылуына ұйытқы болғанын атап өткен жөн.
Ерік Мағзұмұлының өмір жолы – тағдырдың тауқыметіне қайыспай, білімнің шыңына ұмтылған, сол арқылы ұлттың мүддесіне қызмет еткен шынайы зиялының өнегесі. Тәуелсіздіктің алғашқы белесінде ол лауазымды шенеунік қана емес, мемлекеттің ертеңін стратегиялық тұрғыдан болжай білген қайраткер ретінде танылды. Ел егемендігі жолында абыроймен қызмет еткен тұлғаның есімі ұмытылмақ емес.