Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингі деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялады.
Ынтымақтастық аясында тараптар радиациялық жағдай туралы деректер алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға міндеттенеді. Сонымен қатар радиациялық жағдайдың жай-күйі мен ондағы өзгерістер туралы маңызды ақпаратты ұсыну, сондай-ақ радиоактивті заттардың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі туындаған жағдайда, оның ішінде үшінші мемлекеттердің аумақтарымен байланыс-ты жағдайларда деректер алмасу қарастырылған.
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырып, баяндама жасады.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір министрлікке қарасты «Қазгидромет» ұлттық қызметі еліміздің барлық өңірінде орналасқан селитебті аумақтарда бета-белсенділікті және гамма-сәулені өлшеу арқылы радиациялық фон деңгейіне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте еліміздің географиялық орналасуын ескеріп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында радиациялық мониторинг деректерімен алмасудың бірыңғай тетігін енгізу – цифрлық заманның өзекті талабы. Сонымен қатар халықаралық қоғамдастықта осы саладағы өзара іс-қимылдың ұқсас әдістері қолданылатынын айта кету керек, – деді Е.Нысанбаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, ұсынылған келісім жобасына сәйкес, одақтас мемлекеттерге еліміздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана беріледі. Бұған қоса келісімді іске асыру барысында нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы қажет етілмейді.
– Аталған құжатты ратификаттау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіпке шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Е.Нысанбаев.
Сондай-ақ Каспий теңізінің түбімен кабель тартып, сол арқылы «Жасыл энергетикалық дәліз» құрып, елімізді Еуропамен энергетика саласында жақындастыратын іргелі іске қатысты да заң жобасы қаралды. Яғни Парламенттің төменгі палатасы «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылдады.
Аталған келісімге Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары 2024 жылы 13 қарашада Баку қаласында СОР-29 конференциясының алаңында қол қойған.
– Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең өршіл энергетикалық жобалардың бірі және осы жобаның ауқымдылығы мен өңірлік маңыздылығын атап көрсетеді. Атап айтқанда, «Жасыл энергетикалық дәліз» құру Қазақстан үшін Каспий теңізі арқылы Еуропамен іргетас қалайды, – деді құжатты таныстырған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға, жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық нарықтарға экспортты кеңейтуге бағытталған.
Қысқасы, осы келісім арқылы тараптар үшжақты энергетикалық ынтымақтастықтың тұрақты моделін қалыптастыруға және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ұзақмерзімді өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Сонымен қатар жасыл электр энергиясын орнықты әрі болжамды түрде экспорттау үшін Орталық Азия мен Әзербайжанның энергетикалық жүйелерінің өзара байланысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев жобасын таныстырған «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейте түседі. Мәжіліс ратификатталған құжаттың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың кешенді дамуына қосымша серпін беру. Онда саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми, технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың түрлі нысандары мен те-тіктерін жетілдіру қарастырылған. Сондай-ақ кәсіпкерлік пен өзге де экономикалық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады.
Заңда көрсетілгендей, тараптар екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен өзара одақтастық қатынастарына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.
Бұған қоса құжатта парламентаралық ынтымақтастықты нығайту көзделген. Ол үшін парламентаралық достық топтарының жұмысын жандандырып, парламентаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс күшейтіледі.
Жалпы, тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді бірге талқылау және шешу үшін негізгі тетік деп санайды.
Палатаның жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев жаңа Конституция жобасындағы қызу талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде қоғамға үндеу тастады.
Нартай Сәрсенғалиев Ата заң алғаш қабылданып, қызмет атқарғанына да отыз жыл толғанын, әрі біршама уақыт өтіп, талап та күшейгеніне тоқталды.
– Жаңа Ата заң апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы алып атыраптағы халық әр түзетуді, әр тармақты, әр бапты саяси сүзгіден өткізді. Тікелей эфирге көз салған көпшіліктің ұсынысы да көп болды. Себебі халық заңның темірқазығына жүрдім-бардым қарамайды, мұқият зерделейді, – деген ол жаңа Конституцияны жазуға әр саланың 130 маманы тартылғанын жеткізді.
Ал ұсыныс беріп, кеңес айтқан заңгерлер мен жанашыр жандарды қоссақ, бұл тізім кемі мыңнан асады. Депутат бұрынғы Конституцияны 12-ақ адам жазғанын алға тартып, цифрлардың ара салмағын салыстырды. Ал сол 12-сінің үшеуі шетелдік маман болған екен.
– Өз Ата заңыңды өзгелер тәпсірлеп бергесін оның қаншалықты халықтық екеніне қалыпты сұрақ тумай ма? Сондықтан қазір халыққа ұсынылған жаңа Ата заң жан-жақты талқыланған, талдаудан өткен құжат екенін сарапшылар да шегелеп айтты. Расында бұл жаңа Конституцияны – нағыз халықтық Ата заң деп айтуға толық негіз де, айғақ та, дәлел де жетеді, – деді Н.Сәрсенғалиев.
Сондай-ақ депутат жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастамашылық еткен саяси өзгерістердің логикалық түйіні екенін атап өтті.
– Конституцияның преамбуласындағы әр бастама, Ата заңдағы біздің тарихымыздың айшықты көрінісі, Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп қағидаты, адам құқығын қорғау, билік институттарының жаңғыруы секілді ең маңызды өзгерістердің бастамашысы, яки негізгі авторы Мемлекет басшысы екенін баса айту керек, – деді ол.
Осы ретте жаңа Ата заңды ағайынға үтір-нүктесіне дейін түсіндіру үшін депутаттар, қоғам белсенділері таңның атысы, күннің батысы жұртпен жүздескенін жеткізді. Өзі де «Amanat» партиясының бастамасымен «Халық сөзі» жобасын дайындап, автобуспен еліміздің барлық аймағын, 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланы аралап шыққанын айтты. Кездесулерге көтерілген көп мәселені Мәжіліс мінберінен атап айтып, түсіндірмесін қоса жеткізді.
Ал Депутат Никита Шаталов ел жастарына жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысудың маңызы туралы үндеу жолдады. Еліміздің жас азаматтарына, өзі құралыптас қатарластарына қарата айтылған үндеуінде Н.Шаталов Негізгі заңның жаңа жобасында қамтылған құндылықтардың бәрі болашаққа бағытталғанын, бұл тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, осы елде қалыптасқан азаматтар өмір сүретін басты құжат болатынын атап өтті