Түркияның төтенше жағдайлар және апаттар басқармасының (AFAD) мәліметінше, жерасты дүмпулері Токат провинциясындағы Никсар қаласы маңында 6,37 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкінісі Амасия, Сивас және Самсун қалаларында да сезілген.
Токат провинциясының губернаторы Абдуллах Кёклю аймақта айтарлықтай қирау тіркелмегенін мәлімдеді.
«Кейбір мектептердің қабырғасында сылақ жарықтары пайда болды, кей жерлерде болмашы зақым бар. Аумаққа толық тексеру жүргіземіз. Кейбір тұрғындар мен жатақханадағы студенттер үрейден ауруханаға жүгінді. Бұдан басқа алаңдататын жағдай тіркелген жоқ», деді Абдуллах Кёклю.
Жер сілкінісі кезінде ауыл тұрғындары қорыққаннан үйлерінен шығып, көшеге жүгірген.
Қауіпсіздік мақсатында Токат провинциясында барлық мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Соның ішінде мектептер, балабақшалар, арнайы білім беру және оңалту орталықтары бір күнге жабылды.