Технология • Бүгін, 08:45

«Mangitas» деректен шашау шығармайды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытудың негізі – елдің ғылыми әлеуетін арттыру. Бұған дейін бұл бастамалар есептеу қуатының жетіспеушілігіне байланысты кенжелеп келген. Алай­да мемлекет осы бағытқа басымдық беріп отыр­ған­дықтан, қуатты ЖИ суперкомпьютерлерін іске қосып, мәселені шешті. Күрделі инфрақұрылымды бас­қаруға қабілетті кадрлық және техникалық база қа­лыптастырды. Жаңадан жасалған фундаментал­ды модельдер мен ЖИ дата-орталықтар инфрақұрылы­мын қолдануға баса назар аударып жатыр. Қазіргі кезде нәтижелі жұмыс істеп жатқан орталықтардың бірі – «Nazarbayev university» жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты.

«Mangitas» деректен шашау шығармайды

Сурет: issai.nu.edu.kz

Институт ЖИ модельдерін жасаған және жетілдірген кезде жүйе адамзат игілігіне әрі ел мүддесіне қызмет етуі қажет деген қағиданы ұстанады. Осы қағидаларға сүйене отырып, инс­титут жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұлттық бастамаларды қолдап отыр. Мамандар технологиялық тұрғыдан озық қана емес, сонымен қатар жергілікті ерекшеліктерге сай қауіпсіз шешімдер әзірлеуге баса назар аударады.

Доктор, «Nazarbayev university» жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) бас директоры Хусейн Атакан Варолдың айтуынша, бұл салада еліміздің әлеуеті жоғары. «Мемлекет тарапынан ЖИ дамуына басымдық беру – Президенттің ЖИ технологияларын экономиканың барлық саласында пайдалану жөніндегі тапсырмасымен үндеседі. Демографиясы жас әрі жасанды интеллектіге көшу үдерісі қарқынды жүріп жатқан Қазақстан «ЖИ саласындағы орта деңгейлі ел» («AI middle powers») мәртебесіне ие болуға әбден лайық. Қазақстан жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде дамытса, әлемдік аренада бірқатар салада айқын бәсекелік артықшылыққа ие бола алады. Мысалы, жетілдірілген роботтехниканың арқасында елдің кен өндіру мен зерттеу салаларында жасанды интеллект пен роботтехниканы ықпалдастыруда аймақтық көшбасшыға айналуға мүмкіндігі бар. Нақты бағыттарға келсек, көптілді ЖИ жүйелерді, қоршаған ортаны басқару, ауыл шаруашылығы, шекараны бақылау, т.б. сияқты геокеңістікті бақылауға арналған ЖИ-ді дамыту қажет», дейді ол.

Қазір әлемдік бағыт мультимодальді ЖИ жүйелеріне ойыс­ты. Осы салада «ISSAI» айтарлықтай жетістікке жетіп, өзін аз ресурсты тілдерді қолданатын елдер мен мәдениеттерге генеративті ЖИ-ді бейімдейтін әлемдегі жетекші зерттеу институты ретінде көрсетіп отыр.

«ISSAI»-дың негізгі жобалары қатарында:

  • «Oylan» – қазақ тілінде, оның ішінде латын қарпінде, орыс және ағылшын тілдерінде мәтін, сурет және аудионы қатар өңдей алатын мультимодальді ЖИ көмекші.
  • «MangiSoz» – қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде сөзді мәтінге айналдыру, дыбыс­тау, аудару жүйесі.
  • «TilSync» – көптілді іс-шараларда қолдануға болатын ілеспе аударма жасайтын құрал.
  • «Beynele» – мәдени ерекшеліктерге бейімделген, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мәтіндік промпттардан жергілікті болмысқа негізделген бейнелер жасайтын сурет генераторы.

Отандық жасанды интеллект шешімдерін дамытудағы негізгі мәселенің бірі – деректер қауіпсіздігі. Қауіпсіздіксіз технологияның толыққанды әрі ұзақмерзімді тиімділігі болмайды. Қазір шетелдік жасанды интеллект сервистерін қолдану барысында пайдаланушының ойы, жұмыс стратегиясы және ішкі деректері ел аумағынан тыс серверлерге жіберіледі. Мұндай жағдайда ақпараттың қайда сақталатыны, қалай өңделетіні, кімнің қолында болатыны әрдайым ашық айтыла бермейді. Осының алдын алу мақсатында «Mangitas» жүйесі әзірленген. «Mangitas» – барлық отандық жасанды интеллект өнімін интернетке қоспай-ақ, толық жабық желіде іске қосуға мүмкіндік беретін автономды ЖИ сервер. Жүйе бұлтты сервистерге тәуелді емес әрі барлық дерек пайдаланушының өз бақылауында сақталуын қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар