«Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, ел аумағындағы синоптикалық жағдайға кетіп бара жатқан циклон мен антициклон сілемі әсер етеді. Соның салдарынан Қазақстанның солтүстігі мен шығысында түнгі уақытта қар жауады.
Ал күндіз республиканың батыс бөлігінде жауын-шашын және, қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Мамандардың мәліметінше, елдің қалған аймақтарында антициклон ықпалы сақталып, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады.
Дегенмен синоптиктер республика аумағында бірқатар қолайсыз құбылыстар болуы мүмкін екенін ескертеді. Атап айтқанда, кей өңірлерде тұман түсіп, жел күшейеді. Солтүстік пен шығыс облыстарда жаяу бұрқасын болуы ықтимал.
Батыс аймақтарда желдің күшеюімен бірге шаңды дауыл тіркелуі мүмкін. Мамандар ауа райының мұндай құбылыстары жол қозғалысына және күнделікті тіршілікке әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отыр.