Әскер • Бүгін, 15:53

Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру басталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Биыл көктемде 21 мыңнан астам жас азамат ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдардың қатарын толықтырмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру басталды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 17 наурыздан бастап өңірлердегі шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті. Комиссияларға әкімдердің орынбасарлары жетекшілік етеді.

Қарулы күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, генерал-майор Алмас Исабековтің мәліметінше, 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы азаматтар әскерге алынады.

«Биыл көктемгі шақыру аясында 21 мыңнан астам азаматты әскерге алу жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңнан астамы Қарулы күштерге, 7 мыңнан астамы ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуығы Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі», деді ол.

Шақырылушыларға хабарлама SMS және eGov порталы арқылы кемінде үш күн бұрын жіберіледі. Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып саналады. Шақырту алған азамат белгіленген уақытта жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті.

1 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру басталады

Қорғаныс министрлігі әскери есеп жүйесін цифрландыруды жалғастырып жатыр. «Smart военкомат» жобасы аясында шақырылушылардың деректері толық автоматтандырылған. Жүйе азаматтарды тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде есепке қояды, 17 жастағы жасөспірімдерді тіркейді, сондай-ақ кейінге қалдыру немесе босату рәсімдерін электронды түрде жүргізеді.

Осы жүйенің нәтижесінде 2025 жылы 457 мыңнан астам адамға кейінге қалдыру берілген. Сонымен қатар әскерге шақыру туралы бұйрықтар да электронды форматта рәсімделеді. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілерге несиелік демалыс беру үшін деректерді кредиттік бюроларға автоматты түрде жолдауға мүмкіндік береді.

Медициналық тексеру процесі де цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. «E-Medосмотр» жүйесі арқылы шақырылушыларды куәландыру Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында кеңінен енгізілген. 2025 жылы 17 мыңнан астам азамат медициналық тексеруден цифрлық форматта өткен.

Президент 2026 жылғы әскерге шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Мерзімді әскери қызмет өткеретін азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, олар несиелік демалысқа ие болады және ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсе алады.

«2023 жылдан бері 9 мыңнан астам сарбаз ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына қабылданды. Тек 2025 жылдың өзінде бұл мүмкіндікті 3 300 әскери қызметші пайдаланды», деді Алмас Исабеков.

Сондай-ақ 20 мыңнан астам әскери қызметшіге шамамен 8,8 млрд теңге көлемінде несиелік демалыс берілген. Қызмет барысында сарбаздар оқу орталықтарында түрлі жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.

Шопандар мен бақташылардың балаларын әскерге шақыру кейінге қалдырылуы мүмкін

Генерал-майордың айтуынша, шақырудан жалтару немесе дәлелсіз себеппен шақыру пунктіне келмеу заңмен қудаланады. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік, ал әскерден жалтарғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар