Адамата жаралғалы бері өлермен ібілістің өзімшілдігінен басталған зұлымдық пен жамандық атаулы адам ұрпағы қасіреті мен қасиеті мың қатпар жұмбаққа айналған жердің құшағына тарар кезеңде Абыл мен Қабылдың ортасына от тастаумен жалғасыпты. Содан бері миллиондаған жыл өтіп, адам санасы неше алуан авангардтық кезеңдерді, зұлмат соғыстарды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күндерді бастан кешіп келе жатса да ақ пен қараның шайқасы бір тоқтамапты. Бір жағынан ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты тайталастырып қойса, екінші жағынан адам мен адамды бақталастырып, одан өтсе жалғыз кісінің өзін өзімен алыстырып қойған қос ұғым, сірә, махаббат пен ғадауат майдандасқан дүниенің ақырғы сәтіне дейін дамыл таппайтын болса керек. Міне, адамзат ғұмырындағы гамлеттік сауалдардың біріне айналған осы өзекті мәселелер Төлен Әбдік шығармаларының өне бойына арқау болып келеді.
Әдетте адам жанының терең психологиялық қырларын індете зерттеген көрнекті қаламгердің шығармалары философиялық пайымға, психологиялық талдауға және болмыстың күрделі табиғатын ашуға арналған. Сондықтан болса керек, жазушының көптеген туындысында кездесетін терең тақырыптың бірі – тұлғаның екіге жарылуы, адамның ішкі дүниесіндегі қарама-қайшылықтар мен рухани тартыс. Тұлғаның екіге жарылуы – адамның санасында бір-біріне қарсы екі түрлі ой, сенім немесе мінездің қатар өмір сүруі десек, мұндай жағдай көбінесе адамгершілік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық, ар-ождан мен жеке мүдде арасындағы күрестен пайда болады. Әдебиетте бұл құбылыс кейіпкердің ішкі әлеміндегі терең иірімдерді көрсету үшін қолданылады. Төлен Әбдік осы тәсіл арқылы адамның ішкі жан дүниесін, психологиялық күйзелісін, моральдық таңдауын шебер бейнелейді.
Бір-бірімен арбасқан, өзара дауласқан кейіпкерлерінің үніне құлақ тоса отырып, дүдәмал күй кешесің. Кейде жаратылыстың заңдылықтарын алға тартып, күн мен түн сияқты жымдаса алмасқан жақсылық пен жамандықты қатар ақтап алуға тырысқан пысықайдың сөзі қисынды, логикасы тастай болып көрінеді, әйткенмен, ақиқат пен әділетті жақтап шыр-пыры шыққан періште-пейілдің жүрек лүпілін сезгенде, әлгі ойдан лезде арыласың. Зұлымдықтың қандай түрін де әсте ақтап алуға болмайтынын ұғасың. «Сәл-пәл арамдық араласқан адамдық, сәл-пәл әділетсіздік араласқан әділдік, сәл-пәл алаяқтау махаббат болмайды» деп кесіп айтады автор. Өйткені адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әділетсіздікке еті үйренуі – ең зиянды, ең қатерлі дағды.
Жалпы алғанда, Зигмунд Фрейдтің психоанализ теориясымен үндес жатқан тұлғаның екіге жарылуы мәселесі әдебиетте адам жанының күрделілігін көрсету үшін қолданылатын көркемдік тәсіл екені белгілі. Осы тақырыпты қаузаған Роберт Льюис Стивенсон, Федор Достоевский, Эдгар Аллан По, Франц Кафка, Альбер Камю сынды жазушылар тұлғаның екіге жарылуын әртүрлі қырынан көрсетеді. Бірінде бұл құбылыс адамның мән іздеуі, пенденің бойындағы жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресі ретінде суреттелсе, екіншісінде психологиялық күйзеліс, қоғамдық қысымның көрінісі, экзистенциалдық дағдарыс ретінде сипатталады. Мәселен, Роберт Льюис Стивенсонның классикалық туындысында бір адамның бойында пайда болған доктор Джекил – қоғамға пайдалы, мәдениетті адам болса, мистер Хайд – зұлымдықтың бейнесіне айналады. Федор Достоевскийдің «Қос» («Двойник») атты шығармасында Голядкин – бірі тұйық, өзіне сенімсіз, ал екіншісі епті, табысты, қоғамға бейім қос тұлға ретінде сипатталады. Сол арқылы қаламгерлер екіге жарылған адам болмысының күрделі әрі қайшылыққа толы табиғатын шынайы әрі әсерлі түрде ашады, оқырманға өз ішкі дүниесіне үңіліп, моральдық таңдаудың маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Қазақ әдебиетінде Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы да осы тақырыпты қаузайды.
Осы тәсілдің озық үлгілерін Төлен Әбдік шығармаларынан байқаймыз. Төңірегіндегі адамдардың жан-түршігерлік оқиғаларға тітіркенбей, шімірікпей, ештеңе болмағандай жайбарақат жүруі қаламгердің зәресін ұшырады. Сондықтан формациялар өзгерген тұста қазақ қоғамының есеңгіреп қалғанын көріп, күні кеше ғана Құдайдай сеніп, мызғымастай көрінген темір құрсаулы, болат бұғаулы идеологияның әп-сәтте күлі көкке ұшқанын тұла бойымен сезініп, есінен айырыла жаздаған тоғышарлықтың «жан даусын» естігенде жазушының «Парасат майданы» сияқты шығарма жазбауға хақы жоқтай көрінеді.
Шығармадағы кейіпкер күнделігінде жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен мейірім оқырманның өзін ала-құйын күйге түсіреді. Бейтаныс екі адамның арасындағы диалог, бір адамның ішкі менімен арпалысы болуы мүмкін екенін ойлағанда, екі формацияның арасында тұрып, не істерін білмей дал болған халықтың күйі есіңізге түседі. Қасиет тұтқан құндылықтары аяқ асты болған, ақыры өзі де қиянатқа барған, жемқорлыққа еті үйренген, ұрлыққа ортақ болған, жақсы мен жаманды айыра алмай былғанған, сөйтіп «алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп өзін ақтап алуға ұмтылған, ойы онға бөлінген әрі-сәрі қоғамның қасіреті.
Әрине, бұл жалқыны айтып отырып, жалпының қалпына алаңдау болатын. Әрбірден соң, бір халықтың ғана емес, күллі адамзат алдындағы екі айрық жолдың басында қайсына түсерін білмей тұрған күмәнді һәм қауіпті таңдауды ойлайсыз. Жаны таңғы шықтай таза жазушының кейіпкері «Дүниедегі ең жаман нәрсе – бірыңғай жалғандық емес, шындық араласқан жартылай жалғандық. Ең қатерлі адам – аз да болса жақсы қасиеттері бар жексұрын» дейді. Өйткені жартылай шындыққа иланып, екіжүзді сипатқа сеніп қалуыңыз, оны тіпті, ақтап алуға тырысуыңыз кәдік. Сондықтан өтіріктің аз-көбі, ұрлықтың үлкен-кішісі болмайтынын ұғынып, адамдық пен арамдық арасында жүрген пысықай қосмекенділерден жиренеді. Оған қосылып сіз де жамандықты жек көріп, жақсылыққа мадақ айтасыз. Ізгілікті іздейсіз. Зұлымдықты өз атымен атайсыз. Тазалықты аңсайсыз. Бұл сол жоғарыдағы жақсылықты жамандықтан жасаудың жолы болып шығады.
«Ұлы трансформация» атты іргелі еңбегі арқылы ғылымға «Қос қозғалыс» теориясын ұсынған социолог Карл Поланьидің пікірінше тарихи кезеңдерде бүйірден қысқан нарық пен қалыптасқан құндылықтар арасында қалатын қоғам өзін-өзі қорғау түйсігі арқылы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады. Расында, тоналған – табылар, дүние – оңалар; бәрінен жанға батары – біз тоқсаныншы жылдардың топалаңында адалдық, әділдік, тазалық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттеріміз бен құндылықтарымызды жоғалтып ала жаздағандаймыз...
Осы екі таңдау тұрған кезде адам баласы жүрер жолын, басар соқпағын ақылымен таңдап алмаса, дел-сал күйге түседі. Өзімен өзі хат жазысқан психологиялық өзгерістер бір ғана адамның тағдырын опат қылмайды. Бұл уақыт өте келе ұлттың қайғысына душар қылатын, халық ретінде сақталуына қауіп төндіретін кесапат. Ол кесапатты жеңуге бола ма? Қаламгердің пікірінше, оның емі – ізгілікке сену, жақсылықты жолдас ету, парасатты мұрат тұту. «Бәрін көріп, біліп жүріп, жақсылыққа деген сенімді жоғалтпау – бақыт емес пе?» Осы ретте шығарманың:
«Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың,
жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе...»,
деген Мұқағалидың жыр жолдарымен аяқталуы бекер емес. Жауыздықтарды жойып, жамандықтарды көрге көміп кету үшін өзін құрбан етуге даяр ақынның сөзі адамгершіліктің манифесі іспетті. Адалдық пен адамдықты, ізгілікті ту еткен, өзгелердің бақыты үшін өмір сүрген, шынайы достық жолында өз махаббатынан бас тартқан Мұрат («Біз үшеу едік») «Адам төзгісіз қаталдықпен жау қолынан қаза тапқан Иса пайғамбардың жеңілісі ақыры адамзат үшін ұлы жеңіс болып шыққан жоқ па?» дейді емес пе? Расында әр пенде өлермен өзімшілдіктен бас тартып, өзгені өзекке теппей, тежеусіз нәпсісін тыйып, ындыны ынсапқа келіп, рухын шыңдаса – ізгіліктің салтанат құрғаны. Бұл ретте қаламгердің «Адам құрыса – шегіне жеткен рухани азғындықтан ғана құриды. Ол «мен» деген тойымсыз, өлермен өзімшілдік ауруынан басталады. Егер бүкіл «мендер» қосылып, парасатты «Бізге» айналса, адамгершілік қағидаларын іске асыру әлдеқайда жеңіл болар еді» деген сөзіне еріксіз келісесіз...
Бір адам бойында екінші тұлғаның пайда болуы, тұлғаның екіге жарылуы – психика патологиясы. «Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, мейірімсіздік, іштарлық – патология емес пе?» деп сұрайды автор кейіпкері арқылы. Еріксіз ойланасың. Мейірімге сусаған қатыгез қоғамдағы арсылдаған агрессия алқымыңнан ала түседі. Оның жауабы «Оң қол» әңгімесінен табылады. Оң қол – адамның бойындағы қараңғы, бақылауға келмейтін тылсым күштің символы. Басты кейіпкер – бейкүнә бойжеткеннің оң қолы өз еркінен тыс әрекет жасап, кейде өз иесіне қарсы әрекет етеді. Көрікті қыздың көркем ойы махаббатты, іңкәрлікті қаласа, генетикалық сана арқылы басқарылатын оның оң қолы мүлде басқа, озбыр әрекет жасауға ұмтылады. Бұл жағдай сырттай қарағанда медициналық немесе психологиялық құбылыс болып көрінгенімен, жазушы оны терең философиялық мағынада көрсетеді. «Қиянат жасаудың мың түрі бар, ал қиянат жасамаудың түрі біреу-ақ, ол – тек қиянат жасамау» дейді қаламгер. Сол арқылы обал, сауап деген ұғымдарды қайта пайымдауға шақырады. Бойыңды ғана емес, ойыңды да таза ұстамасаң бір кездегі қатыгездіктің ұрпағыңа дейін жалғасатынын меңзейді. Адамның тағдыры – қоғамның тағдыры десек, жазушы тек ел, жер деп қана күреспе, алдымен зиянды қылықтан құтыл, әрбірден соң, өзіңнен баста дейтіндей.
Табиғаты жұмсақ жазушы қолына қаламын алғанда қатал жанға айналады. Ымырасыз. Үкімі қатқыл. Шығармаларындағы ширыққан шешімдерінде дендеген дерт – аңдыған жау сияқты, алмай қоймайды. Сондықтан өз қолының құрбанына айналған албырт Алмаға қалай қайғырсаңыз, ақыл азабын арқалап, дүниеден тиянақ таппаған Робертті де жоқтайсыз. Бұл ретте «Ақиқат» – шындық пен жалғанның шекарасы араласып кеткен жасанды дүниенің өтірігі мен опасыздығынан, сұрқай әлемнің палатаға ұқсас кейпінен таза болмыс арқылы ғана құтылудың жолын суреттейді. «Үлкен аурухана ашып, оған өзімшілдерді, опасыздарды, жағымпаздарды, қаскүнемдерді, өсекшілер мен күншілдерді жатқызу керек» дейді Роберт. Әлдебір тылсымның кілтін тауып, көріпкелдік қасиет дарыған ол ізгілік іздеп үңілген діндар әкейдің көзінен де, сүйікті жарының сөзінен де опасыздықты көреді. Даңғаза даңқты, тарихта қалуды емес, кіршіксіз адам болуды аңсайды. Жаны байыз тапқан жүректің тыныштығын қалайды. Сондықтан оның «бала күнімде бақытымнан айырылыппын» дейтін сөзі ойландырады.
Көркем шығарма – көркем ойдан туады. Көркем ойлау, әрине, тіршілік дүниесінен бір саты жоғары көтеріліп, парасат биігінен көз салу деген сөз. Көркем ойлайтын, кесек сөйлейтін, кешегі кеңестің кезеңнің өзінде талғамы биік эстет ретінде ғана емес, әділет пен ақиқат жолындағы парасат майданының жалаугеріне айналған жазушыны жеке адамның тағдырын айтып отырып, адамзаттық құндылықтарды қопара жазған санаулы қаламгердің бірі ретінде бағалаймыз. Бұл ретте ойшыл жазушының қай шығармасы да әлем классиктерімен қатар, иықтасып тұрады. Бәрі қолынан келгенде, қиянат қылмау қолынан келмеген баласына қайран қыла алмай, ақыры қабірінің басында темекісін ермек етіп отырған кейіпкерінің («Қыз Бәтіш пен Ер Сейіт») болмысы да өмірдің өзінен алынып, халықтың өзінен мысал ғып, өзіне ескерту. Төлен ағаның шығармаларының өне бойындағы жамандықпен күрес, әділет пен парасатқа ұмтылыс, ізгілікке іңкәрлік ешқашан тоқтаған емес. Қаламгер-қайраткер ағаның қоғамдағы бойкүйездік, біздің күнде көріп, етіміз үйреніп кеткен жағдайларға ұлттық көзқараспен қарай алатындығы ең үлкен артықшылығы болса керек.
Кейде өмірдегі қайшылықты, дүдәмал дуализмді біз қолдан жасайтындаймыз. Мұны жазушының «Тұғыр мен ғұмыр» шығармасын оқып отырып, тағы бір түйсінесің. Әуелі репрессияға ұшыраған, одан қан майданда тұтқынға түсіп, тозақтан өткен, сонда да нақақтан сатқын атанып, итжеккенге айдалған, көрмеген құқайы жоқ кейіпкер ақыры туған еліне жеткенде өзінің еңселі тұғырын көреді. Алайда тұғырдағы тұлғаның өмірбаяны мүлдем басқа – соғыста ерлікпен қаза тапқан. Осылай советтік идеология қолдан батыр жасаған. Ешкімге керегі жоқ ерліктер жасаған жалған батырдың тұғыры. Ал бұл бейбақ өзінің өлмегенін, қыл көпірден аман өткенін дәлелдей алмайды: өйткені елге боямасыз шынайы ғұмыр емес, өздері мақтанатын, балалары гүл шоқтарын қоятын тас тұғыр керек. Міне, шындық пен өтірік, шынайы тарих пен қолдан жасалған миф арасындағы қайшылық. Өкінішке қарай мұндайда қоғам көбіне жайсыз шындықты емес, желпіндірер мифті таңдайды.
Шығармаларында психологиялық, әлеуметтік тереңдікпен бірге толстойлық философия бар қаламгер «Қайырсыз жұмадағы» бірінші хатшы мен екінші хатшының арасындағы әңгіме арқылы да тұрлаусыз тірліктегі өмірлік шындықтарды үлкен пайым-парасатпен екшеп жазады. Бірер сәт бұрын ғана алдына келгенді көзіне ілмей отырған дүр басшы әп-сәтте ешкімге керексіз, ештеңеге ебі жоқ дәрменсіз пендеге айналып, өмірден өтіп кетеді. Ал ештеңеден хабары жоқ жесірі оның есімін мәңгіге қалдыру үшін жанталасып жатады. Осылайша, кеңестік шенеунік қайраткер ретінде дәріптеліп, ол туралы мадақ мақалалар жазылады, есімі көшеге беріледі, еңселі ескерткіші орнайды. Бұл – біз көріп, куә болып жүрген ащы шындық. Төкең осы ойдың жалғасын «Ұры мен ұлы» пьесасы арқылы да қаузайды. Бүгінгі қоғамымызда орын алып жатқан келеңсіз жайттардың бәрі сонда сөз болады. Үйіне түскен ұрымен әңгімелесе келе үй иесі де ақырында ұры болып шығады: өз ойлары мен еңбектерін өзгелерден ұрлап, сол арқылы табысқа жеткен. Сонда нағыз ұры кім? Күнделікті өмірде етіміз үйреніп кеткен, бірақ маңызды сұрақ. Осындай әдетке айналған әділетсіз көріністер жазушы жанын жегідей жейді.
Философ-жазушының «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармасын кеңес өкіметі билеп-төстеп тұрған кезде жазып, аз ұлттардың жанайқайын күллі әлемге паш етуі нағыз ерлікке тең. Неге екені белгісіз, бала кезде оқыған, Киякудың тағдырына алаңдатып, қамықтырған бұл шығарманы шетелдік автордікі деп ойлап жүріппін. Араку тайпасының ғана емес, адамзат тарихында жойылудың шақ алдында тұрған қаншама ұлттың, халықтың тағдырын арқау еткен бұл туындыны Бексұлтан Нұржекеұлы кеңестік кезеңде қазақты оятқан шығармалардың бірі деп бағалапты. Расында әйгілі Шукшиннің қырқыншы синоним қағидатымен оқитын болсаңыз, сол деңгейде тұжырым жасауға мүмкіндік беретін терең шығарма. Әлемге әйгілі дәрігер Эдуард Бейкер өз тайпасының соңғы тұяғын құтқара алмайды. Мұндағы басты мәселе, дәрігердің кешіккенінде, болмаса, дерттің асқынғандығында ғана емес. Дәрігер – жалғыз, сондықтан дәрменсіз. Оған шарықтап тұрған атақ-даңқы да көмектесе алмайды. Мәселе осы. Соңында әке алдында берген антын орындай алмаған ол өзін тіпті, адам санатына да қоспайды. Егер бір ұлт ерте қимылдап, көбейіп, өзін қолға алмаса, кешігу сол болады. Ал дерт, індет – бұғаулық. Құдайға шүкір, қазақтың басына бір замандарда төнген сол дерт асқынып барып қайтты. Бұл сол заманда қазақтың санасын оятуға қағылған кезекті дабыл болатын. Бұл да жамандықпен жамандықты айтып отырып, зұлымдықпен зұлымдықты айтып отырып күресудің бір жолы еді. Осы ретте айта кетерлік жайт, бір ғана «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармасын жазу үшін үнді тайпасының өмірін, ауыз әдебиетін, өсімдіктерді, Амазонкадағы балықтарды зерттеуге үш жылын сарп еткен жазушының табандылығы нағыз шеберге лайық жұмыс.
Шығармашылық арқауы адалдық пен адамдыққа, тазалық пен адамгершілікке, арлылық пен арылуға құрылған Төлен аға ақиқаттың алдаспаны іспетті пайым мен парасатқа қапысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан «Адамдықтың бәйгесіне атыңды қос, озсаң да – олжалысың, қалсаң да – олжалысың» деген сөзді шығармаларына ғана арқау етпей, өмірлік кредосына да айналдырған абзал ағаны ақыл ойдың азабын арқалаған, Абай айтқан айнымайтын анық адам деуге болады. Парасат майданының майталманы, сара сөз сардары қаламынан әлі де талай кесек туынды туа берері анық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Сенат депутаты