Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Ордабасы ауданы орталығындағы «Самұрық» аллеясында бір мезетте 50 балдырғанның тұсаукесер рәсімі өтті. Аудан әкімдігі, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер салт-дәстүрге сай балдырғандардың тұсауын кесіп, ақ баталарын берді. Қазақ халқы үшін тұсаукесер – бала өміріндегі маңызды әрі тамыры терең дәстүрлердің бірі. Бұл рәсім баланың өмір жолы ашық, қадамы берік, болашағы жарқын болсын деген ізгі ниеттен туған. Жиналған көпшілік балдырғандарға ақ тілегін арнап, жылы лебізін білдірді.

Ал Түркістан қалалық мәдениет үйінде өнерпаздар қонақтарды «Ауылдың алты ауызы», «Жарапазан» сынды халық әндерімен қарсы алды. Сондай-ақ «Угайым-ай» әжелер хоры өнер көрсетіп, келушілерге «Наурыз дәмдері» ұлттық тағамдарын ұсынды. «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі «Әр ұлт әуендері» композициясын орындап, Қ.Аманбаев «Домбыра» әнін шырқады. Театрландырылған көріністе «Күн мен Түн» бейнелері арқылы табиғаттың жаңаруын бейнелейтін сахналық қойылым қойылды. Сонымен қатар Наурыз аруы, Ұмай ана, Қыдыр ата бейнелері қатысқан «Тазару рәсімі» көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар мерекелік кеш барысында «Қара жорға», «Әз Наурыз», «Балауса», «Ақ тілек» әндері орындалып, «Этностайл», «Семсер» топтары мен басқа да өнерпаздар халық әндерінен попурри шырқады. Іс-шара барлық қатысушының орындауындағы «Наурыз думан» әнімен қорытындыланды.
Түркістан облысы