Өнер • Бүгін, 07:50

Күмбірлеген көктем күйі

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай елінде «Семей көктемі» мәдени маусымы басталғалы қала сахнасынан ұлттық бояуы қанық, мазмұны терең кештер үзілмей келеді. Соның бірі – елімізге белгілі дәулес­­­кер күйші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әміре Қашаубаев атындағы мем­ле­кеттік филармонияның директоры Секен Тұрысбектің «Көктемім менің, көктемім» атты шығармашылық кеші – Семей жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Күмбірлеген көктем күйі

Бұл – Әз Наурыздың сәнін келтірген салтанаттың бірі ғана емес, күй арқылы ұлттың  ішкі әлемін жеткізген рухани кеш болды. Сахнада шырқалған әрбір туынды – көктемнің лебі, даланың тынысы, қазақы болмыстың үні іспетті. Кешке жиналған жұрттың құрамы да соған сай. Өңірдің зиялы қауымы, мәдениет саласының өкілдері, өнерге жаны жақын көрермен бір залда тоғысты.

Кеш Секен Тұрысбектің «Мәлгаждар» күйімен, «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында ашылды. Мүкейдің «Қосбасқан қоңыры», Жантөренің «Шалқымасы», Мәлғаждар Әубәкіровтің «Талас» күйлері орындалды. Сахна төрінде саз­сырнайын сызылтып Мөлдір Қисамединова «Келші айым» шығармасын жеке орындауда жеткізді. Ал оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған «Ару ана», «Ұлы дала», «Жолаушы» күйлері ұлттық сарынның кең тынысын ашып, көрерменге күйдің көркем кеңістігін ашты. Бұдан соң кеш қонағы, мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан орындаған «Асыл ана», «Қоңыр қаз», «Көктемім менің, көктемім» әндері шалқыды. Ақын Несіпбек Айтұлы мен Иран-Ғайыптың сөздеріне жазылған бұл туындыларда анаға деген құрмет, табиғат­тың жаңғыруы, адам жанындағы нәзік сезімдер астасып жатты. Сонымен қатар Айдан Бауыржанұлы, Таңат Мұқашев ән шырқады. Секен Тұрысбектің орындауындағы «Ақшәулі», «Секеннің қоңыры», «Дарабоз», «Көңіл толқыны» күйлері көрерменді ерекше күйге бөледі. Аяулым Қуанышбековамен бірге орындалған «Ақжауын» күйі айрықша шықты. Кеш соңында шырқалған «Ерке құсым» әні мен Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі концерттің мазмұнын түйіндеп, ұлттық өнердің мәңгілік тынысын тағы бір мәрте айқындап берді.

«Наурыз мерекесі деп жұртқа шуақты күндер сыйлаған болдық. Көктемнің көңіл күйін беруге тырыстық. Концерттік бағдарламаны да соған қарай ыңғайладық. Кеш көңілден шықты деп ойлаймын. Біздің Семейдің көрермені бөлек. Талғам, таным да басқа», дейді күйші.

 

СЕМЕЙ 

Соңғы жаңалықтар

Наурызнама: Бүгін – Жаңару күні

Наурызнама • Бүгін, 10:15

Мемлекетшіл жұмыс жалғасады

Саясат • Бүгін, 08:55

Елді еңселендіретін қадам

Пікір • Бүгін, 08:50

Жасампаздық бастауы

Пікір • Бүгін, 08:38

Қоғам өміріндегі өзгеріс

Пікір • Бүгін, 08:33

Дәтке қуат жасанды бүйрек

Медицина • Бүгін, 08:30