Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменімен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, Амал күнінен бастап он күн атап өтуді халық оң қабылдады. «Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе Наурызнамадағы «Ұлттық киім» күні қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті», дегені есімізде.
Мемлекет басшысы осылай ұйғарғаны нұр үстіне нұр деп білеміз. Бақсақ, мұның да сыры мен шежіресі тереңде екен. Көшпелі һәм отырықшы мәдениет салтанат құрған Ұлы даламызда Наурызды апталап, айлап тойлау ертеден қалыптасқанын тарихтың өзі әйгілейді. Қазыбек би айтпақшы, жақсылықты асыра білген елміз. Әріге бармай-ақ беріден қайырғанда, әулие Мәшһүр Жүсіптің бір емес, бірнеше жазбасында кездеседі. «Жиырма тоғыз жасымда Бұқари шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым. Дәл сегізінші күн мазаршәриф делінеді. Қожа Бәһуалдин әулиенің басындағы көлшікке қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, той тарқар болады», дейді екен. Абай, Мәшекең заманынан Наурызнама атауына ие жыл басын көбіне бай, ауқатты кiсiлер ұйытқы болып тойлаған деседі. Және суды қант татытып, көпшілік жабыла ішкен соң, бұқараның тойына айналғанын аңдаймыз.
Қазір қазақ даласында осы үрдістің бәрі сақталып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Қашаннан бері қазақ зиялыларының аузынан түспеген мейрамның бүгінгі тұжырымдамасы бұрынғы аңыз-әңгімелердегі Наурыздан бір кем соқпайды. Алғашқы, 14 наурызда Амал туады, Көрісу күні келеді, бұл уақытта күн мен түн теңелетіні былтырдан бері айтылып жүр. Расында телефоныңыздан күн шығатын мезгілмен бататын мезетті қарасаңыз, осы күні теңеседі екен. Демек, бұл көрісу кісілермен қауышу ғана емес, жылмен, күнмен, жарықпен көрісу екенін түсінуге көп ақылдың керегі жоқ. Оның үстіне қазақ осы күні бір жасыңмен демей ме? Бір жылды артқа тастап, жаңа жылға сау өтуіңмен дегенді әйгілейді.
Ескіден қандай лепес қалса да жөн-жосықсыз айтылмағаны көрінеді. Мұнан соң Наурызнаманың онкүндігінде Қайырымдылық, Ұлттық салт-дәстүр, Ұлттық киімдер күні, Шаңырақ күні, Жаңару, Ынтымақ күндерінің әрқайсының әрі жаңа, әрі ескі ғажайып мәндері бар. Бұл белгілер қазір біз осында жүрген соң біліне бермеуі мүмкін, мұндайдың қадірін шетелде Отанын аңсап жүргендер білсе керек-ті. Қалай десек те жыл басы Наурыздың тұжырымдамалық негізі кез келген саналы азаматтың көкейіне қонатынын айтқымыз келеді. Шын мәніндегі жыл келетін жарық күн, көктем мерекесі емес пе? «Ата-анадай елжірер күннің көзі» дейтін уақыт – осы. Қызуы артып күн шығады, қызықтырып гүл шығады, тастан су ағады, ағаш бүршік атады да, жаңарған әлем жан анадай шуағын төгеді.
Жыл сайын жаңа өмірге бастап, шуақ сыйлайтын табиғат ананың осындай өшпес қасиетін тойлайық та, тойласақ. Ендеше, ана жүрегінің мейіріміндей жаңа жыл тек жақсылығымен жарылқасын.