Кәсіпкер • Бүгін, 09:15

Даланың дәмі бар балмұздақ

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңаша сипатта танытатын ерекше гастрономиялық өнім өндіріле бастады. Ол – түйе сүтінен да­йында-латын балмұздақ. Еңбекшіқазақ ауданы Сарыбұлақ ауылында өндірілетін бұл десертті тұтынушылар «қазақ балмұздағы» деп атап кеткен.

Даланың дәмі бар балмұздақ

Суретте: «Қазақ қызы» балмұздағын өндіруші Азангүл Әлбосын

Атақонысқа табаны тиген күннен бастап еселеп ең­бек етіп, ел-жұртқа пайдасы бар кәсіппен айналысуды діттеген қандастардың бірі – Азангүл Әлбосын дер едік. Отанға оралған он жылдан астам уақыт ішінде отбасын құрып, жолдасы Жарқын Жұмағазымен бірлесіп кәсіптің кілтін ашты. Бастапқыда азын-аулақ ешкі мен жылқы өсіріп, оның сүті мен қымызын сатуды кәсіп етсе, уақыт өте келе ойсылқара бағуға біржола бет бұрады. Астындағы көліктерін сатып, соның қаржысына  түйе алады. Табыс табу, жетістікке қол жеткізу – өздігінен келмейтінін ойға түйген Жарқын мен Азангүл ерінбей-жалықпай ізденеді. Түйе шаруашылығын дамытуға өңірдегі осы салада тер төгіп жүрген кәсіп иелерінен кеңес алып, тәжірибе жинақтайды. Шұбат дайындаудың технологиясын меңгереді. Дайындалған өнімді өткізу де оңайға соқпаған. Алғашында адамдар көп шоғырланатын орындарды, базарларды аралап, табанынан тозып жүріп шұбат сатқан күндердегі қиындықты ешуақытта ұмытпақ емес.

Бүгінде түйе саны көбейіп, 80-ге жуықтаған. Шаруасынан шашау шығар­май, ілгерілеткен кәсіп иелері шұбат­пен ғана шектелмей, түйе сүтінен құрт-май жасап, жуық маңдағы аудан, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп келеді. Осы күні табиғи өнімге сұраныс артып, сауданың өрісі кеңейе түскені көңіл қуантады. Үш жыл бұ­рын ерлі-зайыптылар бизнес-жоспар әзірлеп, оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсын­ған. Келешегі зор жоба бірден қолдау тауып, Қаражота ауылдық округінен 220 гек­тар бос жатқан жер телімі берілген. Онда қора-жай салынған. Сонымен қатар аудан әкімі Талғат Байеділов Сарыбұлақ ауылындағы өндірісті жоғары кернеулі электр тоғымен қамтамасыз етуге, жалға алған жердің мерзімін ұзартуға атсалысқан. Көп болып қолдау білдіргеннің арқасында ойға алған жоспарлы істері кедергісіз жүзеге асып келетіндігіне ризашылығын білдірді.

р

«Түйе шаруашылығы халқымыздың тіршілік көзі болған. Оның сүтін, жүнін, терісін тұрмыста пайдаланудың пайдасы мен тиімділігі орасан зор екенін жақсы білеміз. Біз осы халықтық дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, оның болашағы бар екенін көрсеткіміз келеді. Кәсіп ашып, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға Мемлекет басшысының өзі қолдау білдіріп отыратыны үнемі қанаттандырады»,  дейді кәсіпкер.

Бір сәт те тыным таппайтын Азангүл Әлбосын қолөнермен де айналысады. Төрт түліктің төресі атанған түйенің жүнінен көрпе, жастық, емдік белбеулер тігудегі шеберлігі тұтынушыларды тәнті етеді. Он саусағынан өнер тамған ісмерлігіне қызығушылар да аз емес. Осы себепті алдағы уақытта ауыл әйелдеріне арналған қолөнер мектебін ашуды армандайды. Арман демекші, түйе сүтінен дәмі тіл үйірер «қазақ балмұздағын» жасау кәсіп иелерінің көптен бері көкейінде жүрген еді.

Жарқын жобаны жүзеге асыру жолында халықаралық курсқа қатысып, білімін шыңдайды. Балмұздақ жасауға қажет арнайы құрал-жабдық алып, өткен жылдан бастап Азангүл Әлбосын ұлттық тағам түрін дәріптейтін «Қазақ қызы» атты жеке брендімен шұбаттан балмұздақ шығара бастады.

«Ол үшін сүтті баяу қайнату керек. Бұл үдеріс 20 сағатқа дейін созылады. Сүт қоюланғанда, оған қарақат, таңқурай, шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын сынды 20 түрлі жеміс-жидектің тосабын қосамын. Нәтижесінде, дәмі сан түрлі табиғи балмұздақ дайындалады. Біз өндіретін балмұздақтар консервантсыз толықтай табиғи өнім, оның құрамында қант мөлшері де аз. Дәмі клас­сикалық балмұздақтан еш кем емес, адам ағзасына пайдасы орасан зор дәрумендер мен қоректік заттарға бай», дейді ол.

р

Жоғарыда айтылғандай, табиғи құра­мы 20-дан астам дәм түрі және дәс­түр­ге негізделген тұжырымдамасы бар бұл десертті жергілікті тұрғындар бүгінде «Қазақ балмұздағы» деп атап кеткен. Жоба «Қазақтану» атты мәдени-ағартушылық бағыт аясында жүзеге асырылып отыр. Оның басты мақсаты – көне дәстүрлердің қазіргі заманмен үндесе отырып, жаңаша сипатқа ие екенін көрсету. Ұлттық ас тек тағам ретінде ғана емес, тарихты, философияны және мәдени жадыны сақтаушы құндылық ретінде қарастырылады.

Алғашында өнім Шелек ауылын­дағы шағын дүкендерде сатылса, қазір Алматы қаласындағы дәмханалар мен мейрамханаларға тапсырыспен жеткізіле бастады. Ұлттық нақыштағы қаптама дизайнын да Азангүлдің өзі әзірлеген. Өткен жылы кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, көрме қонақтарының қошеметіне ие болды.

«Елімізді әлемге танытатын басты құндылық – оның дәстүрі мен мәдениеті. Бізде ұлттық гастрономиялық брендтер болуы керек. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар отандық өнім түрлерінің көбеюіне өзіндік үлесімді қосуда аянып қалмаймын», дейді Азангүл.

Еңбек еткенге бақыт басын иетініне сенімді отбасының алдағы жоспары – түйе санын арттыру, өндірілген шұбатты бөтелкеге құятын цех ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту. Оны жүзеге асыруда қыруар қаржы керектігі, осы орайда мемлекеттік қолдау қажеттігі айқын сезіледі.

Бүгінде үш баланы өмірге әкелген Азангүл Әлбосынның негізгі мамандығы – заңгер. Атажұртқа қоныс аудармай тұрып, Қытай  елінде мамандығы бойынша қызмет еткен. Атақонысқа оралу бала күнінен бергі арманы болғанын айтқан ол, ата-анасы туған жер жайлы жиі әңгімелейтінін, ал әкесі түйе шаруашылығын дамытуы ойлайтынын тілге тиек етті. Ендеше, ата-ана үмітін ақтаған Азангүл Әлбосынның кәсібі кеңейіп, ойсылқара санын көбейту­дегі мақсатты ісінің ілгерілей беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы 

Соңғы жаңалықтар