Мереке • Бүгін, 09:12

Бакудегі отандастар Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 наурыз күні Баку қаласының орталығындағы Теңіз жағалауында көктем мен жаңару мерекесі – Наурызға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралардың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бакудегі отандастар Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті
Мерекені Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі және BI Group құрылыс холдингі ұйымдастырған. Іс-шараның ашылу рәсіміне елшілер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Баку жұртшылығы және Әзербайжанда тұратын қазақстандықтар қатысты.
баку

Іс-шараны аша отырып, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Наурызды Каспий теңізі жағалауында атап өтудің бауырлас екі халық арасындағы мәдени және тарихи байланыстардың символына айналғанын атап өтті. Дипломат биыл тұспа-тұс келген Наурыз бен Ораза айттың түркі әлеміне ортақ құндылық екеніне назар аударды. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар Әзербайжан тұрғындарына Қазақстанның дәстүрлері мен заманауи жетістіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. 

Times Square-де Наурыз тойланды: Нью-Йорк төрінде қазақтың күйі күмбірледі

Қонақтарды сондай-ақ BI Group компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі жетекшісі Әмір Амангелдинов құттықтап, бұл іс-шаралардың Баку қаласының барлық тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылғанын айтты.

Әзербайжандықтардың 20-22 наурыз аралығында Қазақстанның этномәдени мұрасымен танысуға мүмкіндігі бар. Мерекелік бағдарлама белгілі әртістердің, фольклорлық ансамбльдердің, балалар би ұжымдарының өнерін, қазақ және әзербайжан музыкасының үздік үлгілерін қамтыды.

Ерекше қызығушылық тудырған би нөмірлерінің қатарында «Қара жорға» флешмобы мен түркі халықтарын біріктіретін «Яллы» биі болды. Концерт «бұқаралық дискотекаға» айналып, Баку тұрғындары мен Әзербайжанда тұратын қазақстандықтар қазақ және әзербайжан әуендеріне бірге биледі.

Интерактивті бөлім қазақ және әзербайжан тілдерінің ортақ тамырларын зерделеуге арналған танымдық байқауларды, сондай-ақ ұлттық «арқан тарту» және «асық ату» ойындарын қамтыды.

баку

Мерекені тойлау кезінде ою-өрнек салу және ұлттық әшекейлер жасау сияқты мастер-класстар ұйымдастырылды. Дәстүрлі тағамдармен танысу да көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды. Қонақтарға мерекенің нышаны саналатын тағамдар – наурыз көже, бауырсақ, палау, жент және құрт ұсынылды.
Іс-шара аясында бағалы сыйлықтар ойнатылды. Атап айтқанда, Air Astana және Fly Arystan әуе компаниялары Баку тұрғындарына Қазақстанға әуе билеттерін ұсынды. Бұл екі ел арасындағы туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға деген ұмтылысты көрсетеді. Теңіз жағалауындағы іс-шаралар 22 наурызға дейін жалғасады және ұйымдастырушылардың айтуынша, екіжақты мәдени диалогты нығайту жолындағы маңызды белеске айналады.
Соңғы жаңалықтар