Мұндай игі іске жауапты Мансап орталығының мәліметінше, аталған жобаларға қатысуға ниетті азаматтар да, оларды жұмысқа алуға дайын жұмыс берушілер де күн сайын көбейіп келеді. Өйткені еңбек нарығында тәжірибелі мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне, өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы білікті жұмысшы мамандарға сұраныс әлі де жоғары.
«Күміс жас» бағдарламасы арқылы кейінгі төрт жылда 4 725 адам еңбекке тартылған. Жоба үш жылға есептелген. Алғашқы жылы жұмыс берушіге қызметкер жалақысының 70%-ына дейін, екінші жылы – 65%-ы, үшінші жылы 60%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші қызметкерді зейнет жасына дейін тұрақты жұмысқа қабылдауға міндетті. Ал былтырдан бері жүзеге асырыла бастаған «Алтын жас» жобасы зейнетке шыққан азаматтардың да жұмыстан шет қалмауына жол ашты. Қазірде бұл жоба аясында 470-тен астам адам жұмыс істеп жүр.
«Биыл өңірде тағы 600 зейнеткерді жұмыспен қамту жоспарланған. Жоба екі жылға арналған, бұл кезеңде белгіленген жалақының 50%-ы (бірақ ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде) мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі», дейді Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев.
«Meditsina ortalygy Sat» клиникалық орталығы 2019 жылдан бері пациенттеріне сапалы қызмет көрсетіп келеді. Аптаның жеті күнінде есігі айқара ашық медициналық мекемеде ем алушылар легі ешқашан үзілген емес. Орталықта онға жуық маман еңбек етеді. Олардың қатарында зейнет жасына жетсе де, кәсіби білігін ел игілігіне жұмсап жүрген тәжірибелі мейірбике Нұрбибі Кенжебаева бар. Мекемеде бос жұмыс орны пайда болған сәтте басшылық Мансап орталығына жүгініп, «Алтын жас» жобасы аясында білікті маманды жұмысқа қабылдауды жөн көрген. Былтыр сәуір айынан бері осы орталықта еңбек етіп келе жатқан Нұрбибі Кенжебаева қысқа уақыт ішінде ұжыммен де, ем алушылармен де тіл табысып, сенімге ие болды. Бұған дейін қалалық №4 емханада эндоскопия кабинетінде қызмет атқарған мейірбике жаңа ортаға тез бейімделгенін айтады.
«Мамандығыммен тығыз байланысты болғандықтан, бұл жердегі жұмыс маған аса қиындық туғызған жоқ. Үйде құр отырғаннан гөрі еңбек етіп, әрі өзіме, әрі бала-шағама пайда тигізсем деген оймен жұмыс іздедім. Осы орталыққа келгеніме өкінбеймін», дейді ол.
Қоғамға да, салаға да мұндай тәжірибелі мамандардың еңбектен қол үзбеуі – үлкен олжа. Себебі денсаулық сақтау ісінде біліктілік пен тәжірибе ешқашан өзектілігін жоғалтпайды.
Зейнет жасына таяғанымен, еңбекке қабілеті мен кәсіби әлеуеті әлі де жоғары азаматтарға деген сұраныс әсіресе өндіріс саласында айқын сезіледі. Қарағанды облысындағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қарағандыэнерго-жөндеу» ЖШС-ның тәжірибесі осының нақты дәлелі. 1965 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында бүгінде 200-ден астам адам еңбек етеді. Соның 21-і «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа қабылданған. Бұл – жалпы ұжымның шамамен он пайызы. Кәсіпорын қызметінің көпсалалы сипатына сәйкес мұнда дәнекерлеушілерге, токарьларға, станок операторларына, экономистерге, ағаш шеберлеріне, өзге де білікті жұмысшы мамандарға тұрақты түрде сұраныс бар. Кәсіпорын басшылығы «Күміс жас» жобасы кадр тапшылығын еңсеруде тиімді тетікке айналғанын айтады.
«Бұл бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқандар – түрлі өмірлік жағдайларға байланысты уақытша еңбек нарығынан тыс қалғанымен, кәсіби тұрғыда әбден толысқан, тәжірибесі мол мамандар. Олар жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ өндіріс үдерісіне тез бейімделіп, бірден нәтижелі еңбек ете бастайды. Мұндай кадрлар кез келген өндірісте аса құнды», дейді кәсіпорынның даму жөніндегі директоры Сергей Глухов.
Оның айтуынша, кәсіпорын тек «Күміс жас» жобасымен ғана шектелмей, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары секілді өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік субсидиялау тетігі жұмыс берушіге түсетін қаржылық салмақты жеңілдетіп, тұрақты жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.
Өндірістегі бұл үрдістің өміршеңдігін кәсіпорында төртінші жыл еңбек етіп жүрген 5-разрядты токарь Вячеслав Калининнің еңбек жолы да айғақтайды. Пандемия кезінде жұмыссыз қалған ол Мансап орталығына «Күміс жас» жобасы арқылы жүгініп, осы кәсіпорынға жолдама алған. Қазір В.Калинин салмағы бірнеше тоннаға жететін күрделі өндірістік бөлшектерді дайындаумен айналысады. Тәжірибелі маман алдағы уақытта да осы ұжымда қалып, кәсіби тәжірибесін өндіріс игілігіне жұмсауды жоспарлап отыр.
Қоғамға шын мәнінде қажет жобалардың бағасы оның аясында еңбек етіп жүрген адамдардың ісімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Алтын жас» бастамасы тәжірибелі мамандарға жаңа тыныс беріп отыр. Соның бірі – «Happy kids» қосымша білім беру орталығында жұмыс істейтін ұстаз Хадиша Жақаева. Бүгінде ол балдырғандармен жұмыс істеу арқылы өзі де рухани серпіліс алатынын айтады.
«Зейнетке шықтым екен деп қол қусырып отыруды жөн көрмедім. Әлі де қоғамға пайдам тисе деймін. Ұзақ жыл мектепте жұмыс істеген соң балалардың тілін табу маған тіпті де қиын емес. Керісінше, кішкентай балалармен араласу көңілге қуат береді», дейді ұстаз.
Х.Жақаеваның еңбек жолы «Алтын жас» жобасының басты мәнін айқын көрсетеді. Бұл бастама зейнетке шыққанымен, өмірлік тәжірибесі мен кәсіби әлеуеті әлі де мол азаматтардың қоғамнан тыс қалмай, ел дамуына үлес қосуына жол ашып отыр.
Өмірден түйгені мол, еңбекпен шыңдалған азаматтарды назардан тыс қалдырмай, олардың тәжірибесін ел игілігіне жарата білу – уақыт алға қойған маңызды міндеттердің бірі. Қарағанды облысында іске асырылып жатқан «Күміс жас», «Алтын жас» жобалары – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Бұл бағдарламалар еңбекке қабілетті жандардың әлеуетін қайта іске қосып, кадр тапшылығы сезілетін салаларға серпін береді. Тәжірибе мен жауапкершілікке арқа сүйеген ортада тұрақтылық қалыптасады. Ал тұрақты жүйе бар жерде ел дамуы да өз арнасымен ілгерілейді.
Қарағанды облысы