Жемқорлық • Бүгін, 09:00

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Transparency International жемқорлыққа қарсы күрес және дүние­жүзіндегі жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйым 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (СЖҚИ) жариялады.

Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет

Сурет: sakhara.kz

Аталған зерттеуде өткен жылы осы қоғамдық індет бүкіл әлемде, соның ішінде Еуропаның демократиясы дамыған мемлекеттерін­де де өрши түскені атап көрсетілді. Мүмкін болған 100 балдың ­80-інен астамын жинаған елдер саны бұр­нағы жылғы 8-ден 5-ке дейін азайған. 2025 жылы СЖҚИ-дің әлемдік орташа көрсеткіші 42 балл болды. Бұл – кейінгі он жыл­дан аса уақыт ішіндегі ең тө­менгі баға. Тіпті сыбайлас жем­қор­лықты тізгіндеп, озық ондыққа кірген мемлекеттердің алтауы көрсеткіштерін төмендетіп алған. Мысалы, көптен бері көш бастап келе жатқан Данияның жинаған ұпайы 2024 жылғы 90 бал­дан 89 балға дейін азайған. Люксембургтікі 81-ден 78-ге дейін (3 балға), Жаңа Зеландиянікі 83-тен 81-ге дейін (2 балға), Швейца­рия­нікі 81-ден 80-ге дейін (1 балға), Аустралия мен Ирландиянікі ­77-ден 76-ға дейін (1 балға) кемі­ген. Ал Германия былтыр ­бұр­на­ғы жылмен салыстырғанда ­2 балды көп жинап, 77 балмен озық ондықтан орын алды. СЖҚИ-ді ­­1 балға төмендетіп алған дамыған ­елдер – Америка Құрама Штат­тары (64 балға дейін), Франция (66 балға дейін), Ұлыбритания ­
(70 балға дейін).

Зерттеу жүргізілген 182 елдің ең соңында қалған «ондықтың» ішінде бұрынғыша Оңтүстік Судан (9 балл, 181-орын), Сомали (9 балл, 181-орын), Венесуэла (10 балл, 180-орын), Йемен (13 балл, 177-орын), Ливия (13 балл,177-орын), Эритрея (13 балл, 177-орын), Судан (14 балл, 175-орын), Никарагуа (14 балл, 175-орын), Сирия (15 балл, 172-орын), Солтүстік Корея (15 балл, 172-орын), Экваторлық Гвинея (15 балл, 172-орын) бар.

Жемқорларға жазасы аса қа­таң саналатын көршілес Қытай бұрнағы жылы да, былтыр да 43 балл жинап, 76-орынды еншіледі. Бауырлас, тағдырлас елдерге кел­сек, Түркия 2024 жылмен салыс­тыр­ғанда 3 балл жоғалтып, 31 бал­мен 107-орыннан 124-орынға ше­гінді. Өзбекстан 1 балдан айыры­лып, 31 балмен 121-орыннан 124-орынға сырғыды. Әзербайжан көрсеткішін 8 балға жақсартып, 30 балмен 154-орыннан 130-орынға көтерілді. Түрікменстан бұрнағы жылғыдай 17 балл алғанымен, 164-орыннан 166-орынға төмендеді. Тәжікстан да бұрынғы көрсеткіші – 19 балмен 164-орыннан 166-орынға түсті.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде былтырдан бері көш бас­таған Армения былтыр 1 балды кем алып, 63-орыннан 65-орынға ауыс­ты. Қазақстан 2 балл жоғалтып, 38 балмен 88-орыннан 96-орынға төмендеді. Беларусь те 2 балдан айырылып, 31 балмен 114-орын­нан 124-орынға ығысты. Қырғызстан көрсеткішін 1 балға жақсартып, 26 балмен 146-орыннан 142-орын­ға көтерілді. Ресей бұрнағы жыл­ғы­­дай 22 балл жинағанымен, 154-орыннан 157-орынға түсті.

Бір айта кетерлік жайт – Trans­parency International өз зерт­­те­уінде сарапшылар мен биз­нес-қауымдастықтың пікіріне сүйен­генімен, қарапайым азаматтар­­дың көзқарасын ескермейді. Мыса­лы, оның біздің елдегі Сыбай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қыз­мет ретінде Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің қарамағына беріл­ген­­дігі туралы сынымен біреу ке­ліссе, біреу келіспеуі мүмкін. Бұл шешімнің қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды шетелдік қаржыландырудың қолжетімділігіне қатысты сын­ның негізділігі де күмәнді. Бұл ретте еліміздің қолданыстағы заң­намасында «шетелдік агент» ұғымы жоқ екенін де айтқан жөн. Сонымен қатар аталған ұйым­ның мемлекеттік сатып алу, ква­зимемлекеттік сектор, жер қой­науын пайдалану және ірі ин­вестициялық жобалар бойынша мемлекеттік шешімдердің ашықтығын күшейту, журна­лис­тердің қауіпсіздігіне кепілдік беру, қоғамның билікті бақылау­ға қатысуын қамтамасыз ету, ак­тив­терді қайтару үдерісін және олардың сомасы мен жұмсалуын мүмкіндігінше ашық ету туралы ұсыныстары назар аударарлық­тай.

Шынтуайтында, елімізде жемқорлыққа қарсы күрес бо­йынша нақты да жүйелі шаралар қабылданып, тиісті нәтижесін беріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат есебінен кейінгі 3 жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 млрд теңгеден аса қаржы бөлінгендігі – соның айғағы.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық­бұзушылық саны өткен жылы 976 болған. Бұл бұрнағы жылғымен салыстырғанда 23,1 пайызға аз.

Сыбайлас жемқорлық факті­ле­рінің саны Абай облысында ­2024 жыл­ғы 58-ден былтыр 12-ге дейін (79,3 пайызға), Ұлытау облысында 24-тен 9-ға дейін (62,5 пайызға), Павлодар облысында 56-дан ­22-ге дейін (60,7 пайызға), Ақмола облысында 31-ден 14-ке дейін ­(54,8 па­йызға), Солтүстік Қазақстан ­облы­сында 33-тен 15-ке дейін ­(54,5 па­йызға), Батыс Қазақстан ­облы­сында 45-тен 24-ке дейін ­(46,7 пайызға) азайған.

Өкінішке қарай, бірқатар өңірде тіркелген сыбайлас жем­қорлық саны көбейген. Қостанай облысында бұрнағы жылғы 36-дан былтыр 54-ке дейін (50 пайыз­ға), Ақтөбе облысында 46-дан 65-ке дейін (41,3 пайызға), Қызылорда облысында 32-ден 37-ге дейін ­(15,6 пайызға), Алматы қаласында 105-тен 113-ке дейін (7,6 пайызға), Маңғыстау облысында 28-ден 30-ға дейін (7,1 пайызға) ұлғайған. Ал жемқорлықтың көптігі жөні­нен жылдағыша Астана қаласы «бәйге» бермей тұр. Былтыр елордада осы қылмыс саны 45,4 пайызға азайғанымен, 124-ке дейін ғана азайды. Жең ұшынан жал­ғасушылық Алматы облысында 27,4 пайызға төмендегенмен, 53, Түркістан облысында 42,2 пайызға кемі­генімен, 48 болды.

Жалпы, елімізде сыбайлас жем­қор­лық санының жылдан-жыл­ға азаю үрдісі байқалып отыр. Мем­ле­кеттік органдардың әртүрлі құқық­бұзушылыққа жол берген мем­лекеттік қызметшілерінің саны да өткен жылы 431-ге дейін, яғни 36,7 пайызға кеміген. Алайда Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің әр­түрлі заң бұзушылыққа ұрын­ған қыз­меткерлер саны бұр­на­ғы жылғымен салыстырған­да 16-дан 53-ке дейін (231,3 пайыз­ға) кө­бейген. Заң бұзған эко­номика­лық тергеп-тексеру қыз­метінің қыз­меткерлерінің саны 4-тен 12-ге дейін (200 пайызға), әскери қыз­мет­шілер 15-тен 42-ге дейін (180 пайызға), әкімдер 4-тен 10-ға дейін (150 пайызға), прокуратура қыз­меткерлері 6-дан 8-ге дейін (33,3 пайызға) ұлғайған. Осын­дай кем­шіліктер мемлекеттік ор­гандардан өз қатарларында тәртіп орнату және жемқорлыққа қарсы күрес жұмыс­тарын күшейтуді талап етеді.

Соңғы жаңалықтар

Тағы да тариф туралы

Мәселе • Бүгін, 08:55

Баспана салу бәсеңдеген жоқ

Құрылыс • Бүгін, 08:48

Адам құқын қорғау әлеуеті

Құқық • Бүгін, 08:38