Сайыс беташарында Қазақстан телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов сөз сөйлеп, 1966 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың үнімен эфирге шыққан радионың ұлт руханиятының кемелденуіне қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, «Шалқар» радиосының алпыс жылдық мерейтойының атаусыз қалмауы керегін айтты. Сондай-ақ Еркін Таңатқанұлы сайысқа түсуге сақадай сай тұрған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, театр майталмандары мен журналистерге ақ жол тіледі.
Басқарма төрағасының орынбасарынан кейін белгілі қаламгер, тарихшы Қойшығара Салғара жарыста бақ сынауға келген тастаяқшыларға бата беріп, алғашқы ақжолтай шарды соқты. Осылай жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ тілінде эфирге шығып келе жатқан радионың жүлдесі үшін мергендердің «жан алысып, жан беріскен» сайысы басталды.
Бірнеше сағатқа созылған тартысты ойында бірнеше азамат арнайы дипломдармен марапатталып, жүлделі үшінші орынды Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының әртісі Қуандық Қыстықбаев, екінші орынды «Хабар» агенттігінің музыкалық продюсері Талант Арғынғали жеңіп алды. Ал бас жүлде Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлының қанжығасына байланды.