Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2014 жылы елімізде алкогольді ішімдіктерді сату уақыты шектелді. Күштілігі жоғары арақ-шарапты дүкенде сағат 21:00-ден 12:00-ге дейін, ал спирттік мөлшері аз сусындарды 23:00-ден 08:00-ге дейін сатуға тыйым салынды. Мұндай шектеу бұрын жұмыс күндері сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін, демалыс күндері 00:00-ден 08:00-ге дейін қолданылатын. 2020 жылы спиртті ішімдіктерді 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тосқауыл қойылды. Оған дейін бұл шектеу тек 18 жасқа толмағандарға қатысты еді.
2019 жылы масаң күйде көлік жүргізгендерге қолданылатын жаза айтарлықтай қатайтылды. Осындай құқықбұзушылыққа жол бергендер көлік жүргізу құқығынан 7 жылға дейін айырылып, 15 тәулікке дейін міндетті түрде әкімшілік қамауға алынады. Масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзып, жол-көлік оқиғасына себепкер болғандарды 20 тәулікке дейін қамауға алу, бірден 7 жылға көлік жүргізуден шеттету қарастырылды. Нәтижесінде, арақпен бірге «ақылын да ішкен» адамдардың кінәсінен болған апат саны 2019 жылғы 622-ден 2023 жылы 426-ға дейін, кісі өлімі 138-ден 104-ке дейін төмендеді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы республикамызда мас күйде жасалған 14 276 қылмыс тіркелген болса, былтыр осы көрсеткіш 8 322-ге дейін немесе 52,3%-ға азайды. Есірткіге, уытты заттарға елтіген күйде жасалған қылмыс саны 1347-ден 765-ке дейін, яғни 56,7%-ға кеміді. Бұл деректер нашақорлықпен салыстырғанда ішімдікке тәуелділіктің қоғамға төндіретін қаупі әлдеқайда зор екенін айғақтайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамаларында келтірілген деректерге қарағанда, 2019 жылы елімізде 15 жастан асқан әр адамға шаққанда 4,8 литр таза спирт тұтынылған болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш
4,5 литрге дейін азайған. Әйтсе де еліміз арақ-шарап ішуден Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қырғызстанды ғана алға салып отыр. Айыр қалпақты ағайынның әрқайсысы орта есеппен 5 литр алкоголь тұтынған. Тәжікстанда – 0,9, Әзербайжанда – 2, Өзбекстанда – 2,6, Түрікменстанда 2,9 литрді құраған. Бауырлас Түркияда да «ащы су» бізбен салыстырғанда едәуір аз ішіледі екен – 1,8 литр. Қандастар көп шоғырланған Моңғолияда бұл көрсеткіш – 7,9 литр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде әр тұрғынына шаққанда 10,9 литрден келетін Беларусь «көш бастап» тұр. Ресейде одан сәл аз – 10,4 литр, Арменияда 5 литрден келген.
Алкогольді ең аз тұтынатын елдердің қатарынан Кувейт, Судан, Мавритания, Сомали, Ауғанстан, Бангладеш, Сауд Арабиясы, Индонезия, Мысыр, Нигер, Йемен, Пәкістан, Ливия сынды халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанатын 13 мемлекет орын алған. «Ең көп ішетін» елдердің ондығына Румыния (жан басына орта есеппен 17 литр), Грузия (14,3), Чехия (13,3), Латвия (13,1), Уганда (12,2), Германия (12,2), Аустрия (12), Сейшель аралдары (12), Болгария (11,9), Литва (11,8) енген.
«Біреуге қарап бүкірмін, біреуге қарап шүкірмін» демекші, елімізде алкогольді тұтыну біршама азайып, мас күйде жасалған қылмыс саны да әжептәуір кемігенімен, өңірлердегі жағдай әртүрлі. Спиртті ішімдікті шектен тыс ішу салдарынан қылмысқа ұрыну, әсіресе Астана қаласында жиілеп тұр. Мегаполисте мұндай қылмыс саны бұрнағы жылғы 718-ден былтыр 674-ке дейін төмендегеніне қарамастан елорда өзге өңірлерге «бәйге берген» жоқ. Қостанай (670 қылмыс), Шығыс Қазақстан (667), Ақмола (647), Солтүстік Қазақстан (621), Павлодар (608) облыстарында да мастықпен жасалған қылмыстық құқықбұзушылық көп. Шымкент қаласында осы жөніндегі көрсеткіш бұрнағы жылғы 182-ден 317-ге дейін, яғни 74,2%-ға күрт артқан. Оған көршілес Түркістан облысында 254-тен 386-ға дейін немесе 52%-ға көбейіп кеткен. Атырау облысында 175-тен 199-ға дейін (13,7%-ға), Батыс Қазақстан облысында 378-ден 452-ге дейін (19,6%-ға) ұлғайған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау, бұзақылық, әрбір төртінші тонау, жол-көлік оқиғасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысынан көбі мас күйде жасалады. Осыған орай Ішкі істер министрі Ержан Сәденов былтырғы қазанда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында алкогольді интернет арқылы сатуға толық тыйым салуды, арақ-шарапты мамандандырылған дүкендерде ғана сатуды, ойын-сауық орындарында спиртті ішімдіктерді сату уақытын шектеуді ұсынды. Бірақ бұл ұсыныстар кәсіпкерлер қауымдастығы мен кейбір мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппады. Дегенмен кейбір қоғам белсенділері министрдің бастамасын отбасылық зорлық-зомбылықты азайтудың бірден-бір жолы санайды. Егер аталған ұсыныстар қабылданса, онда еліміз алкогольге қарсы заңнамасы ең қатаң мемлекеттердің қатарына енуі мүмкін. Алайда тарих тыйым салу тәсілінің өзін ақтай бермейтінін талай мәрте дәлелдеген. Мысалы, кезінде кеңес одағының басшылары енгізген «құрғақ заң», жүзім алқаптарын жою шаралары еш нәтиже бермегені аян.
Жақында Үкіметке маскүнемдікке қарсы күресті күшейту қажеттігі туралы сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бірқатар бастама көтерді. Соның ішінде балалар мекемелері мен білім ұйымдарынан 100 метр радиуста алкогольді ішімдіктерді сатуға тыйым салған бұрынғы нормаға қайта оралу, алкоголь өнімі қозғалысын бақылау мақсатында арақ-шарапты міндетті түрде цифрлық таңбалауды енгізу, кәмелетке толмағандар мен жастар арасында ішімдікке тәуелділіктің алдын алудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныстары назар аударарлық. Бұған қоса, мүдделі орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер бүгінде еліміздегі 429 ауылдың алкогольден толық бас тартқанын, Атырау облысында арақ-шарап сатылмайтын 53 ауылда кейінгі екі жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмегенін ескеріп, осы бағыттағы үгіт-насихат жұмысын жандандыра түссе, құба-құп.
Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, өткен жылы 30 желтоқсанда қабылданған «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңның 74-бабы масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналғаны өте маңызды. Атап айтқанда, заңда психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуына байланысты мінез-құлқы бұзылған адамдарды анықтау, есепке қою және оңалту, оларға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, жергілікті атқарушы органдардың көшеде, қоғамдық орында ішімдік ішетін немесе масаң күйде жүретін адамдарды анықтауға міндеттілігі туралы талаптар көзделген. Сондай-ақ маскүнемдікке қарсы күрес мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру ішкі істер органдарына жүктелді. Бұл шаралардың қоғамды осы әлеуметтік дерттен арылтуға септігін тигізері анық.