Зерттеу нәтижесі қала тұрғындарының алкогольге ауыл халқына қарағанда әлдеқайда көп ақша жұмсайтынын көрсетті. Мәселен, 2025 жылы қаладағы отбасылар ішімдікке орта есеппен 23,2 мың теңге жұмсаса, ауыл тұрғындарының шығыны 16 мың теңгеге де жетпеген. Айырмашылық 31 пайыздан асқан.
Мамандар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі – елімізде кең таралып келе жатқан «Арақсыз ауыл» жобасы. Қазір Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі 280-нен астам ауыл алкоголь сатудан толықтай бас тартқан. Мұндай елді мекендердегі дүкендер мен кафелерде спирттік ішімдіктер сатылмайды. Жоба нәтижесінде кей ауылдарда қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Сондай-ақ қала мен ауыл тұрғындарының табыс деңгейі мен сатып алу мүмкіндігі де әртүрлі. Қала халқы қымбатырақ алкоголь өнімдерін жиі тұтынады.
Өңірлер арасында да айырмашылық байқалады. Алкогольге ең көп қаржы жұмсайтын аймақтар қатарында Қарағанды және Павлодар облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлерде бір отбасының жылдық шығыны 38,1 мың теңгеге жеткен. Алматы қаласында көрсеткіш 36,7 мың теңгені құрады.
Ал ең аз шығын тіркелген өңірлер:
- Маңғыстау облысы – 3,4 мың теңге;
- Шымкент – 4,6 мың теңге;
- Қызылорда облысы – 6,2 мың теңге.
Сарапшылар мұны өңірлердегі табыс деңгейі, урбанизация және алкоголь өнімдерінің қолжетімділігімен байланыстырады.
Статистикаға сәйкес, елде алкоголь өнімдерін сату көлемі де азайып келеді. 2025 жылы арақ өнімдерінің сатылымы 3,8 пайызға төмендеп, 83,5 млн литр болған. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында бұл көрсеткіш тағы 11,6 пайызға қысқарған.
Шарапқа да сұраныс та төмендеген. Өткен жылы оның сатылымы 17,6 пайызға азайып, 33,7 млн литрді құрады.
Дегенмен Қазақстандағы ең танымал алкогольдік сусын – сыра. 2025 жылы оның сатылымы керісінше 6,8 пайызға өсіп, 690,5 млн литрге жеткен. Бірақ 2026 жылдың алғашқы екі айында сыра сатылымы да 13,2 пайызға төмендей бастаған.
Мамандардың пікірінше, бұл азаматтардың алкоголь тұтыну әдеті өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бір бөлігі күшті ішімдіктен жеңіл сусындарға ауысса, енді біреулері алкогольден мүлде бас тарта бастаған.