Саясат • Бүгін, 11:12

«Қазақстан Халық Кеңесі» мүшелерінің өкілеттік мерзімі 4 жыл болады

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақстан Халық Кеңесі» мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық кеңесі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан Халық Кеңесі» мүшелерінің өкілеттік мерзімі 4 жыл болады

Фото: Ашық дереккөз

Министр Конституциялық заң жобасында «Қазақстан Халық Кеңесінің» жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалатынын атап өтті. 

«Конституциялық заң жобасында «Қазақстан Халық Кеңесінің» нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган Сессия болады. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар да кіреді. Сессиялар аралығында ағымдағы қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді», деді Ерлан Сәрсембаев.

Сондай-ақ министр Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтты.

«Заң жобасында қоғамның негізгі топтары – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің тең дәрежедегі өкілдігі көзделеді. Яғни, «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылады», деді министр.

«Қазақстан Халық Кеңесіне» қандай міндеттер жүктеледі?

Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Халық Кеңесі» мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылатынын жеткізді. Сондай-ақ Кеңестің Төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге, Президенттің ұсынысы бойынша және Кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылатынын айтты. Өз кезегінде, институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бір тұлғаның Кеңестің Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні туралы норма көзделгенін ескертті.

«Заң жобасының маңызды бөлігі «Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктеріне арналған. Олардың қатарына ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылауға қатысу кіреді. Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді», деді Ерлан Сәрсембаев.

Парламент Қазақстан Халық Кеңесі туралы заңды мақұлдады

Министрдің мәліметінше, Конституциялық заң жобасы қабылданған жағдайда, қолданыстағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылды деп тану ұсынылады. Осылайша Қазақстан қоғамдық-мемлекеттік өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшетін болады.

Соңғы жаңалықтар