Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары өңір болғандықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану мен заманауи технологияларды енгізу өте маңызды. Осы орайда жүзеге асырыла бастаған жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға, еліміздің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ облыстағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Республикадағы
суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер – Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін стратегиялық маңызды міндет.
Жобаны іске қосу рәсіміне қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, Қазақстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасап жатыр. «Біз үшін бұл – ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен отандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды», деді Ж.Мәдиев. Осы орайда Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары жүргізіп жатқанын айта кетелік. Олардың қатарында метеорологтер, ұшқыштар, инженерлер мен салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мүмкіндігі қарастырылып, отандық климаттық технологияларды қалыптастырудың іргелі негізі қаланып отыр.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның маңызына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Осы тұрғыда Түркістан облысының маңызы ерекше. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізіп отыр. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Кейінгі үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз», деді облыс әкімі.
Мамандар халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10–20%-ға дейін арттыра алатынын айтып отыр. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді. Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие және радиусы 5 шақырымнан аспайды, сондай-ақ ауқымды ауа райы құбылыстарын қалыптастырумен байланысты емес. Жұмысты жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста, яғни Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының солтүстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысында болуы мүмкін. Аталған жобаның жүзеге асырыла бастағанынан хабардар болған өңір тұрғындары ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстың оң нәтиже беретінінен үмітті.
Айта кетелік, алдағы вегетация кезеңінде облыстың Мақтаарал және Жетісай аудандары диқандарының қажеттілігі үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су беру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы