Қаралы хабарды алғаш болып продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында растады. Ол марқұмның «сіңлісіндей жақын адам» болғанын айтып, көңіл айтты.
Кейін Halyqstan арнасы блогердің Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде көз жұмған болуы мүмкін екенін хабарлады. Мәліметтерге сәйкес, әйелдің жағдайы операция басталмай тұрып нашарлаған. Сонымен қатар 2GIS платформасында қолданушылар абдоминопластика кезінде әйелдің қайтыс болғаны туралы пікірлер қалдырған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Бұдан кейін Threads желісінде марқұмның қызы жазба жариялап, 53 жастағы Сәуле Ермаханованың 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникада жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция барысында қайтыс болғанын мәлімдеді.
Туыстарының айтуынша, дәрігерлер операция ең көбі бір жарым сағатқа созылатынын айтқан. Алайда бірнеше сағат бойы жақындарына пациенттің жағдайы туралы нақты ақпарат берілмеген.
Марқұмның туыстары жедел жәрдемнің не себепті кеш шақырылғанын және әйелдің өмірін сақтап қалу үшін қандай шаралар қабылданғанын анықтауды талап етіп отыр. Олардың сөзінше, қайғылы жағдайдан кейін де клиника жұмысын жалғастырған.
Кейін Алматыдағы Smart Beauty Clinic ресми мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта пациент қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта болған жағдайға байланысты заңнамада көзделген барлық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау, пациенттің отбасына құрметпен қарау және тергеудің объективтілігі мақсатында ресми процедуралар аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық деректерге қатысты түсініктеме бермейміз», делінген клиника хабарламасында.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде дәл осы клиникада бес жыл бұрын да осындай операция кезінде әйел адамның қайтыс болғаны, сол оқиғадан кейін мекеменің жабылып, кейін басқа атаумен қайта жұмысын жалғастырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Осыған байланысты редакция тілшісі косметологиялық және пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникалардың лицензиясын Денсаулық сақтау министрлігі қаншалықты бақылап, тексеретіні жөнінде ресми сауал жолдады.
Денсаулық сақтау министрлігі аталған жағдай министрдің ерекше бақылауына алынғанын хабарлады.
«Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша бейінді мамандар мен аумақтық департаменттердің қатысуымен жан-жақты тексеру жүргізіледі. Медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуы, көрсетілетін қызметтердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігі, медицина қызметкерлерінің біліктілігі, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету стандарттары мен хаттамаларының сақталуы зерделенеді», деп мәлімдеді министрлік.
Ведомство инвазиялық косметологиялық процедуралар медициналық араласуға жататынын және мұндай қызметтер тек лицензиясы бар медициналық ұйымдарда білікті мамандардың қатысуымен жүргізілуі тиіс екенін еске салды.
«Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ министрлік косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға жүргізілетін мониторинг күшейтілетінін атап өтті. Ведомство пациенттердің қауіпсіздігіне, медициналық стандарттардың сақталуына және рұқсат құжаттарының болуына ерекше назар аударылатынын мәлімдеді.