Сұхбат • Бүгін, 15:15

Нитрат пен химия: Ерте піскен жемістердің денсаулыққа зияны бар ма?

3 мин
оқу үшін

Көктем мезгілі басталысымен-ақ базарлар мен дүкендерде ерте пісетін көкөністер мен жемістер пайда бола бастайды. Дәл осы кезеңде қияр, қызанақ, редис, құлпынай және басқа да маусымдық өнімдерге сұраныс артады. Жаздың бастапқы тұсында да сөрелерде самсап тұратын мұндай өнімдер тұтынушыларды өзіне ерекше тартып тұрады. Көкөністер мен жемістер дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі екені белгілі. Алайда ерте піскен өнімдердің денсаулыққа пайдасы бар ма? Осы орайда Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевпен сұхбаттасқан едік.

Нитрат пен химия: Ерте піскен жемістердің денсаулыққа зияны бар ма?

Фото: Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (архив)

– Ерте піскен өнімдердің құрамында нитрат мөлшері жеткілікті бола ма?

– Нитраттар – топырақ пен суда табиғи түрде кездесетін азот қосылыстары. Өсімдіктердің өсуі үшін құрамында нитраттардың болуы маңызды. Нитраттардың өзі салыстырмалы түрде қауіпсіз, алайда адам ағзасында олар нитриттерге айналуы мүмкін. Артық мөлшерде нитриттер қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар сезімтал келеді. Ерте пісетін көкөністер көбінесе жылыжай жағдайында өсіріледі және өсуін жеделдету үшін тыңайтқыштар қолданылады. Агротехникалық талаптар сақталмаған жағдайда, әсіресе жарық пен жылу жеткіліксіз болғанда, өсімдіктерде нитраттардың жиналуы артуы мүмкін.

Жеміс-көкөністі өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді

– Қандай өнімдердің құрамында нитраттардың мөлшері көбірек болады?

Нитраттардың жоғары мөлшері көбінесе жапырақты көкөністерде (шпинат, салат, аскөк), редисте, қырыққабатта, қияр мен қызанақта, қызылшада, кәдіде, сондай-ақ бақша дақылдарында (қарбыз бен қауында) кездесуі мүмкін.

Бақша өнімдерінің (қарбыз, қауын) сөрелерде ерте пайда болуы олардың жеделдетілген жағдайда өсірілгенін көрсетуі мүмкін, бұл өз кезегінде нитраттардың жиналу қаупін арттырады. Қарбыз бен қауынды тұтынудың ең қолайлы кезеңі – олардың табиғи пісу маусымы.

Ш. Мұқай 

Көкөністер мен жемістерді таңдау және пайдалану кезінде ықтимал тәуекелдерді азайту үшін не істеу қажет?

– Өнімнің сыртқы түріне назар аударған дұрыс (тым ірі, табиғи емес ашық түсті, иісінің болмауы өсіру жағдайларының бұзылғанын көрсетуі мүмкін). Өнімнің маусымдылығын ескеру керек, яғни, табиғи пісу кезеңіне неғұрлым жақын болса, нитраттардың артық мөлшерде болуының ықтималдығы соғұрлым төмен.

Өнімді ұйымдастырылған сауда орындарынан (дүкендер, базарлар) сатып алған жөн (мұнда өнімнің қауіпсіздігіне бақылау жүргізіледі). Қажет болған жағдайда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттарды сұратқан ләзім.

Шіріген көкөністер сатылған: Вице-министр ақтөбеліктердің шағымына жауап берді

Тұтынар алдында көкөністер мен жемістерді мұқият жуу қажет, мүмкіндігінше қабығын, тамыр бөліктерін және сабақтарын алып тастау керек, өйткені осы бөліктерде нитраттар көбірек жиналуы мүмкін;

Кейбір көкөністер үшін (әсіресе тамыржемістер) суда жібіту-қайнату нитрат мөлшерін азайтуға септеседі.

Көкөністер мен жемістер толықтай тұтынудан бас тартудың қажеті жоқ. Қарапайым таңдау және өңдеу ережелерін сақтау денсаулыққа ықтимал қауіптерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар