Фото: @erbayan2024 парақшасынан
Мәліметке сәйкес, Ербаян Мұхтар 26 мамыр күні жағдайының нашарлауына байланысты Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жедел түрде жеткізілген.
Заңгер Инга Иманбай сарбаздың жақындарымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылдың желтоқсанында түскен еді. Жас сарбаз қызмет еткен Ұлттық ұлан бөлімінің өкілдері ата-анасына оның дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан. Алайда туыстары бұл нұсқаға басынан күмән келтіріп, Ербаянның жарақатты соққыдан алғанын дәлелдеуге тырысып келеді.
2024 жылдың маусым айында Бас әскери прокуратура тергеу «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу» бабы бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Ал Ұлттық ұлан басшылығы істің ІІМ әскери-тергеу департаментінің бақылауында екенін мәлімдеген.
Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев тергеу шеңберінде бірқатар адамның тексеріліп жатқанын айтқан еді.
Қазақстан тұрғындары Ербаян Мұхтардың еміне шамамен 230 млн теңге жинаған. Ол 2025 жылдың қаңтар және қараша айларында Түркияда ем қабылдаған, ол қарашада Қазақстанға оралды.