Қоғам • Бүгін, 10:20

Психиатриялық есепке қойылған: Абай облысының тұрғыны дені сау екенін сот арқылы дәлелдеді

2 мин
оқу үшін

Абай облысының тұрғыны мемлекеттік қызметтер порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырмақ болған. Құжат рәсімдеу барысында өзінің психиатриялық есепте тұрғанын білген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Психиатриялық есепке қойылған: Абай облысының тұрғыны дені сау екенін сот арқылы дәлелдеді

Фото: Ашық дереккөз

Ер адам бұл ақпаратпен келіспей, сотқа жүгінді. Ол аурухана мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарсы талап-арыз беріп, өзін есепке қоюды заңсыз деп тануды және деректерін психикалық аурулар ұлттық тіркелімінен алып тастауды талап етті.

Істі қарау барысында аурухананың өзі тексеру жүргізді. Комиссия ер адамның есепке қателікпен қойылғаны туралы қорытындыға келген. Анықталғандай, бұл қажетті медициналық тексерусіз және белгіленген тәртіпті бұза отырып жасалған.

Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді

Осыдан кейін медициналық мекеме уәкілетті органға тіркелімдегі қате мәліметтерді жою туралы өтініш жолдаған. Алайда бұл өтініш қараусыз қалған.

Аурухана өкілінің айтуынша, ер адамның амбулаториялық картасы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған. Бірақ картаның жойылғанын растайтын құжаттар сотқа ұсынылмаған.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар тіркелімнен мәліметтерді жою үшін ер адам дәрігерлік-консультациялық комиссияның тексеруінен өтуі керек екенін мәлімдеген.

Сот іс материалдарын зерделеп, психиатриялық есепке қою заңсыз болған деген қорытындыға келді. Сот жауапкерлер бірнеше маңызды жайтты дәлелдей алмағанын атап өтті: ер адам психиатриялық көмекке жүгінбеген, толыққанды медициналық тексеру жүргізілгеніне дәлелдер болмаған, клиникалық бақылаулар тіркелмеген, сондай-ақ мұндай көмекті көрсетуге ер адамның немесе оның заңды өкілдерінің келісімі ұсынылмаған.

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру: Жаңа қызметті қалай рәсімдейміз?

Нәтижесінде Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап қоюшының пайдасына шешім шығарды. Талап-арыз қанағаттандырылып, аурухана мен денсаулық сақтау басқармасына ер адам туралы мәліметтерді психикалық аурулар ұлттық тіркелімінен алып тастау міндеттелді.

Айта кетейік, Ақмола облысына қарасты Жібек жолы ауылында өз ата-анасын, мүгедектігі бар немере ағасын және 18 жастағы қарындасын өлтірді деп күдікке ілінген 42 жастағы азаматтың бұған дейін психикалық есепте тұрғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар