Экономика • Бүгін, 08:55

Атом қуаты: Энергетикалық белеске сенімді қадам

7 мин
оқу үшін

Еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы 2027 жылы басталатын болды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов мәлімдеді. Ал стансаны іске қосу 2030 жылдардың ортасына қарай жоспарланып отыр. Екі энергоблок кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бұл – мемлекетті тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етудің маңызды қадамы.

Атом қуаты:  Энергетикалық белеске сенімді қадам

Экономикалық қуатты арттыруға бағытталған «Балқаш» АЭС – стратегия­лық маңызы бар ауқымды жоба, ол ғылыми әлеуетті, отандық өнеркәсіпті жаңғыр­туға серпін береді. Жобаның құры­лыс құны 16,4 млрд долларды құрай­ды: оның 14,4 млрд доллары – энер­го­б­локтарға, 2 млрд доллары инфра­құрылым мен қауіпсіздікке жұмсалмақ. Қаржыландырудың негізгі тетігі – Ресейдің экспорттық несиесі. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, несие капитал салымдарының басым бөлігін жапса, қалған бөлігіне отандық тарап жа­уапты болады.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұған дейін Мәскеуде «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачевпен екіжақты кездесу келіссөздері барысында «Балқаш» АЭС құрылысы жобасын іске асыру жайттарын талқылаған еді.

«Біз аталған стансаны салу бары­сында отандық компания­ларды тарту, оқшаулау мәселе­лерін, кадр даяр­лауды, жалпы ұзақмерзімді перспек­тивадағы ынтымақтастықты дамыту ба­ғыт­­тарын талқыладық. Келіссөз ба­ры­­сында мемлекеттердің мүдде­леріне, елдер арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына толық сәйкес келетін маңызды қадамдар жасалды», деген еді сол кезде А.Сәтқалиев.

Кездесу қорытындысында Алексей Лихачев «Іс жүзінде бүкіл өндірістік бағ­­дарлама орындалып жатыр. Бізге алаңды кемінде бір жыл бойы бақылау қажет. Со­ның негізінде барлық қажетті есеп әзірленіп, жоба осы нақты орын­ның табиғи, геологиялық әрі климаттық жағдайларына нақ­ты бейімделе іске асырылады», деген-ді.

Оның сөзінше, «Балқаш» стансасы­ның жобасы алаңның жергілікті ерекше­лік­терін ескере әзірленеді, атом энерге­тикасы саласындағы ресейлік техноло­гияларға негізделеді. Тараптар атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы сындар­лы диалогті жалғас­тыруға, ынты­мақтастықты одан әрі дамы­туға мүдделі екенін растады.

Технологиялық шешімдерге келе­тін болсақ, екі мемлекет арасында 2025 жылы ВВЭР-1 200 үлгісіндегі екі энергоблок са­луға бағытталған жол картасына қол қойылды. Құрылыстың белсенді кезеңін 2027 жылы бас­тау жоспарланған. Стансаны 2030 жылдардың ортасына қарай іске қосу көзделіп, энергоблоктар кезең-кезеңімен, араға шамамен 8–10 ай салып, пайдалануға беріледі. «Рос­атом» өкілдері жоба­ның халықаралық сипатына мән беріп, өзге елдердің, оның қатарында Қытай, Фран­ция, Оңтүстік Корея компания­ларының қатысуына қарсы емес екендерін білдірді.

Атом электр стансасын салу құрылыс жұмысымен ғана шек­телмейді. Осы орайда Үкімет атом саласы үшін өндірісті жергілікті орнықтыруға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл құжат отан­дық өнеркәсіпті жанданды­рып, олардың ха­лықаралық стан­дарттарға сәйкес атом жобала­рына араласуына жол аша­ды. Атап айтқанда, тауарлар мен қыз­­­мет көр­сетушілердің бірыңғай тізілімін енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекел­дері азайып, жобаның ашықтығы қамта­ма­­сыз етіледі. Бұл шаралар ша­ғын және орта бизнестің ірі инфра­құрылым­дық жобаларға белсенді қатысуына мүмкін­дік береді.

Халықаралық қауіпсіздік талаптарын сақтау – жобаның басты міндеті. Осы мақсатта Қазақстан мен Атом энер­гия­сы жөніндегі халықаралық агент­тік (АЭХА) арасында 2036 жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі Жол кар­та­сы­на қол қойылды. АЭХА бас дирек­торы Рафаэль Гросси еліміздің атом энер­гетикасын дамытудағы жауап­ты, жү­йелі қа­дамдарын жоғары баға­лап, халық­аралық стандарттарға бейілді­лігін атап көрсетті. Бұл келісім ядролық медицина, ғылым, кадр­лар даярлау бағытындағы ортақ бастамалардың негізін қалады.

Елдің энергетикалық қауіп­сіздігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі Атом саласын дамыту стратегиясын бекітке­ні бел­гілі. «Байтақ» жасылдар партиясы­­ның өкі­лі Бекберген Керейдің айтуын­ша, бұл құжат энергети­ка­лық теңгерім­ді әр­тараптан­ды­руға, көміртегі шығарын­дыла­­рын азайтуға әрі ғылыми-техно­­ло­гия­лық әлеуетті күшейтуге негіз қалайды.

Стратегия аясында АЭС салу, ядро­лық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету, уран ресурстарын игеру мен білікті мамандар даярлау міндеттері көзделген. «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Саябек­тің сөзінше, жоспарланған іс-шаралар ­заманауи ядролық кластер қалыптастыруға бағыт­талған: «Стратегияға сәйкес 2050 жылға қарай елімізде кемінде үш атом электр стансасы жұмыс істейді. Үшінші АЭС-ке шағын модульдік реактор технологияларын пайдалану мүмкіндігі зерделеніп жатыр».

Атом саласын ғылыми тұр­ғыдан қам­та­масыз ету мақсатын­да жаңа қар­жы­лан­дыру тетігі іске қосылды. Енді уран өн­ді­руден түсетін қаражаттың 1 па­­йы­зы ғы­лыми зерттеу және тәжірибелік-конструк­торлық жұмыс­тарға бағытта­лады. Бұл тәсіл қол­данбалы ғылым­ды өн­ді­ріс­тік сұраныспен тікелей ұштас­тырып, ресурс­тарды тиімді жұм­сауға және техно­ло­гия­лық әзір­лемелердің бытыр­аң­қы­лы­ғын азайтуға мүмкіндік береді. Кеңес мақұлдаған тапсырмалар Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданып, сала­лық жаңа шешімдерді жедел енгізуге басымдық берілді.

Ұзақмерзімді стратегия мен институ­цио­­налдық негіздің қалануы атом өнер­кәсібінің жү­йелі дамуына жол ашады. Ғы­лыми әлеуетті күшейту, өнді­рістік тіз­бекті кеңейту және қауіпсіздік талапта­рын жетіл­діру – елдің энергетика­лық тең­герімін тұрақтандырудың кепі­лі. Әлем­дік тәжірибедегі шағын мо­дульдік реак­торлар сынды озық үлгілерді ескере оты­рып, «Балқаш» АЭС жобасы арқы­лы энер­­гия тапшылығын жою және көміртегі шығарындыла­рын ­азайту – жаһандық даму тренд­те­ріне сәйкес келетін бастыбағыт.

Бүгінде Атом энергиясы жө­ніндегі агенттік Францияның Ядролық энергия жөніндегі халықаралық институтымен (I2EN) меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында іргелі ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау мен ядролық технологияларды тиімді қолдану бойынша тәжірибе алмасу көзделген. Француз­дық озық білім жүйесі­мен серіктестік отандық мамандар­дың біліктілі­гін арт­тырып, сала­лық тұрақты кадрлық жүйені қалыптастыруға ықпал етеді.

«Балқаш» АЭС – индустрия­лық болашағымызды айқындай­тын ірге­лі жоба. Ресейлік озық технологиялар мен өнеркәсіп әле­уетін ұштасты­ру, халықаралық қауіпсіздік стандарттары­на сай жүйелі даму эконо­ми­калық қуа­тымызды еселей түседі. Бұл – жаңа дәуір талабына жауап беретін, болашаққа бағыт­талған сенім­ді қадам.

Соңғы жаңалықтар

Бар игілік – балаларға

Балалар • Бүгін, 08:48