Елорда • Бүгін, 09:00

Елорданы еңселендірген экономикалық аймақ дамудың жауапты кезеңіне қадам басты

7 мин
оқу үшін

Еліміздегі арнайы экономика­лық аймақтар арасын­дағы көшбас­шысы – елордалық «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы. Бұл аймақ елдегі барлық арнайы экономикалық аймақтар өндірісінің 70%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр.

Елорданы еңселендірген экономикалық аймақ дамудың жауапты кезеңіне қадам басты

Жалпы мұндай аймақтардың жұмыс істеу мерзімі 25 жыл деп белгіленген. Сондықтан биылғы желтоқсан айында елордалық аймақтың арнайы мәртебесі жойылып, ол кәдімгі толыққанды индустриялық аймақ ретінде жұмысын жалғастырады.

Шаһар экономикасын әртарап­тандыру, заманауи өндіріс ошақтарын құру – бас қаланың стратегиялық даму бағытының өзегі. Бүгінде Астана ірі өнеркәсіптік, логистикалық орталыққа айналып келеді. Осы орайда шаһардағы арнайы экономикалық аймақтардың рөлі ерекше.

Бұл бағытта атқарылып жатқан ауқым­ды жұмыстар, қолға алынған соны жобалар жайында «Astana Invest» қалалық инвестициялық дамыту орталығы төра­ғасының орынбасары Сәбит Мұхам­меджанұлы маңызды деректерді алға тартты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта бас қала аумағында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді: «Астана – жаңа қала» мен «Астана-Технополис».

«Астана – жаңа қала» – елдегі ең алғашқы арнайы экономикалық аймақ. Оның басты мақсат-міндеті – елорданың сол жағалауын жедел қарқынмен дамыту. Аумағы 15 мың гектардан асады. Жалпы, сол жағалау то­лықтай индустриялық аймақ ретінде бел­гі­ленген. Құрылысты, нысандарды тездету мақсатында №1 Индустриялық парк құ­рылды. Оң жағалауда орналасқан бұл парк­тің көлемі 598 гектарды құрайды. Қа­зіргі уақытта инфрақұрылымның аяқта­лу дең­гейі 87%-ды құрайды, оны дамытуға жұм­салған шығындар 24,8 млрд теңгеге жетті.

Бүгінде №1 Индустриялық парк аумағында 130-дан астам өнеркәсіп орны шоғырланған. Онда локомотив, электровоз құрастыру зауыттары, «Штадлер» вагон құрастыру кәсіпорны, «Тау-Кен Алтын» алтын өңдеу зауыты секілді алып өндіріс ошақтары тұрақты жұмыс істеп тұр. Оған қоса, «BI Group» компаниясының модульді үйлер құрастыратын «Modex» зауыты, «Шар құрылыс» компаниясының «GLB» кәсіпорны, «Sensata» құрылыс тобының «Uniton» зауыты бар. Елорда нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуде бұл кәсіпорындардың маңызы зор.

Өндірілетін өнімдердің нарықтағы үлесі де ауқымды. Осы ретте Сәбит Мұхам­меджанұлы шығарылатын тауарлардың географиялық бағытына тоқталды.

«Индустриялық парктегі 130-дан астам кәсіпорынның 12-сі тікелей экспорт­қа бағытталған. Олар шетел нарығына электровоздар, локомотивтер, транзистрлер, мұнай саласына қажетті өнімдер, әтір­лер мен тоқыма бұйымдарын шығара­ды. Қалған кәсіпорындардың өнімдері негізі­нен Астана қаласы мен оның іргесіндегі елді мекендердің сұранысын өтейді. Кір­піш, құрғақ құрылыс қоспалары секілді материалдар бас қаланың құрылысына ба­ғытталған. Парктің негізгі идеясы да елор­даның қарқынды салынуын қамта­масыз ету болатын», дейді төраға орынбасары.

Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімі 25 жыл деп бекітілген. Биыл, 2026 жылдың 31 желтоқсанында «Астана – жаңа қала» аймағының уақыты аяқталады. Қазір бөлінген жерлер толық игеріліп, зауыттар іске қосылған, қалған 10–15 пайызы жыл соңына дейін құрылысты аяқтауды көздеп отыр. Алдағы уақытта бұл аумақ арнайы мәртебесін жойып, кәдімгі индустриялық аймақ ретінде өз жұмысын жалғастырады.

Бас қаланың қарқынды өсуі жаңа өн­ді­ріс көздерін, қосымша жұмыс орында­рын ашуды талап етеді. Осы мақсатта жер­гілікті билік жаңа жобаларды қолға алды. Нақтырақ айтқанда, «Астана-Техно­полис» аймағының шеңберінде №2 Индус­триялық парктің құрылысы жоспарланып отыр. Елордада инфрақұрылымы то­лық дамыған жаңа индустриялық, логисти­калық, аграрлық аймақтар құрылып, ша­һар экономикасына тың серпін бермекші.

Аталған жаңа өндірістік аймақтың инфрақұрылымы мен құрылыс бары­сы туралы Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басшысы Ақан Нұрғожин баяндап берді. «Жаңадан бой көтеретін №2 Индустриялық парк оң жағалауда, бұрынғы қар полигонының орнында салын­бақшы. Оның көлемі 400 гектар­дан астам аумақты қамтиды. Қазір мемле­кеттік-жекешелік серіктестік жобасы аясында «BCN Group» компаниясы жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инфрақұрылым жүйелерін жеткізудің барлық жоспары әзірлену үстінде. Биыл жобаны мемлекеттік сараптамаға өткізу көзделген, содан кейін құрылыс-монтаждау кезеңі басталады. Әкімдік жос-парына сәйкес, биыл күз мезгіліне дейін алғашқы кезеңнің жұмыстарына кірісу міндеті тұр», дейді департамент жетекшісі.

Жаңа өнеркәсіптік аймақтарды ашу идеясы кәсіпкерлер мен инвестор­лар та­рапынан түскен жоғары сұранысқа негіз­делген. Шаһардың дамуы халық­ара­лық капитал тартуға, заманауи нысан­дар тұрғызуға тікелей байланысты. Екін­ші ірі жоба – «Астана-Технополис» шеңберінде құрылатын Логистикалық парк. 200 гектарға жуық аумақты алатын бұл парк­те А және А+ санатындағы жоғары стандартты қоймалар бой көтереді. Қазір жер телімдерін анықтау, дайындау шаралары жүріп жатыр. Инвесторларға жер беріліп, олар өз қаражатына заманауи логистикалық кешендер салады.

Үшінші маңызды бағыт – Аграрлық индустриялық аймақ құру. Бұл жоба­ның мәні мен мақсатын Сәбит Мұхаммед­жанұлы былай деп түсіндірді: «Аграрлық индустриялық аймақ елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, тамақ өнер­кәсібін дамыту мақсатында қолға алынды. Бұл қадам жергілікті өнімдердің өркен­деуіне үлкен серпін бермекші. Қазір оң жағалаудағы өндірістік аймақта арнайы терри­тория белгіленіп, бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Тамақ өнеркәсібінің санитарлық қорғау аймағы үлкен болатындықтан оның маңына басқа өндірістік нысандар салуға рұқсат берілмейді. Сол себепті тамақ өндірісін бір жерге шоғырландыруды жөн көрдік. Бүгінде осы бағытта жұмыс істеуге ниетті шетелдік, отандық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, тиімді ұсыныстар дайындалып жатыр», деді ол.

Елордада жаңа өндірістік, логисти­калық, аграрлық аймақтардың құрылуы қала экономикасының әлеуетін арттырып қана қоймай, мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Инвестиция тартудың мұндай кешенді тетіктері бас қаланың тұрақты дамуының кепілі болары анық. Бүгінде елордалық АЭА-ға тартылған инвестициялар көлемі 693 млрд теңгеден, өндірілген өнім көлемі 103 млрд теңгеден асты.

Соңғы жаңалықтар