Экономика • Бүгін, 08:50

Серіктестікке серпін берген кездесу

2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді.

Серіктестікке серпін берген кездесу

Келіссөз барысында сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастықты арттыру перс­пективалары талқыланды. Атап айтқан­да, көліктік-логистикалық маршруттар­ды дамыту, инвестициялық ынтымақ­тас­тықты кеңейту тетіктері, сондай-ақ цифр­ландыру, білім беру және ­туризм сала­сындағы бірлескен жобалар қаралды.

«Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдық­тарының бірі. Бүгінде қазақ-қытай әріптестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және тату көршіліктің, өзара сенімнің және ұзақмерзімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Өткен жыл саяси диалогтің қарқындылығы тұрғысынан ерекше маңызды болды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлар мен кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектріне қуатты серпін берді», деді Үкімет басшысы.

Джон Ли жүргізілген келіссөз­дердің нәтижесі Қазақстан мен Гонконг арасын­дағы әріптестікті одан әрі кеңейтетінін айтты. Оның сөзінше, Гонконг пен Қытайдың бизнес қауымдастығы елімізді Орталық Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде бағалайды.

«Біз сіздің Президентіңіздің басшылы­ғымен қысқа уақыт ішінде қол жеткізген әсерлі, тұрақты экономикалық өсуді көріп отырмыз. Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге, ал Қытаймен қарым-қатынас стратегиялық және ұзақмерзімді сипатқа ие. Осы сапардың қорытындысы одан арғы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетіне және «хабтан хабқа» әріптестік моделін дамытудың қолайлы перспективаларына деген сенімімізді одан әрі нығайтты. Сіздің еліңіз Азия мен Еуропа арасындағы негізгі көлік-логистикалық маршруттардың қиы­лысында бола отырып, Орталық Азияда стратегиялық орынға ие», деді Джон Ли.

Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытай Қазақ­стан­ның ең ірі сауда серіктестерінің бірі сана­лады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд долларға жет­кен. Ал Қазақстан мен Гонконг ара­сын­да­ғы сауда көлемі бір жылда 40 пайыз­ға өсіп, 180 млн долларға дейін ұлғай­ған. Тарап­­тар алдағы уақытта экономи­ка­лық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шы­ға­руға мүмкіндік беретін «Қазақстан – Шыңжаң – Гонконг» фор­матындағы өз­ара іс-қимыл тетігін дамыту мәселесін тал­­қы­­лады. Бұл алаң тауарлар мен қыз­мет­­тер­дің қозғалысын жандандырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашпақ.

Соңғы жаңалықтар